Ордабасы аудандық Халыққа қызмет көрсету орталығында мемлекеттік орган өкілдері мен заңгерлерден құралған топ «Халық заңгері» акциясы аясында халыққа құқықтық кеңес беріп, жеке қабылдау өткізді.
Акцияның мақсаты — халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру және тегін заң көмегін көрсету. Кез келген азамат еліміздің заң қоғамдастығындағы ең үздік өкілдерден тегін қажетті кеңес ала алады. Олардың арасында белгілі адвокаттар, нотариустар, прокурорлар, тергеушілер, сот орындаушылары, мемлекеттік органдардың басшылары және басқалары бар.
Заң үстемдігін нығайту мақсатында қазір «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының қағидаттарын енгізу арқылы «Әділетті Қазақстан» құру мәселесі күн тәртібіне шығып отыр.
«Халық үніне құлақ асатын мемлекет», «Әділетті Қазақстан» – бұл әуелі халықтың заңды құқығы мен азаматтық қоғам қағидаттарына сай экономикалық, әлеуметтік, саяси құқықтарының қорғалуын қамтамасыз ететін мемлекеттік ұстаным. Заңды білу тек құқық қорғау органдары мен заңгерлерге ғана міндет емес. Заңды білу және заң талаптарын орындау, алдымен халықтың құқықтық сауаты мен құқықтық мәдениетін қалыптастыру арқылы жүзеге асады. Яғни, құқықтық мемлекет құру, заң үстемдігін орнату процесінде құқықтық тәрбие мәселелерінің маңызы жоғары.
Республикалық әлеуметтік акцияда полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары Бақытжан Маханбетов тұрғындардың жол қауіпсіздігі, алаяқтық және айыппұлға қатысты сауалдарына жауап беріп, құжат рәсімдеуге қатысты құқықтық кеңес берді.
Өз кезегінде ауыл-аймақтың тұрғындары арыз-шағым мен өтініштерін қараған полицейлерге алғыс білдірді.
2016 жылы басталған акцияға бүгінге дейін 8000-нан астам үздік сарапшы мен мемлекеттік органдардың шешім қабылдай алатын құзіретке ие өкілдері қатысып, 165 мыңнан астам адам құқықтық кеңес алған.