Әрбір ата-ана үшін баладан асқан бақыт жоқ. Сондықтан олардың амандығы мен қауіпсіздігі бірінші орында болуы қажет. Дегенмен, жыл сайын балалар арасындағы жарақат пен жазатайым оқиғалардың көбеюі көңілді қатты қынжылтады. Бұл әрине, ең бірінші, ересектердің назарының жеткіліксіздігінен туындап жатады.
Осыған орай Әл-Фараби ауданы Төтенше жағдайлар басқармасы қызметкерлері балалар қауіпсіздігі жөнінде бірқатар іс-шаралар өткізіп келеді.
Солардың бірі «Өрт қауіпсіздігі», «Уланудың алдын алу» тақырыбында ата-аналармен жиын өткізіп, оларды балалардың қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауға шақырды.
Жиында қызметкерлер ата-аналарға кеңес берді. Онда балаларды қараусыз қалдырмауды, оларға терезелердің жанында және ықтимал қауіпті жерлерде бақылау жасауды қамтамасыз етуді айтты. Сондай-ақ, терезелерге қорғаныс торларын орнатуды, сіріңкелер мен оттықтарды балалардың қолы жетпейтін жерге қоюды ескертті. Сондай-ақ, балаларға қауіпсіздік негіздерін үйретуді міндеттеді.
«Егеменді еліміздің болашағы – балалар. Сондықтан бала өмірінің қауіпсіздігіне немқұрайлы қарамайық. Мұның бәрі балалар қауіпсіздігі үшін жасалып жатқан істердің бір парасы ғана. Тәртіп пен тәрбиенің ұштасуы қауіпсіз қоғамды қалыптастырады. Балалар қауіпсіздігі әрқашан басты назарда болуы тиіс»-деді, Әл-Фараби ауданы Төтенше жағдайлар басқармасы қызметкерлері.
Улы газдан улану кезіндегі көмек:
Мұндай жағдайда зардар шегушіге дәрігерге дейін көмектің дұрыс көрсетілуі өте маңызды. Ол үшін алдымен уланған адамды таза ауаға шығарып, аяғын сәл көтеріңкі күйде жатқызып, денесін тар киімнен босатып, мүсәтір спиртін иіскетіңіз. Егер адам есін біліп жатырса оған тыныштық және үзіліссіз оттегі қажет, мысалы газетпен желпуге немесе желдеткіш қосуға болады. Ал зардап шегуші дем алмай жатырса, алдымен тыныс алу жолдарын тазалап алып жасанды дем беру қажет. Және де әрине «Жедел жәрдем» қызметін шақырыңыз. Ондай мүмкіндік болмаған жағдайда өмірлік маңызды функциялары қалыпқа келгеннен соң зардап шегушіні емдеу мекемесіне жеткізуге тырысыңыз.
Есіңізде болсын, уланған адамды қауіпті газ концентрациясы бар жерден алып шығу кезінде өзіңіз бірге уланып қалмас үшін бірінші кезекте өз қауіпсіздігіңізді қамтамасыз ету қажет. Ол үшін тез әрекет етіп, қол орамалы немесе дәке арқылы тыныш алу керек.
Улы газдан уланудың алдын алу:
Расында, қарапайым қауіпсіздік шараларын барлығы да біледі. Дегенмен, улану орын алуда. Демек, кейбір адамдар үшін жаттанды әрі баршаға мәлім қағидаларды қайталауғ тура келеді: — тек жарамды жабдықтарды қолданыңыз. Пеш қалауларындағы жарықтар, тазаланбаған түтін тұрбасы сол сияқты «ұсақ-түйектер» ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін. — пештер мен каминдерді қағидаларға сәйкес қолданыңыз. Желдету жүйесінің жұмысына жүйелі түрде тексеру жүргізіп, түтін тұрбаларын уақытылы тазалаңыз, пештер мен каминдерді қалауда тек кәсіпқой мамандарға жүгініңіз. — автокқлік иелері, көлікжайда (гаражда) қозғалтқыш бөлігін қосулы күйде жұмыс жасамаңыз.