• Вс. Ноя 24th, 2024
Популярные метки

АРДАГЕРЛЕР КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАЛҚА МӘЖІЛІСІ ӨТТІ

Автор:admin

Авг 19, 2024
Spread the love

Сауран ауданындағы «Қамқорлық» орталығында аудандық ардагерлер кеңесінің төралқа мәжілісі болып өтті. Мәжіліске Түркістан облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Бақытжан Раманқұлов, аудан әкімінің орынбасары Бақытжан Букебаев, ардагерлер кеңесінің және әжелер алқасының мүшелері, мәдени орталық өкілдері, қоғамдық бірлестіктер, дін өкілдері қатысты. Жиынды аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейілхан Ахметов ашып, жүргізіп отырды.
Мәжілістің күн тәртібінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ІІІ Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінен туындайтын міндеттер мен мақсаттар «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» және аудандық ардагерлер кеңесінің 7 айлық атқарған жұмыстарының есебі тыңдалды.
Күн тәртібіндегі қаралған мәселелар бойынша аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейілхан Ахметов жыл басынан бергі атқарылып жатқан жұмыстары жөнінде баяндап өтті. Сонымен бірге, Түркістан облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Бақытжан Раманқұлов, аудан әкімінің орынбасары Бақытжан Букебаев ақсақалдар мен ардагерлеріміздің елді бірлікке, ынтымаққа, жастарға тәлім тәрбие, татулығымызды нығайту бағытында ауылдық округтерде түсіндірме жұмыстарын кеңінен жүргізуге шақырды.
Жастардың тәрбиесіне байланысты сөздерді халқымыздың ағартушысы, ұлт ұстаздарынан болған Абай Құнанбайұлының сөздерімен жеткізер болсақ, оның жастарға ең бірінші қойған талабы ахлақ жағынан ұстамды таза болу, сыпайы, мінезді, әдетшіл, шыншыл болу керектігін алға тартқан. Сондай-ақ, екінші талабы тұрақтылық, қандай жағдай болмасын, өмір атты кемеде тұрақты, бір қалыпты болуға шақырады. Ал үшінші талабы әділ болу. Сарғайған, жылан үймелеген алтынға үйір болмай, әділдік жолын ұстануды айтады.
Жастар дүниеге келе салысымен есті болмайды, қоғамда адамдармен араласу арқылы естіп, көріп, дәм татып, естілердің жанында жүру арқылы есіне сақтап қана естілер қатарын толықтырады. Ал осы естілердің қатарынан саналуы үшін күніне немесе айына бір рет болсын өз-өзіңе есеп беріп отыру қажеттілігін айтады.
Шыны керек, жастарға тәрбие беру қазіргі таңда қиынның қиыны. Олармен сұқбаттасу үшін заманауи технологиядан арылулары қажет деген ойға келесің. Өйткені тәрбие беру барысында айтылған әрбір сөз олардың ішкі жан дүниесіне әсер етуі қажет. Ал қазіргі таңда олардың гаджеттері өмірлерінің бөлшегіне айналғандықтан, айтылған сөз иесін таба алмай қалып жатыр. Қазіргі ата-аналардың балаларына көңіл бөлудегі уақыттың болмауы, смартфон секілді құрылғыларды пайдаланудың белең алуы секілді уақиғалар жастар тәрбиесіне кері ықпалын тигізеді. Бұл жастардың ата-анасынан емес, ғаламтордан тәрбие алып жатыр деген сөз. Егер дәл осындай қалыпта жалғаса беретін болса, жастарымыз майдаланып, ұлттық кодтың сақталуына күмәнмен қарайтын боламыз. Сондықтан жастар тәрбиесі баршамыздың иығымызға артылған үлкен бір парыз, жүк болып есептеледі. Оларға дұрыс бағыт-бағдар беру, тарихын үйрету, тілін сақтау, дәстүріне берік болу, дінін мықтылап ұстату баршамызға парыз міндет.
Мемлекет басшысы бүгінгі жастарды Қазақстанның келбеті деуге болатындығын баса айтты.
«Шын мәнінде, кез келген мемлекетті тұрғындарына қарап бағалайды. Яғни, біздің қандай ел боларымыз өскелең ұрпаққа байланысты. Сондықтан жастарымыз отаншыл, білімпаз, еңбекқор, үнемшіл, әділ әрі жанашыр болуы қажет. Жастар спортпен, дене шынықтырумен айналысуы керек. Мен мұны үнемі айтып жүрмін. Осы құндылықтарды барынша насихаттап, тарату қажет. Сонда жеке адамның қасиеті тұтас ұлттың қасиетіне айналады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің атап өтуінше, жастар кез келген өзгеріске бейім болады.
«Әр нәрсені бойына тез сіңіреді. Мен сіздерді жақсыдан үйренуге, жаманнан жиренуге шақырамын. Ұлы Абай айтқан бес нәрседен қашық, бес нәрсеге асық болыңыздар. Сіздер дәріптеген құндылықтар қоғамда тез орнығады. Сіздер қолдаған өзгерістер жылдам жүзеге асады. Бәріміздің тілегіміз – бір, бұл – қоғамымызда жаппай әділеттік орнату. Ендеше, мақсатымызға бірге жетейік. Мен жас ұрпақтың жасампаздық қуатына сенемін. Өздеріңіз сияқты саналы ұл-қыздары бар Қазақстан өркениет көшінің басында болары сөзсіз», – деді Мемлекет басшысы.
Қазіргі қоғам алдында тұрған өткір мәселелердің бірі – жастар тәрбиесі. Жас ұрпақтың бойындағы негізгі құндылықтар отбасынан басталады десек, оқу орындары – бағыт-бағдар беруші орта. Бүгінгі таңда жасөспірім ұл-қыздарымыздың арасында қоғамға жат әдеттер мен жағымсыз қылықтар көбейіп кеткеніне байланысты жас ұрпаққа жан-жақты өнегелі тәрбие беру қоғамымыздың алға қойып отырған басты мақсаты болып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде: «Біз ұлттық бірегейлігімізді нығайтуымыз қажет. Ұлтымыздың бірегейлігі бұл – оның табысты болуы деген сөз. Адал азаматқа тән қасиеттер әрбір жастың бойынан табылуы керек. Біз ұрпақ тәрбиесіне баса мән беріп, жастарды жақсылыққа жетелеуіміз керек. Мемлекеттің ең басты байлығы – адам, яғни азаматтар. Әрбір ата-ана саналы ұрпақ өсіруге баса мән беруге тиіс», – деген болатын.
Мәжілісте көптеген ұсыныс-пікірлер айтылды. Көтерілген мәселелер мен ұсыныстар назарға алынып, алдағы уақытта жоспарлы жұмыстар жүргізілетін болды. Жиынды аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейілхан Ахметов қорытындылады.

Автор: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика