Сауран ауданы әкімінің аппарат басшысы, сондай-ақ аудан әкімдігінің әдеп жөніндегі уәкілі Бекзат Абубакиров ауылдық округ әкімдерімен жұмыс кеңесін өткізді. Жиын барысында мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдебін сақтау, тұрғындармен өзара қарым-қатынас мәдениеті және қызметтік міндеттерді атқарудағы жауапкершілік мәселелері кеңінен сөз болды.
Бекзат Абубакиров өз сөзінде мемлекеттік қызметші беделі бірінші кезекте жеке тәртіп пен кәсіби этикаға байланысты екенін атап өтті. Ол ауыл әкімдерінің жергілікті тұрғындармен жұмыс жүргізу кезінде жоғары жауапкершілік танытуы тиіс екенін, әрбір шағым мен өтінішке сергек қарап, заң аясында әрекет етуі маңызды екенін жеткізді.
Жиын барысында сондай-ақ ішкі тәртіпті сақтау, жұмыс орнындағы моральдық-психологиялық ахуал, ұжымішілік қарым-қатынас мәселелері де қозғалды. Аппарат басшысы ауылдық округ әкімдеріне нақты тапсырмалар жүктеп, мемлекеттік қызметтің ашықтығы мен халық алдындағы есептілік қағидаларын ұстануды тапсырды.
