Қала әкімі Қайсар Маңқараев Қожатоғай ауылдық округіне барып, тұрғындармен кездесіп, өткен жылы атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарларды таныстырды. Елді мекенде «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында бірқатар маңызды жобалар жүзеге асырылып жатыр.
Өткен жылы Қожатоғай ауылында жаңа спорт зал мен дәрігерлік амбулатория бой көтеріп, ел игілігіне берілді. Сонымен қатар Қожатоғайда Аженов және Байтоғай ауылындағы №6 көшеге асфальт төселіп, орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қожатоғайдағы футбол алаңшасы да жөндеуден өтті.
Ауыл тұрғындары үшін маңызды мәселе – ағын су мәселесі де шешімін табуда. Үй іргелік су жүйесіне қажетті электр желілері тартылып, құрылғылар орнатылды, алдағы бір айда су қосылады. Бұдан бөлек, Бұлақ пен Дарбаза ауылдарына модульдік су тазарту қондырғылары орнатылды.
Округтегі “Саяжан” және “Ақкөгершін” балабақшаларына ағымдағы жөндеу, ал Қожатоғайда қатты тұрмыстық қалдықтарға арналған полигон құрылысы жүргізілуде.
Биыл Қожатоғайда Исабек қожа мен Жаңа көшесіне жаңа асфальт, ал Елекеев, Есқожа, Майлы қожа көшелеріне жаяу жүргіншілер жолы салынады.
Су жүйелерін жақсарту бағытында Байтоғай ауылында сорғылар жаңартылып, Шөгірлі ауылында Омега сүзгісі орнатылады. Сонымен қатар, Шөгірліге балалар ойын алаңы, ал Байтоғайдағы №3 және №4 көшелерге жаңа жол салынбақ.
Кездесу соңында тұрғындар табиғи газ, жарықтандыру, балалар алаңшасы және ауыз су сапасы бойынша сұрақтар қойды. Әкім әр мәселе бойынша жауап беріп, кейбірі бір ай ішінде шешілетінін, ал басқалары кезең-кезеңімен орындалатынын айтты.
Қоса кететін, Мемлекет басшысы өзінің «Сындарлы қоғамдық диалог –Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты халыққа Жолдауында «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы барлық азаматтардың өтініштеріне жедел және тиімді әрекет етуге бағытталуы тиіс екенін атап өтті.
Бұл ретте Президент мемлекеттік аппарат қызметіндегі проблемалар көбінесе азаматтар мен жергілікті жерлердегі шенеуніктер арасындағы кері байланыстың болмауына байланысты екендігіне назар аударды.
Отырыста халықпен тікелей және кері байланыс арналарының жұмысындағы проблемалар негізінде әзірленген «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру тәсілдері таныстырылды.
Мәселен, қазіргі уақытта мемлекеттік органдардың тұрғындармен өзара іс-қимылына азаматтардың өтініштерімен жұмыс істеу жүйелілігінің және мемлекеттік органдардың проактивтілігінің болмауы әсер етеді.
Айта кетерлігі, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының басты мақсаты – билік пен халық арасында конструктивті диалог орнату.
2019 жылы Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы азаматтардың барлық өтініштеріне жедел және тиімді жауап беруге бағытталуы керек екенін атап өткен болатын.
«Жасыратыны жоқ, мемлекеттік аппарат қызметіндегі мәселелер көп жағдайда биліктегілер мен азаматтар арасында кері байланыстың жоқтығына қатысты болып келеді.
«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» – бұл барынша ашық және есепті мемлекетті қалыптастыру. Сондықтан, бұл тұрғыда тұрғындардың пікірі барынша ескерілуі тиіс.
Бұл бастамалар азаматтық қоғамды дамытуға негіз болады. Қазіргі шаралар аяқ астынан мәжбүрліктен қолға алынған жоқ. Ол – елімізді демократияландыруға, саяси жүйені жаңғыртуға бағытталған саясаттың жемісі», деп жазды Мемлекет басшысы өз мақаласында.
Қандай да бір қоғам өркендеп дамуы үшін араларында диалогтың болу маңызды. Бір-бірінің пікірімен, көзқарасымен санаспаған, тыңдамаған, естімеген елдің ертеңі бұлыңғыр. Оны тарих талай дәлелдеді. Халық билікке, билік халыққа арқа сүйегенде ғана болашақтың таңы арайлап атады.
