Кез келген өркениетті елдің Конституциясы – сол елдің егемендігі мен тұтастығының басты тірегі. Елдің саяси, экономикалық және әлеуметтік тұрақтылығы көп жағдайда сол Конституцияның, яғни, негізгі заңның дұрыс жұмыс істеуіне байланысты болмақ.
Қазақстан халқы тарихи шешім қабылдап, еліміздің құқықтық өміріндегі жасампаз жаңа дәуіріне қадам басқанына, міне, 28 жыл толды. Тәуелсіздігіміздің тірегіне айналған Ата Заң барлық саяси-экономикалық, әлеуметтік реформалардың ілгері басуына жол ашып, дамудың қозғаушы күшіне айналды.
Өткен жылы жүзеге асырылған конституциялық реформалар арқылы еліміз адам құқықтарын қорғау, сот жүйесін реформалаудың жаңа кезеңіне қадам басты. Ендігі кезекте алдымызда осы маңызды міндеттерді сапалы орындау бағытындағы ауқымды жұмыс күтіп тұр.
Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асып жатқан осынау реформалар еліміздің ынтымағы мен бірлігін нығайтып, халқымыздың әл-ауқатын жақсарта түсуге бағытталған. Яғни, алға қойған асқақа мақсаттарға жету үшін бізге керегі – ынтымақ пен бірлік, татулық пен келісім. Олай болса, ел тағдырына бейжай қарамайтын, ұрпақ болашағына жаны ашитын әрбір азамат Конституция қағидаларын бұлжытпай орындау және оны қастер тұту арқылы мемлекет дамуына өз үлесін қосқаны жөн. Қазақстан Республикасының Конституциясы — Қазақстан Республикасының Ата Заңы. Ағымдағы Конституция 1995 жылы 30 тамыз күні жалпыхалықтық Референдум негізінде қабылданды және 5 қыркүйек күні өз күшіне енді. Конституция 9 тараудан, 98 баптан тұрады. Конституция мемлекеттік құрылыстың құқықтық негізін қалыптастырушы құжат болып табылады. Ол мемлекеттілік тетік, қоғамдық, саяси институттар ретінде қызметтің негізі боларлық принциптерін орнықтырды, адам мен азаматтың конституциялық мәртебесін белгіледі, экономикалық құрылыстың негіздерін айқындады.
Қазіргі таңда Шымкент қаласында әлеуметтік-экономикалық даму, инвестиция тарту, қала шетіндегі тұрғын алаптардың инфрақұрылымын жаңарту бағытында, жалпы әділетті қоғам құру жолында ауқымды жұмыстар қолға алынған. Осындай жауапты сәтте ел азаматтарын, қала тұрғындарын елімізді өркендету жолында бірлесіп еңбек етуге шақырамын.
Орынбай РАХМАНБЕРДИЕВ,
Шымкент қаласы ҚХА жанындағы ақсақалдар кеңесінің төрағасы