Бүгін қала әкімі Қайсар Маңқараев Сырдария бойындағы қос ауыл — Жиделі мен Байырқұмға арнайы барып, тұрғындармен кездесті. Жиын барысында әкім өткен жылы атқарылған жұмыстарды саралап, алдағы жоспарлармен бөлісті.
Жиделіде жүйелі жұмыстар жалғасуда
Алдымен әкім Жиделі ауылдық округінің тұрғындарымен жүздесті. Мұнда «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында бірқатар маңызды жобалар іске асты. Атап айтқанда, Жиделі елді мекеніндегі Абай, Сырдария, Т.Рысқұлов, Нартай және С.Сейфуллин көшелеріне (жалпы ұзындығы 2,7 шқ) асфальт жол салынды. Аталған бағдарлама шеңберінде ауызсу жүйесіне де күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Сонымен қатар, Жиделінің ішкі газ желілері толық аяқталды. Қазіргі таңда газ жүйесіне қатысты техникалық құжаттар рәсімделіп, тексеру жұмыстары жүруде. Жоспар бойынша, алдағы бір ай көлемінде Жиделіге табиғи газ беріледі. Ал Аққалада ішкі газ жүйесінің құрылысы аяқталуға жақын.
Білім мен спорт саласы да назардан тыс қалмаған. Жиделі елді мекеніндегі «Балбөбек» балабақшасына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Биыл футбол алаңы жөнделмек, ал Аққалада жаңа балалар ойын алаңы орнатылады. Ең маңызды бастамалардың бірі — Жиделіде жаңа спортзал салуға арналған ЖСҚ дайындалуы. Қазіргі таңда Республикалық бюджетке ұсынылған, қаржы бөлінген жағдайда құрылысы басталмақ.
Кездесудің келесі бөлігі Байырқұм ауылында өтті. Биыл мамыр айының басында ауылға табиғи газ берілді. Жақын арада Көкжиде елді мекеніне де көгілдір отын жеткізіледі.
Тұрғындар сұранысы негізінде Байырқұмда «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында заманауи спортзалдың құрылысы басталды. Сонымен бірге, электр желілері мен трансформаторларға ағымдағы жөндеу жүргізу үшін мемлекеттік сатып алу шаралары қолға алынды.
Инфрақұрылымды дамыту бағытында Абай, Б.Майлин және Тұрғынбаев көшелеріне, сондай-ақ Көкжиде елді мекеніндегі М.Мәметова мен Алматы көшелеріне тас төселуде. Ал ауыл орталығындағы орталық Тұрғынбаев көшесіне жаяу жүргіншілерге арналған аяқ жол салу жобасы да жүзеге аспақ. Сондай-ақ, Көкжидеде жаңадан балалар ойын алаңы орнатылады.
Қоса кететін, Мемлекет басшысы өзінің «Сындарлы қоғамдық диалог –Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты халыққа Жолдауында «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы барлық азаматтардың өтініштеріне жедел және тиімді әрекет етуге бағытталуы тиіс екенін атап өтті.
Бұл ретте Президент мемлекеттік аппарат қызметіндегі проблемалар көбінесе азаматтар мен жергілікті жерлердегі шенеуніктер арасындағы кері байланыстың болмауына байланысты екендігіне назар аударды.
Отырыста халықпен тікелей және кері байланыс арналарының жұмысындағы проблемалар негізінде әзірленген «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру тәсілдері таныстырылды.
Мәселен, қазіргі уақытта мемлекеттік органдардың тұрғындармен өзара іс-қимылына азаматтардың өтініштерімен жұмыс істеу жүйелілігінің және мемлекеттік органдардың проактивтілігінің болмауы әсер етеді.
Айта кетерлігі, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының басты мақсаты – билік пен халық арасында конструктивті диалог орнату.
2019 жылы Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы азаматтардың барлық өтініштеріне жедел және тиімді жауап беруге бағытталуы керек екенін атап өткен болатын.
«Жасыратыны жоқ, мемлекеттік аппарат қызметіндегі мәселелер көп жағдайда биліктегілер мен азаматтар арасында кері байланыстың жоқтығына қатысты болып келеді.
«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» – бұл барынша ашық және есепті мемлекетті қалыптастыру. Сондықтан, бұл тұрғыда тұрғындардың пікірі барынша ескерілуі тиіс.
Бұл бастамалар азаматтық қоғамды дамытуға негіз болады. Қазіргі шаралар аяқ астынан мәжбүрліктен қолға алынған жоқ. Ол – елімізді демократияландыруға, саяси жүйені жаңғыртуға бағытталған саясаттың жемісі», деп жазды Мемлекет басшысы өз мақаласында.
Қандай да бір қоғам өркендеп дамуы үшін араларында диалогтың болу маңызды. Бір-бірінің пікірімен, көзқарасымен санаспаған, тыңдамаған, естімеген елдің ертеңі бұлыңғыр. Оны тарих талай дәлелдеді. Халық билікке, билік халыққа арқа сүйегенде ғана болашақтың таңы арайлап атады.
