Түркістанда зейнет жасындағы адамдардың салауатты өмір сүруі мен денсаулығына оң жағдай жасау мақсатында 2022 жылы «Әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» ашылып, жұмысын бастаған. Орталық сол жылы 774 адамға қызмет көрсетсе, 2023 жылы бұл көрсеткіш 2 983 адамға жетті.
Мекемеде 3 сектор арқылы тұрғындарға әлеуметтік көмек түрлері көрсетілуде. Олар: Белсенді ұзақ өмір секторында қарттарға медициналық, психологиялық, құқықтық бағытта көмек көрсетіледі, Тең қоғам секторында ерекше қажеттілігі бар азаматтарға әлеуметтік қызмет түрлері жасалса, үшінші Қамқорлық орталығында жалғызбасты, көпбалалы аналарға, әлеуметтік әлсіз топ мүшелеріне қызмет көрсетіледі.
Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек – бұл жан басына шаққандағы орташа айлық табысы облыстарда, республикалық маңызы бар қалаларда, астанада белгіленген кедейлік шегінен төмен жеке тұлғаларға (отбасыларға) мемлекет ақшалай нысанда беретін төлем.
Жан басына шаққандағы орташа табысы кедейлік шегінен аспайтын Қазақстан Республикасы азаматтарының, қандастардың, босқындардың, шетелдіктердің және Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын, азаматтығы жоқ адамдардың атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар.
Атаулы әлеуметтік көмек тағайындау үшін тұрғылықты жері бойынша мансап орталығына, ал ауылдық жерде – кент, ауыл, ауылдық округ әкіміне жүгіну қажет.
Атаулы әлеуметтік көмек тағайындау үшін келесі құжаттарды ұсыну қажет:
— өтініш;
— жеке басын куәландыратын құжат (Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігі (паспорты), Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын шетелдіктің тұруға ықтиярхаты, азаматтығы жоқ адамның куәлігі, босқынның куәлігі), қағаз жеткізгіштегі қандастар куәлігі не оның орнына электрондық құжат, цифрлық құжаттар сервисінде болған кезде – сәйкестендіру үшін.
Мансап орталығы өтінішті қабылдау кезінде өтініш беруші туралы мәліметтер алу үшін мемлекеттік органдар мен ұйымдардың тиісті ақпараттық жүйелеріне сұрау салулар қалыптастырады.
Ақпараттық жүйелерде мәліметтер болмаған жағдайда мансап орталығы тиісті мемлекеттік органға және (немесе) ұйымға жазбаша сұрау салуды ресімдейді не өтініш беруші құжаттарды қағаз түрінде ұсынады.
Жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына тартылатын бірге тұратын еңбекке қабілетті отбасы мүшелерінің өтінішіне қосымша қоса беріледі:
— жұмыс іздеп жүрген адам ретінде тіркеуге өтініш;
— он алты жасқа толмаған тұлғаның ата-анасының немесе заңды өкілдерінің бірінің еңбек қызметін жүзеге асыруға келісімі туралы еркін нысандағы жазбаша өтініші.
Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекті тағайындаудың барлық мәселелері бойынша Сіз тұрғылықты жеріңіздегі мансап орталығына жүгіне аласыз.
Атаулы әлеуметтік көмек шартсыз ақшалай көмек және шартты ақшалай көмек түрінде көрсетіледі.
Шартсыз ақшалай көмек – жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына қатысуға мүмкіндігі шектеулі табысы аз адамдарға (отбасыларға) ай сайынғы ақшалай төлемдер нысанында, оның ішінде электрондық ақшаның электрондық әмияндарына электрондық ақшамен көрсетілетін атаулы әлеуметтік көмек түрі.
Шартты ақшалай көмек – жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына және (немесе) қажет болған жағдайда әлеуметтік бейімдеу шараларына табысы аз адамдардың (отбасылардың) міндетті қатысуы шартымен оларға ай сайынғы және (немесе) біржолғы ақшалай төлем нысанында, оның ішінде электрондық ақшаның электрондық әмияндарына электрондық ақшамен көрсетілетін атаулы әлеуметтік көмек түрі.
Елімізде 4 және одан да көп кәмелет жасына толмаған баласы бар отбасылар бірден көпбалалылар санатына жатқызылады. Сондай-ақ күндізгі оқу бөлімінде оқитын студенттері барлар да көпбалалылар қатарына қосылады. Бұл ретте баласы кәмелет жасына толғаннан 23 жасқа дейін орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында білім алуы тиіс екенін ескерген жөн. Алты бала туған көпбалалы аналарға «Күміс алқа», ал жеті не одан көп бала туған көпбалалы аналарға «Алтын алқа» беріледі.
