• Вс. Ноя 24th, 2024
Популярные метки

Алтай Көлгінов Түркістан облысындағы денсаулық сақтау және білім беру нысандарын аралады

Автор:admin

Ноя 3, 2023
Spread the love
Түркістан облысына сапары барысында Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Алтай Көлгінов Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында өңірдің әлеуметтік дамуының өзекті мәселелерін шешу бойынша кеңес өткізді. Мәжіліске Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды мен өңірдің аудан және қала әкімдері, басқарма басшылары қатысты.
Сондай -ақ ол облыстағы бірқатар денсаулық сақтау және білім беру нысандарын аралады.
Түркістан облысында медициналық қызметтердің сапасын арттыру мәселесі бірнеше себептермен өткір тұр: өңірде 257 дәрігер тапшы, медициналық жабдықтарының тозуы – 45%, медициналық мекемелердің жартысының тозығы жеткен.
Түркістан облысында «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы бойынша алдағы үш жылда 49 медициналық нысан салу жоспарлануда. Өңірде төрт ауданаралық және екі көпсалалы аурухананы жөндеу және заманауи жабдықтармен (КТ, МРТ, ангиографтар, сараптамалық санаттағы УДЗ аппараттары және т.б.) қамту жоспарланған.
— Түркістан облысының әкімдігі медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыру, көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасын көтеру, сондай – ақ жас мамандарды тарту үшін жағдай жасау жөнінде кешенді шаралар қабылдауы қажет, — деп атап өтті Алтай Көлгінов. – Ең тапшы мамандықтар бойынша дәрігерлерді даярлауға тапсырысты ұлғайту, оларды материалдық жағынан қызықтыру, әлеуметтік қолдау шараларын ұсыну керек.
Осыған ұқсас қиындықтар өңірдің білім беру саласында да жеткілікті. Түркістан облысында 7 апатты және 14 үш ауысымды мектеп бар, балабақшаларға кезек 3,5 мыңды құрайды, оқушы орындарының тапшылығы 33,6 мыңға жетті, бастауыш сынып оқушыларының тек 22,6% — ы ыстық тамақпен қамтылған, ал әлеуметтік осал отбасылардан шыққан мектепке дейінгі балалар ыстық тамақпен мүлде қамтамасыз етілмеген.
Сонымен қатар, 328 мектепте техникалық мүмкіндіктердің болмауына байланысты интернет жылдамдығы төмен, 16 мектептің дәретханалары сыртта орналасқан, зертханалар мен колледж шеберханаларының 40%-н жаңарту қажет.
— Түркістан облысында үш ауысымды және апатты мектептер мәселесін шешу үшін алдағы үш жыл ішінде 96 білім беру нысанын салу жоспарлануда. «Жайлы мектеп» бағдарламасы аясында 63 мектеп, жергілікті бюджет қаражатынан 13 мектеп салынады, — деп атап өтті А. Көлгінов. – Сонымен қатар, еліміз бойынша 72 мектеп білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры есебінен салынады, оның 11 – і Түркістан облысында бой көтереді.
Кеңес барысында ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі әкімдіктермен бірлесіп нақтылаумен айналысатын отбасының Цифрлық картасы үшін деректерді өзектендіру мәселелері талқыланды. Жаңартылған деректер әрбір азаматтың мәртебесін анықтауға, әлеуметтік қолдауға мұқтаж, кепілді мемлекеттік қызметтермен қамтылмаған балаларды анықтауға көмектеседі.
Қоғамды толғандыратын мәселелердің бірі — аймақтағы тұрмыстық зорлық-зомбылық деңгейі. Вице-премьер атап өткендей, мәселе азаматтардың өмірі мен денсаулығына, отбасылардың әл-ауқатына тікелей қатысты, сондықтан әрбір аудан әкімі бұл маңызды мәселені бақылауда ұстауы тиіс.
Алтай Көлгінов сондай-ақ жастарды қолдаудың өңірлік бағдарламасын тезірек қабылдау қажеттілігіне баса назар аударды, ол ең негізгі мәселелерді шешуге тиіс: жұмысқа орналастыру, оқыту, тұрғын үй, бос уақыт.
— Халықтың өмір сүру сапасы әлеуметтік саладағы өзекті мәселелерді шешуге тікелей байланысты. Түркістан облысында халық саны тез өсуде. Денсаулық сақтау, білім беру, жұмыспен қамту мәселелері кешенді түрде шешіліп, жергілікті мемлекеттік органдардың тұрақты бақылауында болуға тиіс, — деп атап өтті Алтай Көлгінов кеңес соңында.
Аймаққа сапар аясында вице-премьер бірқатар қолданыстағы және салынып жатқан денсаулық сақтау және білім беру нысандарын аралады. Оның ішінде Түркістандағы 570 төсек орындық көпсалалы орталық аурухананың құрылыс алаңында болды. Мұнда өңірдің басқа да медициналық нысандарының жобалары таныстырылды: Түркістандағы 190 төсек орындық облыстық балалар ауруханасы, Сарыағаш ауданындағы перинаталдық орталығы бар медициналық кешен, Ордабасы және Мақтаарал аудандарындағы аудандық ауруханалар, сондай-ақ Сарыағаш қаласындағы қалалық емхана, Арыс қаласындағы жедел жәрдем станциясы бар емхана мен Шорнақ ауылындағы аудандық емхана.
Вице-премьер сонымен бірге Түркістандағы Әмір Темір атындағы мектеп пен Қазығұрт ауданы, Шарапхана ауылындағы мектептердің құрылысына барды. Сонымен қатар Алтай Көлгінов «Ақжайық» музыкалық мектебінде болды, онда балалар музыкалық аспаптардың 11 түрінде ойнауды үйренеді.

Автор: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика