Бүгін қала әкімі Ғабит Сыздықбеков «Amanat» партиясы филиалында азаматтарды қабылдап, тұрғын үй, жер қатынастары, кәсіпкерлік және көлік инфрақұрылымы салаларындағы мәселелерді қарастырды. Сондай-ақ тұрғындар қалада су құбырларының өткізгіштігін арттыру үшін автоматты тазарту станциясын орнату туралы ұсыныстарын да жеткізді.
Мегаполис басшысы әріптестерімен бірге қала әкімдігінде 120-дан астам азаматты қабылдады. Тұрғындар білім беру, әлеуметтік көмек көрсету, тұрғын үймен қамтамасыз ету және жер телімдерін заңдастыру мәселелерін көтерді. Сонымен қатар, ерекше балаларға арналған мектеп салу, қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару жобаларын таныстырды.
Айта кететін, отбасының немесе жеке адамның әлеуметтік жағдайына байланысты көмек екі түрге бөлінеді: шартсыз және шартты.
Шартсыз ақшалай көмек — жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына қатысуға мүмкіндігі шектеулі табысы аз адамдарға (отбасыларға) ай сайынғы ақшалай төлемдер нысанында көрсетілетін атаулы әлеуметтік көмек түрі.
Шартты ақшалай көмек – өз құрамында еңбекке қабілетті мүшесі бар жалғызілікті және жалғыз тұратын аз қамтылған еңбекке қабілетті адамдарға, сондай-ақ аз қамтылған отбасыларға, оның ішінде бірыңғай жиынтық төлемді төлеушілер болып табылатын жеке тұлғаларға ай сайынғы ақшалай төлемдер нысанында көрсетілетін атаулы әлеуметтік көмек түрі жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына қатысу және қажет болған кезде әлеуметтік бейімдеу шараларына қатысу.
Жалпы, қала әкімі мен орынбасарлары, аудан әкімдері мен басқарма басшылары тұрғындардың өтініштерін тыңдап, тиісті шешімдер қабылдады. Азаматтар тарапынан көтерілген әрбір мәселе жіті бақылауда болатынын және заң шеңберінде шешілетінін жеткізген Ғ.Сыздықбеков аудан әкімдері мен сала басшыларына бірқатар тапсырмалар берді, деп хабарлайды Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған R-FACTOR.KZ.