Соңғы бес жылда көпбалалы аналарға мемлекет тарапынан үлкен қолдау көрсетіліп келеді. Мәселен көпбалалы отбасыларға олардың табысына қарамастан мемлекеттік жәрдемақы тағайындалады. Биыл айлық есептік көрсеткіш мөлшері 3692 теңгеге дейін ұлғайтылған соң жәрдемақы мөлшері де көтерілді. 2024 жылы жәрдемақы мөлшері төмендегідей болды:
— Төрт балаға – 59 183 тг;
— Бес балаға – 73 988 тг;
— Алты балаға – 88 793 тг;
— Жеті балаға – 103 598 тг;
Сегіз және одан да көп баласы бар отбасыларға – ай сайын әр балаға 4 АЕК немесе 14 768 теңге мөлшерінде жәрдемақы беріледі.
Егер барлық құжат дұрыс болса, мемлекеттік жәрдемақы автоматты түрде тағайындалуы тиіс. Егер сіз көпбалалы отбасы бола тұра, бұл жәрдемақыны алмаған болсаңыз, «Азаматтарға арналған үкімет» мекемесіне барып, мән-жайды анықтау керек.
Жоғарыдағы санаттардан басқа «Алтын алқа», «Күміс алқамен» және басқа да ордендермен марапатталған көпбалалы аналарға бөлек жәрдемақы тағайындалады.
«Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көпбалалы аналарға ай сайын 6,4 АЕК мөлшерінде мемлекеттік жәрдемақы төленеді. Жәрдемақыны алу үшін «Азаматтарға арналған үкімет» МК» КЕАҚ-ға өтініш жазып, жеке басты куәландыратын құжатты, «Алтын алқа», «Күміс алқа», «Батыр ана», І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталғанын растайтын құжатты ұсыну қажет. Бұдан бөлек көпбалалы ана Байқоңыр қаласынан болса, қалалық тұрғын үй шаруашылығының азаматтарды есепке алу және тіркеу бөлімінің анықтамасы керек.
«Алтын алқа», «Күміс алқа» алқалары иелері, бұрын «Батыр ана» атағын алған, І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көпбалалы аналар тұрғын үй кезегіне тұрып, баспана ала алады. Тұрғын үй кезегіне тұру үшін kezekte.kz порталына ЭЦҚ арқылы тіркеліп, санаулы минуттарда өтінім беруге болады.
Қазір Қазақстан бойынша 646 082 адам кезекте тұр. Олардың 116 244-і немесе 18%-ы көпбалалы аналар. Жалпы баспана кезегінде тұрғандардың 39,5%-ы — халықтың осал топтарына жататындар, 32,3%-ы мемлекеттік қызметшілер, 9,7%-ы жетім балалар екенін айта кеткен жөн.
Бұдан бөлек көпбалалы аналар Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы шеңберінде жылдық 2%-дан және 5%-дан аспайтын сыйақы мөлшерлемесі бойынша әлеуметтік кредиттік тұрғын үйді сатып алуға мүмкіндігі бар. Ол үшін тиісті конкурстың басталғанын күтіп, otbasybank.kz сайты арқылы өтінім беру керек. Соңғы рет Астана қаласында өткізілген конкурс кезінде пәтерлер тұрғын үй кезегі бойынша берілді.
Сонымен қоса табысы төмен отбасылар үшін әкімдіктер тұрғын үй сатып алу үшін тұрғын үй сертификатын ұсынады. Сертификат ҚР Ұлттық банкі бекіткен ипотекалық бағдарлама немесе мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасы бойынша тұрғын үй сатып алынған жағдайда беріледі. Тұрғын үй сертификаты ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін беріледі. Былтыр оның мөлшері 1,5 млн теңге шамасында болды.
Кезекте тұрған көпбалалы отбасылар пәтердің жалдау ақысын субсидиялай алады. Бұл ретте отбасының соңғы 6 айдағы жиынтық табысы оның әрбір мүшесіне шаққанда ең төменгі күнкөріс деңгейінің 1 еселенген мөлшерінен аспауы тиіс. Аталған көмекке қол жеткізу үшін тұрғын үйге мұқтаж жан ретінде есепке қойылғанын растауы қажет. Көпбалалы отбасылар жалға берілетін тұрғын үйді өздері іздейді. Оның құнын есептеу кезінде бірнеше факторды ескеру қажет. Мәселен отбасында 4-5 адам болса, жалдайтын баспана ауданы 60 шаршы метрден аспауы тиіс. Өтінімді otbasybank.kz порталы арқылы беруге болады.
2023 жылдың 1 наурызынан бастап «Автомобиль көлігі туралы» заңға өзгерістер енгізілді. Заңға сәйкес «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен наградталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған көпбалалы аналардың тегін жол жүруге құқығы бар.
Көпбалалы отбасылардан шыққан оқушылар көптеген әлеуметтік шарамен қамтылады:
— Көпбалалы отбасыдан шыққан балаларға жаздық лагерьлерде тегін демалады;
— Мектепте тегін ыстық тамақпен қамтылады;
— «Мектепке жол» акциясы аясында мектеп формасы және оқу құралдарымен қамтылады;
— Түрлі үйірмелерге тегін қатыса алады;
— Балабақшада бірінші кезекте орын беріледі. Ол үшін indigo24.kz сайтына баланы тіркеу қажет. Сонымен қатар былтырдан бастап мемлекеттік балабақшаға тегін барады.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, жалғызбасты аналарға әлеуметтік кепілдемелер жалпы негізде қаралған. Жәрдемақы жөніндегі сұраққа келсек, отбасының орта есеппен жан басына шаққандағы табысы азық-түлік себетінің құнынан төмен болған жағдайда, 18 жасқа дейінгі балаларға арналған жәрдемақы алуға құқығы бар. Жәрдемақының мөлшері әр балаға 1 АЕК (1 852 теңге) құрайды. Сонымен қатар, азаматтардың отбасының жан басына шаққандағы орташа айлық табысы облыста белгіленген кедейлік шегінен төмен болған жағдайда, мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекке үміткер бола аласыз. 18 жасқа дейінгі балалар жәрдемақысын тағайындауға қажетті құжаттар:
1). Белгіленген үлгідегі өтініш;
2). Балалардың тууы туралы куәліктерінің көшірмелері, не тууы туралы акт жазбаларының көґшірмелері;
3). Өтініш берушінің жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;
4). Отбасының тұрғылықты жерін растайтын құжаттың көшірмесі (азаматтарды тіркеу кітабының көшірмесі не мекен-жай бюросының анықтамасы, не ауылдық (селолық) округ әкімінің анықтамасы);
5). Отбасының құрамы туралы мәлімет;
6). Отбасы мүшелерінің табысы туралы мәлімет;
Жәрдемақы және тұрғын үй мәселесі бойынша толық мәлімет алу үшін тұрғылықты жеріңіз бойынша жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне хабарласуыңызға болады.
Бала тууға байланысты тағайындалатын және төленетін біржолғы мемлекеттік жәрдемақы. Туу жәрдемақысы жұмысшыларға да, жұмыс істемейтін әйелдерге де төленеді. Бала туғанда берілетін жәрдемақыны тағайындау үшін ХҚКО немесе eGov арқылы өтініш береді. Өтініш берушінің келесі құжаттары ақпараттық жүйелерден алынады:
— жеке басын куәландыратын құжат;
— баланың туу туралы куәлігі немесе АХАЖ органдары берген туу туралы актілік жазбадан үзінді көшірме немесе азаматтық хал актілерін тіркеу туралы анықтама мәліметтері;
— неке қию және бұзу туралы куәлік;
— балаға қамқоршылық белгіленгенін растайтын құжат немесе туу туралы актілік жазбадан бала асырап алу туралы мәліметтер;
— тұрғылықты жері бойынша тіркелуі туралы мәліметтер.
Жәрдемақы мөлшері:
— бірінші, екінші және үшінші баланың тууына – 38 АЕК немесе 140 296 теңге;
— төртінші және одан да көп балаға – 63 АЕК немесе 232 596 теңге.
Бала күтімі бойынша жәрдемақы бала туған күннен бастап ол 1,5 жасқа толған күнді қоса алғанда тағайындалады. Жәрдемақыны тағайындаған кезде отбасы құрамында тірі туған, асырап алынған, сондай-ақ қамқоршылыққа алынған балалар ескеріледі.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, жұмыс істемейтін ата-анаға арналған жәрдемақылар мөлшері:
— бірінші балаға – 5,76 АЕК немесе 21 265,92 теңге;
— екінші балаға – 6,81 АЕК немесе 25 142,52 теңге;
— үшінші балаға – 7,85 АЕК немесе 28 982,2 теңге;
— төртінші және одан да көп балаға – 8,90 АЕК немесе 32 858,8 теңге.
Қандастарға бала туған күннен бастап, бірақ қандас мәртебесі белгіленген күннен кейін тағайындалады.Баланың тууын тіркеген кезде бала туғанда берілетін және бала күтімі бойынша жәрдемақыға бір ғана өтініш беруге болады.
Бүгінде мекеменің қызметіне жүгінушілер саны артып, орталықтың жаңа филиалдары ашылуда. Соның бірі тұрғындардың сұранысы бойынша биыл «Белсенді ұзақ өмір» секторының Бекзат мөлтек ауданында №1 филиалы ашылды.
Аталған ғимаратта денсаулықты жақсартуға арналған арнайы бөлмелер, массаж кабинеті, зияткерлік ойындар мен бильярд бөлмесі, тұз шахтасы, жаттығу жасауға арналған бөлме жасақталған. Мұнда зейнеткерлер мен мүмкіндігі шектеулі азаматтарға күндізгі сауықтыру-демалыс және сүйемелдеу қызметі көрсетіледі. Жан мен тәнді емдеп, ардагерлердің бос уақытын тиімді өткізуге жағдай жасалған. Бір айда 150 адамды қабылдауға қауқарлы.
Жалпы, Түркістан қаласында 15 мыңға жуық зейнеткер бар болса, оның 8 мыңға жуығы «Бекзат» мөлтек ауданында тұрады.