Арыс қалалық «Ардагерлер орталығы» ғимаратында қалалық ардагерлер кеңесінің кезекті пленумы өтті. Жиынға Түркістан облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов, қала әкімінің орынбасары Ерғали Омарұлы, қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ғани Садықов, ардагерлер кеңесінің мүшелері, «Әжелер алқасы» және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Ұйымдастырушылық қабілетімен танылған төрағаға алғыс білдірілді:
Пленум жұмысына төрағалық еткен облыстық ардагерлер кеңесінің жетекшісі Жеңісбек Мәуленқұлов алғаш болып сөз алып, Тәңірберген Әсіловтің ардагерлер кеңесіне сіңірген еңбегіне ерекше тоқталды.
«Қалалық ардагерлер кеңесін төрт жыл бойы басқарған Тәңірберген Әсілов бұл кезеңде көптеген игі істерге ұйытқы болды. Арыста алғаш рет Ардагерлер орталығының ашылуына мұрындық болып, кеңес мүшелерінің белсенділігін арттыру бағытында ауқымды жұмыстар атқарды. Облыс көлеміндегі іс-шараларда да ұйымшылдық пен көшбасшылық танытты», – деді Ж. Мәуленқұлов.
Тәңірберген Әсіловтің жуырда Арыс қалалық Қоғамдық кеңес төрағасы болып сайлануына байланысты, аталған қызметтен босату туралы өтініші кеңес мүшелері тарапынан бірауыздан қолдау тапты.
Жаңа төраға – зиялы қауым өкілі:
Пленум барысында қалалық ардагерлер кеңесінің төрағалығына Қазақстан Республикасы оқу ісінің үздігі, ақын-жазушы, бірнеше жинақтардың авторы, білім саласында ұзақ жылдар абыройлы қызмет атқарған Әбсаттар Сағатұлы Жүніс ұсынылды.
Кандидатураны қатысушылар бірауыздан қолдап, дауыс беру нәтижесінде Әбсаттар Сағатұлы Арыс қалалық ардагерлер кеңесінің жаңа төрағасы болып сайланды.
Жиынға қатысқан ардагерлер мен зиялы қауым өкілдері жаңа төрағаға сәттілік тілеп, оның өмірлік тәжірибесі мен ұйымдастырушылық қабілеті кеңестің жұмысын одан әрі жандандыратынына сенім білдірді.
Айта кетейік, қалалық ардагерлер кеңесі – қоғамдағы ұрпақтар сабақтастығын қамтамасыз етіп, рухани-мәдени құндылықтарды сақтау, жастарға үлгі болу және ардагерлердің әлеуметтік мәселелерін шешуге атсалысатын маңызды қоғамдық ұйымдардың бірі.
