• Вт. Июн 17th, 2025
Популярные метки

АППАРАТТЫҚ ЖИЫНДА ЖОЛ ЖӘНЕ ИНФРАҚҰРЫЛЫМ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Автор:admin

Июн 16, 2025
Spread the love
Бүгін Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлының төрағалығымен кезекті аппараттық жиын өтіп, жол инфрақұрылымын дамыту жоспарының орындалу барысы және мердігер ұйымдардың жұмысына бақылау мен қаланың 6 секторы бойынша өзекті мәселелер қаралды.
Қазіргі таңда қалада 845 шақырым жол мен 875 көше бар. Өткен жылдың қорытындысы бойынша олардың 50,3%-ы жақсы және қанағаттанарлық жағдайда.
Биыл қосымша 138,5 шақырым жолды жөндеу жоспарлануда. Бұл жұмыстар толық іске асырылған жағдайда жақсы жағдайдағы жолдардың үлесі 66,7%-ға жетеді деп күтілуде.
Қала әкімі орындалып жатқан жұмыстардың сапасы мен қарқынына байланысты бірқатар сын-ескертпелер айтты. Атап айтқанда, жөндеу жұмыстарының баяу жүргізіліп жатқаны, ішкі көшелердің назардан тыс қалуы және жобалық-сметалық құжаттар мен бюджеттеу барысында жүйелі кемшіліктердің бар екендігі айтылды.
Мәжіліс барысында жол инфрақұрылымына қатысты тұрғындар тарапынан түскен шағымдарға ерекше назар аударылды. 2025 жылдың 27–29 мамыр аралығында өткен қоғамдық қабылдаулар барысында 171 мәселе көтеріліп, соның 52-сі жол мәселелеріне қатысты болған. Бұл – әр үшінші шағым жол сапасына байланысты екенін білдіреді.
— «Көшелер жөнделіп жатыр, жобалар жасалуда – бірақ тұрғын сұранысы мен жоспардың арасында байланыс жоқ. Қала аумағында жаңадан асфальт төселіп жатқан көшелерге жол белгілері уақытылы орнатылмай отыр. Бұл – ең алдымен жол-көлік оқиғаларына алып келетін тікелей қауіп. Бұдан былай жол жөндеу мен жол қауіпсіздігі шаралары — біртұтас процесс ретінде қаралуы тиіс. Жол бар, бірақ белгі жоқ деген жағдайға мүлде жол берілмесін», — деді қала әкімі.
Сонымен қатар, мониторинг және жедел әрекет ету орталығының жұмыс нәтижесінде анықталған өзекті мәселелер талданып, қала аумағындағы ретсіз сауда мен жарнамаларды ретке келтіру, салық төлемдерін өндіру, кәсіпкерлермен жүйелі жұмыс жүргізу, сондай-ақ депутаттық сауалдарға берілетін жауаптардың тұрғындарға да қолжетімді болуын қамтамасыз ету жөнінде нақты тапсырмалар берілді.
Қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы барлық берілген тапсырмалардың орындалуын жеке бақылауына алатынын, жол-көлік инфрақұрылымы, қоғамдық қауіпсіздік және қала тазалығы тұрғындардың өмір сапасына тікелей әсер ететін негізгі басым бағыттар екенін атап өтті.

Автор: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика