Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына кезекті Жолдауын жариялады. Мемлекет басшысының Жолдауын тікелей эфир арқылы аудан әкімі Мақсат Таңғатаров, аудан әкімінің орынбасарлары, кеңесшілері, дербес бөлім басшылары, ауылдық округ әкімдері және тиісті сала басшылары, қоғамдық ұйым төрағалары тыңдады.
Президент сөзінің басында Парламент өткен сессияда 102 заң қабылданғанын атап өтті. Олардың қатарында қоғамдық бақылауға, адам саудасына қарсы күреске, ғылым және технология саясатына, жылу энергетикасына қатысты және басқа да заңдар бар. Мемлекет басшысының айтуынша, әлеуметтік салаға, соның ішінде балаларды қорғау ісіне айрықша көңіл бөлінген. Президент халықтың әл-ауқатын жақсартуға септігі тиетін басқа да көптеген шара қолға алынғанына назар аударып, арқаны кеңге салуға болмайтынын, алдымызда әлі талай ауқымды жұмыс тұрғанын айтты.
— Қазақстан халқы қазір мүлде жаңа саяси жағдайда өмір сүруде. Соңғы 5 жылда ауқымды реформалар жасалды. Еліміздің саяси жүйесі түбегейлі өзгерді. Жұрттың сана-сезімінде бетбұрыс болып жатыр. Халықтың құқықтық мәдениеті артып келеді. Азаматтардың бойында жаңа әдеттер, дағдылар қалыптасып, жаңа құндылықтар орнығуда. Саяси және қоғамдық болмысымыз, менталитетіміз және мәдени кодымыз өзгере бастады. Бір сөзбен айтсақ, Әділетті Қазақстан құрылып жатыр. Мұның бәрі, ең алдымен, халықтың қалауымен жасалуда. Сондықтан біз алған бетімізден қайтпаймыз, бағытымыздан таймаймыз, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.