• Вс. Авг 3rd, 2025
Популярные метки

АБАЙ ЕЛІНДЕ ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ МӘДЕНИЕТ КҮНДЕРІ БАСТАЛДЫ

Автор:admin

Авг 2, 2025
Spread the love
Бүгін Абай елінде Түркістан облысының мәдениет күндері басталды. Мерекелік шараға Абай облысының әкімі Берік Уәли арнайы қатысып, түркістандықтарға ерекше ризашылығын жеткізді. Қос өңір арасындағы рухани-мәдени ынтымақтастықтың маңызын атап өтті.
Семей қаласындағы «Арена» кешенінде өтіп жатқан ауқымды іс-шараның мәнін Түркістан облысының Мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Ержан Исатаев пен Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Ермұхаммед Құралбеков таныстырып өтті. Абай жұртшылығына Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің сәлемі мен ыстық ықыласын жеткізді.
Екі күнге жоспарланған ауқымды іс-шара аясында Түркістан облысының ауыл шаруашылығы өнімдерінен құралған жәрмеңке ұйымдастырылып, Абай еліне 540 тоннадан астам көкөніс, бақша, жеміс-жидек, балық және өңделген тағам өнімдері жеткізілді. Тұрғындарға сапалы өнімдер қолжетімді бағада сатылып жатыр.
Мәдени күндер аясында Шәмші Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияның концерттік бағдарламасы өтіп жатыр. Бағдарламада қазақтың ұлттық болмысын айшықтайтын фольклор, патриоттық рухтағы әндер, классикалық композициялар, би және вокалдық шығармалар көпшілікке ұсынылуда. Сонымен қатар қолөнер бұйымдарының көрмесі көпшіліктің ерекше қызығушылығына ие болды.
Түркістан – сан ғасырлық тарих пен мәдениеттің алтын бесігі, ал Семей – қазақ руханиятының күре тамыры. Екі өңірдің өнері мен салт-дәстүрі тоғысқан бұл шара қазақтың бас ақыны, ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылып отыр. Ұлт руханиятын ұлықтаған Түркістан керуені ертең де жалғасады.

Автор: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика