1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні. Жаздың бірінші күніне дәл келетін балаларды қорғау күні – халықаралық мерекелердің бірі, оны бүкіл әлемде атап өтеді. Осы орайда қалалық мәслихат төрағасы Ғаппар Амантайұлы және қалалық мәслихат депутаты Аманжол Данаханұлы “AMANAT” партиясының «Бақытты отбасы» жобасы аясында 100 жас бүлдіршіндерін мерекемен құттықтады.
Қаламызда орналасқан саялы «Жібек жолы» саябағына балаларды алып келіп, онда аттракциондарға арнайы бағытталған карталарды үлестірді. Риясыз көңілдері мен шат күлкіге толған бүлдіршіндердің жүзі бүгінгі күннің сәнін келтірді. Сонымен қатар мереке иелеріне суысындар толық үлестірілді.
Мереке қарсаңында қалалық мәслихат депутаттарының осындай бастаманы бастап, жасөрендерді құттықтап жатқандығына ата-аналары дән риза болып, шынайы алғыстарын білдірді.
Халық қалаулары да балаларға жылы лебіздерін арнап, бақытты балалық шақтарың еліміздің адал азаматы болуға жетелесін деді. Зерделі де зерек, білімді де білікті болуларын айтып, бұған елімізде барлық мүмкіндік бар екендігін атап өтті.
Балалар – біздің болашағымыз, оларды желеп-жебеп жүру — қоғам қамқорлығының басты аспектісі. Бұл күн әр балаға қауіпсіз балалық шақ сыйлап, болашақта бақытты болып, табысқа жетуге көмектесетін білім, қамқорлық пен махаббатқа ие болу мүмкіндігін беру қажеттігі туралы есімізге салады. Біздің қоғам балалардың қауіпсіздігі мен амандығын бірінші орынға қойып, барлық қауіп-қатерден қорғау үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға тиіс.
Балалар құқығының қорғалуын қамтамасыз ету және тұрмыс сапасын жақсарту – ҚР Үкіметінің жұмысындағы негізгі басымдықтардың бірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша бұл бағытта бірқатар бастамалар мен түбегейлі өзгерістер жүзеге асырылып жатыр.
2024 жылдың басты бастамаларының бірі – «Ұлттық қор – балаларға» жобасы. Мемлекет басшысының бастамасын орындау мақсатында енді инвестициялық табыстың жартысы 18 жасқа дейінгі барлық қазақстандықтарға жыл сайын бөлінетін болады. Кәмелетке толған кезде, ақшаны білім алуға немесе үй сатып алуға жұмсауға болады.
Балалы отбасылардың құқықтарын және заңды мүдделерін қорғау да – еліміздің мемлекеттік саясатының негізгі бағыттарының бірі. Балалы отбасыларды қолдаудың ұлттық моделі бала тууды ынталандыруға және отбасындағы балаларды тәрбиелеуге жәрдемдесуге, сондай-ақ көпбалалы аналардың мәртебесі мен беделін арттыруға бағытталған мемлекеттік жәрдемақылар мен төлемдер жүйесімен ұсынылған. Жәрдемақылардың 5 түрі бюджет есебінен және төлемнің 2 түрі Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленеді. 2 млн-ға жуық балалы отбасы жәрдемақы мен төлем алушылар санатына жатады. Биыл аталған мақсаттарға 1,5 трлн теңгеден астам қаржы бөлінді. Бұл сома былтырғы жылғы көрсеткіштен 19%-ға артық.
Сондай-ақ жыл сайын туғаннан бастап 18 жасқа дейінгі балаларға профилактикалық тексерулер жүргізіледі. Аталған шарамен өткен жылы қазақстандық 5,5 млн бала қамтылды. Балалардың денсаулығын сақтаудағы басты жетістіктердің бірі – неонатологиядағы жоғары мамандандырылған көмекті дамыту. Қазақстан – бала туғаннан бастап кардиохирургия операциялары жүргізілетін Орталық Азиядағы жалғыз мемлекет. 2023 жылы туа біткен жүрек ақауы бар балаларға ашық жүрекке 1708 ота жасалса, оның жартысына жуығы бір жасқа дейінгі балаларға жасалды. Республикада диагностика мен емдеудің жоғары технологиялық заманауи әдістері – иммуногистохимия, иммунофенотиптеу, ерекше онкомаркерлерді анықтау, сүйек және жұмсақ тіндердің саркомалары кезінде жоғары дозалы химиотерапия, сүйек саркомаларын хирургиялық емдеудің ағза сақтаушы әдістері енгізілген.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Денсаулық сақтау министрлігі онкологиялық аурулармен күресудің кешенді жоспарын әзірледі. 2025 жылға дейін балалар онкологиялық ауруханаларының материалдық-техникалық базасын күшейту, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді жақсарту және аталған қызмет мамандарының біліктілігін арттыру шаралары қарастырылған. Балаларға арналған ұлттық онкогематологиялық орталығын құру жоспарлануда.
Қазақстан Үкіметі балалардың жан-жақты дамуы үшін жайлы әрі қолайлы жағдай жасау жұмыстарын жалғастырады. Білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қолдауда жоғары стандарттарды енгізу Қазақстанның барлық салаларда одан әрі дамуына көмектесетін жаңа прогрессивті ұрпақты қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Айта кететін, бала құқығы дегеніміз – қандай да бір айырмашылыққа: нәсіліне, жынысына, тіліне, дініне, туған жеріне, ұлттық немесе әлеуметтік шығу тегіне, мүлігіне, меншігіне, ататегіне немесе өзге де жағдайына қарамастан әр баланың (18 жасқа толмаған әрбір адам бала деп танылады) бойында болуы қажет бостандығы мен құқығы. Тұлғаның үйлесімді дамуы үшін бала махаббат пен мейірімділік бар ортада, отбасында, жақын және сүйіспеншілікке толы адамдар арасында өсуі керек. Ересектердің міндеті — баланы өз бетінше өмір сүруге дайындау, қоғамның толыққанды мүшесі болуына көмектесу және баланың қалыпты физикалық және интеллектуалдық дамуына жағдай жасау.
Балалық шақты қорғау — балалардың құқықтық мәртебесін айқындайтын нормативтік құжаттарды әзірлеу негізінде балалардың заңды құқықтары мен мүдделерін қорғауды қамтамасыз ететін шаралар жүйесі; балалар еңбегін заңнамалық реттеу; қорғаншылық, қамқоршылық және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды асырап алу жүйесін жетілдіру; тиісті көмекке мұқтаж балалармен түзету және оңалту жұмыстарын жүргізу үшін мамандандырылған әлеуметтік қызметтер мен мекемелер желісін құру. Балалардың және балалы отбасылардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау Қазақстан Республикасының ұлттық саясатының басты бағыттарының бірі болып табылады.
Балалардың әртүрлі топтары әртүрлі көмекке және тең әлеуметтік қорғауға мұқтаж. Әлеуметтік қорғауға мұқтаж балалардың басым топтарына:
— жетімдер;
— ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;
— жағдайы нашар отбасынан шыққан балалар; асырап алынған балалар, көп балалы, толық емес отбасылардың балалары;
— функционалды даму ерекшеліктері бар балалар; жұмыссыз азаматтардың балалары;
— балалар — қарулы қақтығыстардың, экологиялық және технологиялық апаттардың құрбандары;
— босқындар мен мигрант отбасылардың балалары; заңмен байланыста болған және ішкі істер органдарында профилактикалық есепке алуда тұрған балалар кіреді.
Балаларды әлеуметтік қорғауға үш бірдей билік тармақтары жауапты: заң шығарушы, атқарушы және сот. Басымдылық мемлекет пен ол құратын институттарға тиесілі: олар балаларға қатысты әлеуметтік саясат пен заңнаманы қалыптастырады, оның іске асырылуын қамтамасыз етеді және әлеуметтік қауіпсіздікке кепілдік береді. Сондай-ақ саяси партиялар, қоғамдық ұйымдар, қайырымдылық одақтар, діни мекемелер, бұқаралық ақпарат құралдары, кәсіпорындар мен уәкілетті мекемелер, балалар мен жастар ұйымдары, демеушілік немесе қайырымдылық қызметімен айналысатын жеке тұлғалар жатады.
Балалық шақты әлеуметтік қорғауда отбасы мен мектеп, сондай-ақ арнайы әлеуметтік жұмыс қызметтері ерекше рөл атқарады: муниципалды қызметтер, стационарлық мекемелер жүйесі, баспана, балалар үйі, интернаттар, қосымша білім беру және балаларды дамыту мекемелері, психологиялық, медициналық, әлеуметтік және педагогикалық қолдаудың мамандандырылған орталықтары, кеңес беру және оңалту қызметтері және т.б. Әлеуметтік қорғаудың субъектілері сонымен қатар әлеуметтік қызметкерлер, әлеуметтік педагогтар және басқа да мамандар болып табылады.
Соңғы үш онжылдықта Қазақстан бес жасқа дейінгі балалар арасындағы өлім-жітімді бес есе, ал жаңа туған нәрестелер арасындағы өлім-жітімді үш жарым есе төмендетуге қол жеткізді.
Президент жарлығымен 2016 жылы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл институты құрылды, ал 2022 жылы бала құқықтары жөніндегі уәкілдер Қазақстанның әрбір өңірінде тағайындалды. Соның арқасында баланың құқықтары мен мүдделері бұзылған жағдайда көмекке жүгіну мүмкіндігін қамтамасыз етеді.
2023 жылы Қазақстанда Әлеуметтік кодекс қабылданып, мемлекеттік жәрдемақылар мен бала күтімі бойынша әлеуметтік төлемдерді төлеу мерзімін бала бір жарым жасқа толғанға дейін ұзартылды. Биыл «Ұлттық қор – балаларға» жобасы қолға алынды, оның аясында Ұлттық қордың инвестициялық кірісінің 50 пайызы 18 жасқа дейінгі барлық балалар арасында үлестіріледі. Кәмелетке толған кезде қаражатты оқуға немесе баспана алуға жұмсауға болады.
Еске саларлық, осы жылыдн сәуір айында Президент Қ. Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдер құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне әйелдер құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңдарға қол қойған болатын.
Негізгі Заң 15 заңнамалық актісіне, оның ішінде жеті кодекс пен сегіз заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейді. Ілеспе заң әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске түзетулер енгізуді қарастырады. Кәмелетке толмағандарды қорлау (қорқыту, кибербуллинг) және 16 жасқа толмаған баланы қоғамдық көліктен мәжбүрлеп түсіру және басқа да түзетулер үшін әкімшілік жауапкершілік белгіленеді.
Қабылданған заңның басты міндеті балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша мемлекеттік саясаттың құқықтық, экономикалық, әлеуметтік және ұйымдастырушылық негіздерін жетілдіру, әйелдер мен балаларға қатысты қылмыстардың алдын алу және жолын кесу болып табылады.
Мемлекет басшысы жыл басында «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында қарапайым азаматтардың осы мәселе бойынша ұстанымын толық қолдайтынын айтты. Осыдан кейін заңнамалық шаралар одан әрі күшейтіліп, ұрып-соғу және денсаулыққа жеңіл зиян келтіру қылмыстары Әкімшілік кодекстен Қылмыстық кодекске ауыстырылды. Ұрып-соғудың кез келген фактісі енді Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексі шеңберінде қаралатын болады.
Осылайша, тұрмыстық зорлық-зомбылықты криминализациялау Президенттің әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың кез келген көрінісі үшін жауапкершілікті күшейту туралы тапсырмаларын орындау болып табылады.
Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жазаны қатаңдату Қ.Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасының негізгі тармақтарының бірі болды. Жаңа заңдар пакетінің қабылдануымен оның отбасылық және тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимылды күшейту туралы сайлауалды уәдесі толығымен орындалды.
Бұл заң ТМД-да әйелдер мен балаларды қорғауды қамтамасыз ететін маңызды өзгертерді көздейтін бірінші болды.
Осылайша, отбасында да, қоғамда да әйелдер мен балаларды көп деңгейлі қорғауды қамтамасыз ететін заңнамалық бастамалар циклі аяқталды. Енді, ең бастысы, заңның орындалуы мен толыққанды орындалуын қамтамасыз ете отырып, оның әлеуетін іске асыру.
Балаға деген көзқарас, бұл оның болашағына деген көзқарас. Жасыратыны жоқ, қазіргі ересектердің көптеген проблемалары — бұл балалық шақта алған жарақаттардың нәтижесі. Көбінесе бұл жарақаттар зорлық-зомбылықтың көрінісімен байланысты.
Бүкіл қоғам мен мемлекеттің даму перспективалары балаларымыздың қандай болатынына байланысты. Дәл осы себепті дамыған елдерде балалардың әл-ауқаты мен қауіпсіздігі бірінші орынға шығады.
Әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың кез келген көрінісі үшін жауапкершілікті күшейтетін, сондай-ақ отбасы институтын, кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін нығайтуға арналған нормалар енгізілді.
Балаларға қарсы зорлық-зомбылықтың кез-келген түрін көрсету жауапкершілігі едәуір күшейтілді. Қылмыстық кодексте кәмелетке толмағандарға қарсы денсаулыққа зиян келтіруден бастап ұрлау мен өлтіруге дейінгі қылмыстардың тізбесі жүйеленген және нақты анықталған. Мұндай әрекеттерді жасаған адамдар татуласуға байланысты қылмыстық жауаптылықтан босатыла алмайды.
Кәмелетке толмағандарды өлтіргені, зорлағаны, кәмелетке толмағандарға қатысты жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері үшін өмір бойына бас бостандығынан айыру түріндегі ең ауыр жаза қарастырылған.
Балаларды ұрлағаны үшін бұдан былай 10 жылдан 15 жылға дейін (бұрын 7 жылдан 12 жылға дейін), ал заңсыз бас бостандығынан айыру үшін – 5 жылдан 10 жылған дейін (бұрын 5 жылға дейін) бас бостандығынан айыру қарастырылған.
Алғаш рет 16 жасқа толмаған адамдарға жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді. Осы нормалар қабылданғанға дейін мұндай жауапкершілік 14 жасқа толмағандарға тиіскені үшін ғана қарастырылған. Ол үшін 200 АЕК-ке дейін айыппұл, түзету жұмыстары немесе 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстар не 50 тәулікке дейін қамауға алу көзделген. Сонымен қатар, айыпталушы белгілі бір лауазымдарды атқару және 3 жылға дейін белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айырылуы мүмкін.
Балаларды ұрлағаны үшін 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру (бұрын 7 жылдан 12 жылға дейін), ал заңсыз бас бостандығынан айыру үшін – 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру (бұрын 5 жылға дейін) көзделген.
Жаңа заң сонымен қатар суицид жағдайларын азайтуға бағытталған. Егер бұрын тек өз-өзіне қол жұмсауға итермелегені үшін қылмыстық жауапкершілік көзделген болса, енді-өзін-өзі өлтіруге итермелеу және жәрдемдесу үшін жауапкершілік қарастырылады. Кәмелетке толмағандарға қатысты мұндай әрекеттер 5 жылдан 9 жылға дейін бас бостандығынан айыруға әкеп соғады. Осылайша, бұл шаралар суицидтің алдын алуды да, кінәлілердің жауапкершілігін де күшейтеді.
Жаңа заң педофилдер мен балаларды өлтіру фактісі бойынша өмір бойына бас бостандығынан айыру түріндегі ең ауыр жазаны қарастырады. Бұл жағдайда кез-келген балама алынып тасталады. Осылайша, қоғамда мұндай адамдарға мүлдем төзбеушілік қалыптасады.
Жаңа нормалар мектептердегі қорлаумен күресуге бағытталған. Осылайша, кәмелетке толмағанды қорлау (қорқыту, киббербулинг) үшін әкімшілік жауапкершілік алғаш рет енгізілді. Бұл әрекет үшін ескерту немесе 10 АЕК мөлшерінде айыппұл қарастырылған. Қорқытуды қайта жасау 30 АЕК (110 760 теңге) айыппұл салуға, ал егер бұл әрекетті 12 жастан 16 жасқа дейінгі кәмелетке толмағандар жасаса – ескерту жасауға немесе ата-анасына немесе оларды алмастыратын адамдарға 10 АЕК айыппұл салуға әкеп соғады.
Құрдастарын қорқытатын балалардың ата-аналары үшін жауапкершілікті арттыру оларды балаларының тәрбиесіне байыпты қарауына мәжбүрлейді.
Білім беру ұйымдарының кәмелетке толмағандардың немесе оларға қатысты құқыққа қайшы әрекеттер жасағаны туралы құқық қорғау органдарына дереу хабарлау міндеті белгіленген.
Қоғамдық көліктерден 16 жасқа дейінгі балаларды мәжбүрлеп түсірудің көптеген жағдайлары белгілі. Бұл көбінесе мектептен өздігінен оралатын бала үшін қауіпті. Енді бұл құқық бұзушылық болып саналады, ол үшін 5 АЕК (18 460 теңге) мөлшерінде айыппұл қарастырылған.
Талқыланып жатқан заңда балаларды отбасылардан тартып алу мәселесіне байланысты бірде-бір норма жоқ. Әлеуметтік желілерде таралған отбасылардан балаларды тартып алуға қатысты барлық ақпарат жалған болып табылады.
Мемлекеттің саясаты отбасын, баланы өз отбасында сақтауға, ата-аналардың балаларды тәрбиелеу және қауіпсіздік мәселелерінде барлық басқа адамдар алдындағы басымдығын сақтауға бағытталған.
Естеріңізге сала кетейік, ерекше жағдайларда ғана баланың өміріне немесе денсаулығына тікелей қауіп төнген кезде мемлекеттік органдар оның құқықтарын қорғау бойынша шаралар қабылдайды.