Бүгін Шардара қаласы Қ.Аманжолов мектебінде өскелең ұрпаққа үлгі болатын маңызы зор іс-шара өтті.
Нақтырақ айтсақ, 1998 жылы 12 қазанда шақырту бойынша шығып, оқиға орнында оққа ұшып, қаза тапқан Шардара аудандық полиция бөлімінің жедел уәкілі полиция аға лейтенанты Ақдәулет Тажмағанбетұлы Сандыбаевқа арналып, «Батылдық бұрышы» ашылды. Онда полицейдің ерліктері, қызмет жолдары сипатталған «Ерлік- елдің қасиеті, жүректілік жігіттің қасиеті» тақырыбында естеліктері қойылды. Сондай-ақ полицейдің қызмет барысындағы жанкештілік әрекеті ескеріліп, 2005 жылы 12 желтоқсанда ҚР Президентінің Жарлығымен II дәрежелі «Айбын» орденімен наградталған.
Аталған іс-шараға Шардара ауданы әкімі апаратының ішкі саясат бөлімінің бастығы Бақытжан Таласов, Шардара ауданының бас полицейі Шералы Әділханұлы, ІІО-ның бастауыш ардагерлер ұйымы төрағасының орынбасары Амангелді Искаков және полицейдің туыстары, мектеп ұжымы қатысты.
Тағылымы мол шара барысында жас буынға полицей А.Сандыбаевтың өмір жолы, батырлық әрекеттері айтылды. Жиналғандар жұлдызы ерте сөнген полицейді 1 минут үнсіздікпен еске алды. Қарындасы Сара Сандыбаеваға гүл шоқтары табысталды.
Негізгі мақсат – жасөспірімдерді патриоттыққа тәрбиелеу, Отан үшін адал қызмет еткен батыр аға-әпкелерін үлгі ету, оқушылардың жеке басын қалыптастыру және дамыту.
Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі