• Вс. Ноя 24th, 2024
Популярные метки

Бала құқығы – басты құндылықтардың бірі

Автор:admin

Авг 1, 2023
Spread the love

Балалардың құқықтарын қорғау жөнiндегi функцияларды жүзеге асыратын мемлекеттiк органдар – өз құзыретi мен өкiлеттiктерi шеңберiнде, заңдармен көзделген тәртiппен балалардың құқықтарын қорғау саласындағы қызметті жүзеге асыратын мемлекеттiк органдар.
Бала құқықтарын қамтамасыз ету бүкіл әлемдік қоғамдастық шешуге мүдделі қазіргі заманның жаһандық проблемаларына жатады. Бұл өскелең ұрпақтың қоғамның өміршеңдігіне кепілдік берудегі және оның болашақ дамуын болжаудағы белгілі бір рөліне байланысты.
Бала құқықтары туралы Конвенция Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясымен 1989 жылы 20 қарашада қабылданды. Бұл балалардың құқықтарын қорғау саласындағы маңызды оқиға болды. Конвенцияда бала алғаш рет арнайы қорғауды қажет ететін объект ретінде ғана емес, сонымен бірге адам құқықтарының барлық спектрі берілген құқық субъектісі ретінде қарастырылды.
Қазақстан халықаралық құқықтың жалпыға бірдей танылған қағидаттарының басымдығын ескере отырып, 1994 жылғы 8 маусымда Бала құқықтары туралы Конвенцияны ратификациялады, осылайша өз заңнамасын Конвенцияға сәйкес келтіру бойынша халықаралық міндеттемелерді өзіне қабылдады.
Бала құқықтарын Халықаралық Қорғау бірнеше бағыт бойынша жүзеге асырылады:
1) бала құқықтары саласындағы халықаралық стандарттарды дайындау мақсатында декларацияларды, қарарларды, Конвенцияларды әзірлеу;
2) бала құқықтарын қорғау жөніндегі арнайы бақылау органын құру;
3) ұлттық заңнаманы халықаралық міндеттемелерге сәйкес келтіруге жәрдемдесу (имплементация-
лық қызмет);
4) Біріккен Ұлттар Ұйымының балалар қоры арқылы халықаралық көмек көрсету.
Біріккен Ұлттар Ұйымының бала құқықтары жөніндегі комитетінің 70-сессия кезінде, елімізде балалардың құқықтарын қорғау мәселесі айтарлықтай жетіліп келе жатқанын атап өтті.
Кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия – бұл мемлекеттік органдар мен мекемелердің кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың, қадағалаусыз және панасыз қалудың алдын алу, олардың құқықтары мен мүдделерін қорғау саласындағы жұмысын үйлестіретін, отырыстар өткізу арқылы жүзеге асырылатын тұрақты жұмыс істейтін алқалы орган.
Осыған орай, Қосшы қаласы әкімдігінің жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссиясы 2022 жылғы 10 наурыздағы № 02-150 қаулысымен құрылды.
Комиссия 2 негізгі функцияны жүзеге асырады: бұл кәмелетке толмағандардың құқықтары мен заңды мүдделерін, ең алдымен, заңды өкілдер, сондай-ақ басқа да адамдар тарапынан оларға қол сұғудан қорғау және кәмелетке толмағандардың құқық бұзушылықтарының алдын алу.
Қосшы қаласының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссиясының құрамына әртүрлі ведомстволардың (ішкі істер, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, әлеуметтік қорғау органдары, мәслихат депутаттары) өкілі кіреді. Комиссия құрамы Қосшы қаласы мәслихатының шешімімен бекітілген.
Комиссияның қызметі Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасы шеңберінде отырыстар өткізу арқылы жүзеге асырылады.
Білім беру мекемелерінде қадағалаусыз қалудың, балалардың мектепке дәлелсіз себептермен келмеуінің алдын алу мақсатында мектептердің сынып жетекшілері, әлеуметтік педагогтары және ювеналды полицияның мектеп инспекторлары оқушылардың сабақтарды өткізуіне мониторинг жүргізеді, балаларды оқу процесіне қайтаруға шаралар қабылдайды.
