Бүгін Арыс қаласының әкімі Қайсар Маңқараев Мәдениет үйінде қала тұрғындарымен есепті кездесу өткізді. Бұған дейін шаһар басшысы 6 ауылдық округті аралап, тұрғындардың көкейінде жүрген өзекті мәселелерді талқылаған болатын. Ал бұл жолғы жиында әкім қалалықтармен бірге атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарларды ортаға салды.
Кездесуде сөз алған Қайсар Зәкірұлы білім беру саласында атқарылған игі істерге тоқталды. Былтыр, Білім күні қарсаңында Иван Журба атындағы мектепте 300 орындық жаңа оқу корпусы пайдалануға берілді. Сонымен бірге, мектептің жылу жүйесі толық жаңартылып, экологиялық жағынан тиімді әрі үнемді табиғи газ жүйесіне қосылды.
Бұдан бөлек, үш мектепке — С.Ерубаев, Б.Кенжебаев және Монтайтас мектептеріне, сондай-ақ бес балабақшаға — «Айгөлек», «Ақкөгершін», «Саяжан», «Балбөбек» және «Балдырған» мекемелеріне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұл — мектепке дейінгі және мектеп жасындағы балаларға жайлы әрі қауіпсіз білім беру ортасын қамтамасыз етудің бір көрінісі.
Мемлекет басшысының арнайы тапсырмасына сәйкес, бүгінде Тараз тұрғын ауданында 600 орындық «Жайлы мектеп» пен Отырар тұрғын ауданында 600 орындық тағы бір жаңа мектептің құрылысы қарқын алған. Қазіргі таңда бұл нысандардың құрылыс жұмыстары аяқталу сатысында тұр. Екі білім ошағы да жаңа оқу жылы қарсаңында пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.
Кездесуде денсаулық сақтау саласындағы жетістіктер де назардан тыс қалмады. Өткен жылы Қожатоғай елді мекенінде жаңа дәрігерлік амбулатория, ал Атамекен елді мекенінде фельдшерлік-акушерлік тірек ашылып, ауыл тұрғындарына сапалы алғашқы медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік туды. Бұл нысандар халықтың өмір сапасын арттырып, медициналық қызметтердің қолжетімді болуына ықпал етуде.
Сонымен қатар, биыл тұрғындардың сұранысына сәйкес, тірек-қимылға зақым келген азаматтар үшін оңалту орталығын ашу көзделіп отыр. Қазіргі таңда орталыққа қажетті құрал-жабдықтарды сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Ал 2025-2026 жылдары Арыста заманауи үлгідегі жаңа емхана салу жоспары бар.
Қала әкімі баяндамасын қорытындылай келе, барлық атқарылып жатқан жұмыстардың басты мақсаты — халықтың әл-ауқатын жақсарту екенін атап өтті. Кездесу барысында тұрғындар көкейдегі сауалдарын қойып, ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.
Қоса кететін, Мемлекет басшысы өзінің «Сындарлы қоғамдық диалог –Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты халыққа Жолдауында «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы барлық азаматтардың өтініштеріне жедел және тиімді әрекет етуге бағытталуы тиіс екенін атап өтті.
Бұл ретте Президент мемлекеттік аппарат қызметіндегі проблемалар көбінесе азаматтар мен жергілікті жерлердегі шенеуніктер арасындағы кері байланыстың болмауына байланысты екендігіне назар аударды.
Отырыста халықпен тікелей және кері байланыс арналарының жұмысындағы проблемалар негізінде әзірленген «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру тәсілдері таныстырылды.
Мәселен, қазіргі уақытта мемлекеттік органдардың тұрғындармен өзара іс-қимылына азаматтардың өтініштерімен жұмыс істеу жүйелілігінің және мемлекеттік органдардың проактивтілігінің болмауы әсер етеді.
Айта кетерлігі, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының басты мақсаты – билік пен халық арасында конструктивті диалог орнату.
2019 жылы Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы азаматтардың барлық өтініштеріне жедел және тиімді жауап беруге бағытталуы керек екенін атап өткен болатын.
«Жасыратыны жоқ, мемлекеттік аппарат қызметіндегі мәселелер көп жағдайда биліктегілер мен азаматтар арасында кері байланыстың жоқтығына қатысты болып келеді.
«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» – бұл барынша ашық және есепті мемлекетті қалыптастыру. Сондықтан, бұл тұрғыда тұрғындардың пікірі барынша ескерілуі тиіс.
Бұл бастамалар азаматтық қоғамды дамытуға негіз болады. Қазіргі шаралар аяқ астынан мәжбүрліктен қолға алынған жоқ. Ол – елімізді демократияландыруға, саяси жүйені жаңғыртуға бағытталған саясаттың жемісі», деп жазды Мемлекет басшысы өз мақаласында.
Қандай да бір қоғам өркендеп дамуы үшін араларында диалогтың болу маңызды. Бір-бірінің пікірімен, көзқарасымен санаспаған, тыңдамаған, естімеген елдің ертеңі бұлыңғыр. Оны тарих талай дәлелдеді. Халық билікке, билік халыққа арқа сүйегенде ғана болашақтың таңы арайлап атады.
