Қала әкімі Қайсар Маңқараевтың халықпен есептік кездесуінде биыл атқарылатын жұмыстардың негізгі бағыты инфрақұрылымды жаңғырту мен тұрғындар сұранысын орындауға бағытталатыны айтылды. Әкім тұрғындармен өткен кездесулер мен жеке қабылдауларда көтерілген ұсыныстар ескеріліп, қаланың даму жоспарына сәйкес нақты жобалар жүзеге асатынын айтты.
Атап айтқанда, биыл Қаражантақ, Бақырша, Дермене, Теміржолшы, Байтоғай, Қожатоғай, Атамекен және Шөгірлі елді мекендерінің ауызсу жүйелері ағымдағы жөндеуден өтеді.
Қала аумағында тұрғындар қозғалысы мен қауіпсіздігін арттыру бағытында да жұмыстар күшейеді. Жыл соңына дейін 10 жаңа аялдама орнатылып, 3 жерге бағдаршам қойылады. Қала ішіндегі 7 көше ағымдағы жөндеуден өтсе, Тараз тұрғын ауданында жаңа жол салынып, Асылбеков көшесіндегі №2, 4, 6, 8 және 10 үйлердің аулаларындағы жолдар жөнделеді.
Жаяу жүргіншілер үшін де қолайлы жағдайлар қарастырылып отыр. Теміржол көпірінен Мұстафин көшесіне дейін аяқ жол салу жұмыстары қолға алынбақ. Сонымен қатар, елді мекендерде де жол инфрақұрылымын жақсарту жалғасады. Атап айтқанда, П.Арапов ауылындағы бір көше мен Байтоғай елді мекеніндегі екі көшеге жаңа жол салынады. Ақдала ауылында М.Мақатаев көшесіне аяқ жол төселіп, П.Арапов ауылындағы бір көшеге асфальт жаю көзделген. Бұдан бөлек, 11 елді мекеннің ішкі көшелеріне тас төселеді. Қаражантақ елді мекенінің кірме жолы да жөндеуден өтеді.
Абаттандыру бағытында Көктем тұрғын ауданындағы Ардагер №103, 104, 105 үйлері ағымдағы жөндеуден өтеді. Осы аудандағы көпқабатты үйлер мен Әйтеке би көшесіндегі №66 үйдің жылу жүйелері де жаңартылып, қысқы маусымға дайындық күшейтіледі.
Қала және ауыл тұрғындарының белсенді ұсыныстарының бірі — балалар ойын алаңшаларын көбейту мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Биыл 12 жаңа балалар ойын алаңы орнатылады: бесеуі қалада, жетеуі елді мекендерде бой көтереді.
Салауатты өмір салтын қалыптастыру үшін Жиделі, Монтайтас және ШПЗ тұрғын аудандарындағы футбол алаңдарына жөндеу жүргізіліп, Саяжай тұрғын ауданында жаңа футбол алаңы салынады.
Қоса кететін, Мемлекет басшысы өзінің «Сындарлы қоғамдық диалог –Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты халыққа Жолдауында «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы барлық азаматтардың өтініштеріне жедел және тиімді әрекет етуге бағытталуы тиіс екенін атап өтті.
Бұл ретте Президент мемлекеттік аппарат қызметіндегі проблемалар көбінесе азаматтар мен жергілікті жерлердегі шенеуніктер арасындағы кері байланыстың болмауына байланысты екендігіне назар аударды.
Отырыста халықпен тікелей және кері байланыс арналарының жұмысындағы проблемалар негізінде әзірленген «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру тәсілдері таныстырылды.
Мәселен, қазіргі уақытта мемлекеттік органдардың тұрғындармен өзара іс-қимылына азаматтардың өтініштерімен жұмыс істеу жүйелілігінің және мемлекеттік органдардың проактивтілігінің болмауы әсер етеді.
Айта кетерлігі, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының басты мақсаты – билік пен халық арасында конструктивті диалог орнату.
2019 жылы Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы азаматтардың барлық өтініштеріне жедел және тиімді жауап беруге бағытталуы керек екенін атап өткен болатын.
«Жасыратыны жоқ, мемлекеттік аппарат қызметіндегі мәселелер көп жағдайда биліктегілер мен азаматтар арасында кері байланыстың жоқтығына қатысты болып келеді.
«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» – бұл барынша ашық және есепті мемлекетті қалыптастыру. Сондықтан, бұл тұрғыда тұрғындардың пікірі барынша ескерілуі тиіс.
Бұл бастамалар азаматтық қоғамды дамытуға негіз болады. Қазіргі шаралар аяқ астынан мәжбүрліктен қолға алынған жоқ. Ол – елімізді демократияландыруға, саяси жүйені жаңғыртуға бағытталған саясаттың жемісі», деп жазды Мемлекет басшысы өз мақаласында.
Қандай да бір қоғам өркендеп дамуы үшін араларында диалогтың болу маңызды. Бір-бірінің пікірімен, көзқарасымен санаспаған, тыңдамаған, естімеген елдің ертеңі бұлыңғыр. Оны тарих талай дәлелдеді. Халық билікке, билік халыққа арқа сүйегенде ғана болашақтың таңы арайлап атады.