Панасыз және қараусыз қалған балаларды, жалпы білім беретін оқу орындарына дәлелсіз себептермен бармайтын кәмелетке толмағандарды, тұрмысы нашар отбасылардан шыққан балаларды, сондай-ақ балалар еңбегін заңсыз пайдалану фактілерін анықтау мақсатында «Түнгі қаладағы балалар», «Жасөспірім» және т.б. республикалық және өңірлік жедел-профилактикалық іс-шаралар тұрақты негізде ювеналдық полиция қызметкерлерімен өткізіледі.
Қосшы қаласында тұрақты түрде жедел-профилактикалық іс-шаралар шеңберінде қала аумағында рейдтік іс-шаралар өткізіледі.
Оқытудан жалтаратын, әкімшілік және қылмыстық құқық бұзушылықтар жасайтын, үйден жүйелі түрде өз бетінше кететін кәмелетке толмағандарға қатысты тәрбиелік ықпал ету шараларының бірі профилактикалық іс жүргізу болып табылады.
Комиссия қызметіндегі маңызды бағыттардың бірі денсаулық жағдайына теріс әсер ететін және өміріне қауіп төндіретін өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларды анықтау, сондай-ақ тәрбиесі физикалық, психикалық және моральдық жағынан теріс әсер ететін, кәмелетке толмаған балаларды тәрбиелеуден, оқытудан және күтіп-бағудан жалтаратын ата-аналарды немесе заңды өкілдерді анықтау болып табылады.
Комиссия отырысында қаралғаннан кейін тұрмысы нашар отбасылар мен өмірлік қиын жағдайдағы балалар өңірлік деректер базасына енгізіледі. Бұдан әрі комиссияның жұмысқа орналастыру, кәмелетке толмағандар мен есепте тұрған отбасыларға өзге де көмек көрсету жөніндегі ұсынымдарының орындалуына мониторинг жүргізіледі.
Ата-аналармен жұмыс отбасылардың қолайсыздығының барлық аспектілерін ескере отырып, жоспарлы түрде жүзеге асырылады. Комиссия отырысы барысында заңды өкілдерге ата-ана міндеттерін орындау бөлігінде ҚР заңнамасы түсіндіріледі, отбасының қолайсыздығын жою жөніндегі шаралар ұсынылады, жағдайды түзету үшін белгілі бір мерзім беріледі. Комиссия мүшелері консультативтік және құқықтық көмек, ата-аналарға жұмысқа орналасуға, АӘК алу үшін құжаттар жинауға, медициналық мекемелерге жүгінуге және т.б. көмек көрсетеді.
Ата-аналарға жеке профилактика шаралары да қолданылады. Мәселен, ҚР ӘҚБтК-нің 127-бабы бойынша ата-аналық міндеттерін орындамағаны үшін заңды өкілдері жауапкершілікке тартылады және отбасылар ювеналды полицияға есепке қойылады.
Комиссия мүшелері ювеналды полициямен бірлесіп рейдтік, жедел-профилактикалық іс-шараларға, дөңгелек үстелдерге, дәрістерге, ата-аналар жиналыстарына қатысады, мүдделі ведомстволардың қызметкерлерімен әдістемелік жұмыс жүргізіледі.
Комиссияның атқарып жатқан жұмыстары туралы ақпараттар Қосшы қаласы әкімдігінің Веб-сайтында және Instagram парақшасында орналастырылады.
Қорытындылай келе, балалардың құқығын қорғау маңызын жоймайтын басты мәселелердің бірі болып келді.Бұл қоғамның өміршеңдігін кепілдік етудегі және оның келешек дамуын болжаудағы өсіп келе жатқан ұрпақтың анықталған рөлімен түсіндіріледі.
Мемлекет пен қоғам балаларды тәрбиелеу саласында қандай да бір тиімді шаралар қолданғанымен, ата-ана махаббатын, олардың қамқорлығын еш уақытта айырбастай алмайды.
Сондықтан да әрбір бала ата-ананың сүйіспеншілігі аясында моральдік, материалдық қамқорлыққа өсіп жетілуі тиіс. Әр ата-ана еліміздің «Қазақстан 2030» стратегиялық бағдарламасындағы: «Бүгінгі кезеңнің міндеттерінен біздің ұрпақтың келер ұрпақтар алдында орасан зор жауапкершілік әсерін арқалайтынын күнделікті есте ұстауы тиіс» деген үндеудің терең мәнін түсініп, жүрекпен сезінуі керек. Жас ұрпақты моральдік тәрбиелеудегі немқұрайлық көзқарастың арқасында жіберілген залалдың орнын ештеңе толтыра алмайды.

Дана Серіккызы

Автор: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика