Дүниежүзілік аутизм туралы ақпарат тарататын күн. Айтулы датаға орай, Шымкент қаласында аутизим спектрі бұзылған балаларға арналған «Қамқорлық» №8 орталығында «Біз біргеміз! Біз бәрін де жеңеміз!» атты іс-шара ұйымдастырылды, деп хабарлайды R-FACTOR.KZ ақпарат агенттігі.
Жиында орталықтан қызмет алушы балалардың ата-анасына мамандар семинар-тренинг өткізіп, ерекше балалардың дамуы жайында сөз қозғады. Ата-аналар «Менің әлеміме саяхат» атты қысқаметражды фильмді тамашалап, онда спортта, өнерде жетістікке жеткен аутист балалардың өмірімен танысты. Ал, бұл кезде балалар түрлі-түсті бордың көмегімен асфальтқа жан-жануарлардың суретін салып, шығармашылығын паш етті. Орталықта қазір 18 жасқа дейінгі 102 бала қызмет алуда. Ерекше балаларды қоғамға бейімдеу ісінде орталық мамандары аутизм және өзге де психоневрология саласында отандық пен шетелдік сарапшылардың әдісі, курстары, семинарлары, арнайы әзірленген бағдарламалары шеңберінде білімін жетілдірген. Ерекше балалар АВА-терапия, емдік денешынықтыру, еңбек терапиясы, АРТ-терапия, қыш жасау, музыка терапия, тігін, ағаш шеберханасы, лего, робот-терапиясы, сенсорлық интеграция, әлеуметтік-тұрмыстық бағдарлау, логопед, психолог және дефектолог сабақтарына қатысады. «Қамқорлық» орталығының қызмет алушылары бүгінде оң өзгерістерге қол жеткізіп, тіпті ерекше балалар арасында өнерде, спортта жетістікке жеткендер де бар. Атап айтқанда, «Shymkent Marathon 2023» марафонында Қылышбек, Жармахан, Әли Сағи, Зейнулла Рамазан есімді балалар жақсы нәтиже көрсеткен. Әмина Анарбек «Дарынды жұлдыздар» халықаралық өнер байқауында І орыннан көрінген. Мұнан да өзге балалар түрлі шығармашылық байқауларға қатысып, жеңіс тұғырынан көрініп жүр.