Әлеуметтік желілерде Шымкент қаласы патрульдік полициясының қызметтік автокөлігінің қатысуымен болған жол-көлік оқиғасының бейнежазбасы тарады.
Жайт 9 мамырда орын алған. Масаң хәлдегі ер адам Түркістан облысында біреудің көлігін ұрлап әкетіп, жолда авариялық жағдай туғызған.
Оқыс оқиғаны болдырмау үшін патрульдік полиция инспекторлары Асыл Кеңес пен Бағлан Дүйсебай оның жолын қызметтік автокөлікпен жауып, нәтижесінде соқтығысу орын алды.
– Көрші облыстағы әріптестерімізден ұрланған көлік туралы бағдар түсті. Рулдегі адамның мас күйде екенін бірден түсіндік. Қауіпті жүргізушіні тоқтату жолын жаптық. Бұны жол қозғалысының өзге де қатысушыларының қатысуымен қайғылы салдарды болдырмау үшін жасадық, азаматтардың амандығы үшін, — дейді офицерлер.
Көлікті масаң хәлде басқарғаны және полиция қызметкерлерінің заңды талабын орындамағаны үшін ер адам жауапқа тартылды.
Автокөлікті ұрлау жайтын Түркістан облысының тәртіп сақшылары тергеуде.
Айта кететін, жүргізуші куәлігі жоқ азаматтың басқаруындағы Kia K9 автокөлігін патрульдік полиция қызметкерлері Тұран ауданының аумағында тоқтатты. Қала тұрғыны өткен жылдың күзінде мас күйінде көлік жүргізгені үшін көлік құралдарын басқару құқығынан айырылғаны анықталды. Атап өтейік, аталған құқық бұзушылық 50 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға не 10 тәулікке әкімшілік қамаққа алуға әкеп соғады. Ұсталған ер адамның темір тұлпары айып тұраққа қойылды. «Қорғау» қосымшасы тәртіп сақшыларына мегаполистің автожолдарында жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзғандарды анықтауға септігін тигізеді, сондай-ақ, ең алдымен, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Жыл басынан бері қосымшаның көмегімен бұрын соңды көлік басқару құқығынан айырылғанына қарамастан рулге отырған 200-ден астам тұлға жауапқа тартылды.