Олар әу баста екеу болатын. Қайықтарын түбеге көтеріп су жағалап жүргенін көретін едік. Байдарка мен каноэ. Еркіне салса шаршы алаң мен күрес кілемінен шықпайтын қазақтарға етене спорт түрі емес.
Тимофей мен Сергейдің толқынды Тоғыста ышқынып ескек есіп, жанталасып жарысып жүргенін көретін жұрт. Теңіздей төгілген сол тер жемісін берді. Ағайынды Емельяновтар халықаралық жарыстарда көнге тіккен жүлделерді қидай сыпырып ала бастады.
Бүгінде Шымкенттік ағайынды Сергей және Тимофей Емельянов жазғы Олимпиада Ойындарына жолдама жеңіп алды. Олар байдарка мен каноэде есуден ел намысын қорғамақ.
Ағалы-інілі Емельяновтардың бұл спорт түрін таңдауы кездейсоқтық емес. Олардың алғашқы ұстаздары – әкесі мен анасы еді. Себебі әкесі КСРО-ның каноэден спорт шебері, анасы байдаркадан спорт шебері болған. Ал бүгінде оларды ағалары Михаил Емельянов жаттықтарып жатыр.
2004 жылы Тимофей, 2007 жылы Сергей спортпен айналыса бастады. Қазіргі таңда олар ҚР халықаралық дәрежедегі спорт шебері.
Сергей Емельянов — Азия ойындарының күміс жүлдегері, 3 дүркін Жастар арасындағы Әлем Чемпионатын жеңімпазы, Қазан Универсиадасында 500 және 1000 метр қашықтықта каноэде екі күміс жеңіп алды, Жасөспірімдер мен Жастар бойынша 5 дүркін әлем жеңімпазы, XVII және XVIII-жазғы Азия ойындарының 2 дүркін күміс жүлдегері, 2013 жылғы Универсиаданың 2 дүркін күміс жүлдегері, 2017 жылғы Азияның 4 дүркін жеңімпазы, 2021 жыл Азия Чемпионатында алтын медальге ие болды.
Тимофей Емельянов — Азия ойындарының күміс жүлдегері, Жастар арасындағы Әлем Чемпионатының 3 дүркін чемпионы ( Сергеймен жұпта 200, 500 және 1000 метр қашықтықта үш алтын жеңіп алды), Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы, Республикалық және халықаралық турнирлердің жеңімпазы атанды.
Кеше ғана Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен 19-шы Жазғы Азия ойындарында ағайынды Емельяновтар тамаша өнер көрсетті.
– Азия ойындарына төртінші рет қатысып отырмын. Бұл – менің бесінші медалім. Кеше қола алдым, Сергей алтын иеленді. Бүгін екеуміз бірге күміс алып отырмыз. Жұптық сында соңғы он жылда бірге жаттығып, дайындалып жүрміз. Дегенмен жасым келіп қалды. Қысқа қашықтықта баяу болып барамын. Сол себепті кеше өз орнымды Тимур Хайдаровқа босаттым. Сергей екеуі жарады, жеңімпаз болды. Біздің ісімізді жалғастырар жас спортшылар бар. Жарыстан кейін кішкене өзімізге келіп, қорытынды жасаймыз, – деді Тимофей Емельянов.
Осылайша, байдарка мен каноэдегі жарыс аяқталды. Қазақстан құрамасы доданы жемісті түйіндеп отыр. 1 алтын, 4 күміс, 3 қола жалпы саны 8 медаль еншілеп, жалпыкомандалық есепте екінші орынға тұрақтады.
Осы айтулы жарыста ағайынды Емельяновтардың қосқан үлесі зор.
«Шымкент келбеті»