Шымкент қаласының экономикасы соңғы жылдары тұрақты түрде дамып келеді. Бұған қалаға тартылған инвестиция көлемінің артуы мен өнеркәсіп саласындағы тың әрі серпінді жобалар ықпал етіп отыр. Өткен жыл жалпы өңірлік ішкі өнім көлемі 4,4 триллион теңгеден асып, 2023 жылғымен салыстырғанда 7,7 пайызға артты.
Қаланың өнеркәсіп кәсіпорындары 1 триллион 157,2 млрд теңгенің өнімін өндіріп, өнім көлемі 3 пайызға артты. Өсім республикалық көрсеткіштен (РК – 102,8%) жоғары болып қалыптасқан. Өнеркәсіп саласында үлесі 87,9 пайыз құрайтын өңдеу өнеркәсібінде 1 триллион 017,7 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, өндіріс индексі 103,7 пайыз құрады.
Өңдеу өнеркәсібінің негізгі салаларында өсу динамикасы қалыптасқан: дайын металл бұйымдар өндірісі – 43,5 %-ға, химия өнеркәсібі – 41,4%-ға, фармацевтикалық өнімдер мен препараттар – 33,3 %-ға, сусындар – 7,6 %-ға, тамақ өнімдері – 7,2 %-ға, машина жасау – 4,7 %-ға, резина және пластмасса бұйымдары – 4 %-ға, өзге де бейметалл минералдық өнімдер – 3,7%-ға, қағаз өнімдері – 1,7 %-ға және мұнай өнімдерін қайта өңдеу –
1,2 %-ға артқан.
Шымкент қаласы бірқатар өнім өндіруден республикада алдыңғы қатарда. Республикада өндірілетін мақта майының 97 пайызы, мақта маталарының – 91 пайызы, дәрілік заттардың – 36 пайызы, шыны ыдыстардың – 35 пайызы, цемент клинкерлерінің – 30 пайызы, мотор отынының – 38 пайызы, тазартылған күнбағыс майының – 38 пайызы, өңделген шай мен кофенің – 34 пайызы, минералды тыңайтқыштардың – 23 пайызы, портландцементтің – 24 пайызы Шымкент қаласына тиесілі.
Бүгінде қаланың өнеркәсіп секторын орнықты дамыту үшін жұмыс жалғасып жатыр. Мәселен, жуырда қалада тағы да үш өндіріс орны жұмысын бастады. «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында «BIK Kanc» ЖШС А4, А3 форматтағы қағаз өндірісі, ЖК «ZeineP» дезинфекциялық құралдар өнідірісі және «Жұлдыз» индустриялық аймағында орналасқан «Sauran Bricks» ЖШС автоклавты газды бетон өндіретін жаңа зауыт іске қосылды. А4, А3 форматтағы қағаз өндірісінің құны 500 млн теңге, жылына 3,5 млн қағаз қаптамасын өндіреді. Жоба аясында 35 жұмыс орны құрылады. Ал, жылына 10 мың тонна дайын өнім шығаратын «ZeineP» кәсіпорнында 80 адам жұмыс істейді. Өнімдерді ішкі нарыққа сату, ТМД елдеріне экспорттау жоспарлануда.
«Sauran Bricks» ЖШС автоклавты газды бетон өндірісі инвестициялық жобасы Оңтүстік өңірін сапалы құрылыс материалдарымен қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырылып отыр. Зауыттың жалпы инвестициялық құны 7,8 миллиард теңгені құрайды. Зауыт толық қуаттылықпен іске қосылғаннан кейін үш ауысымда 150 адамды тұрақты жұмыспен қамту жоспарлануда. Кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына 200 мың м³, (күніне 555 м³ немесе айына 16 500 м³) өнім шығаруға мүмкіндік береді.
Жобаны іске асыру үшін «Жұлдыз» индустриялық аймағынан 5,2 гектар жер телімі бөлінген. Қазіргі уақытта зауыттың құрылыс-монтаж жұмыстары толық аяқталып, қытайлық KEDA компаниясының заманауи, автоматтандырылған технологияларына негізделген құрал-жабдықтар орнатылған. Бұл өнімділікті арттырып, сапаны қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Жобаның іске асуы құрылыс индустриясының дамуына, импортты алмастыруға, сапалы және қолжетімді құрылыс материалдарымен қамтамасыз етуге, өңірлік экономиканың жандануына елеулі үлес қосады.
