Н.Оңдасынов атындағы №38 мектеп-гимназиясының 11 “Ә” сынып оқушысы Мадияр Бейсенбеков – білім мен ғылымға ұмтылған дарынды жас. Оның жетістіктері тек мектеп қабырғасымен шектелмей, халықаралық деңгейде де мойындалып отыр. Мадияр 15 беделді университеттен шақырту алып, өзінің білімге деген құштарлығы мен еңбекқорлығын дәлелдеді.
Ол шақырту алған оқу орындарының қатарында АҚШ-тың Wilkes University, Mount Union University, Baylor University, University of Minnesota Morris, Duquesne University, Caldwell University, Menlo College, McKendree University және Wilson College секілді жетекші жоғары оқу орындары бар. Сонымен қатар, Түркиядағы Kadir Has University мен TED University, Дубайдағы Middlesex University, Murdoch University және Wollongong University in Dubai, сондай-ақ Малайзиядағы Xiamen University де Мадиярға қызығушылық танытып отыр.
Мадиярдың жетістіктері тек академиялық салада ғана емес, қоғамдық өмірде де көрініс табуда. Ол мектептің түрлі қоғамдық іс-шараларына белсене қатысып, өз сыныптастарына үлгі болып келеді. Көшбасшылық қасиеті мен жауапкершілігі оны құрдастары арасында ерекшелендіреді.
Мадияр Бейсенбеков – болашағынан зор үміт күттіретін жас талант. Оның әлемнің жетекші университеттерінен алған шақыртулары – табанды еңбектің, ізденістің және талпыныстың жарқын нәтижесі.