• Вс. Ноя 24th, 2024
Популярные метки

Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі уақыт талабы

Автор:admin

Июл 28, 2023
Spread the love

Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің қолданысқа енгеніне бір жылдан асып барады. Жаңа заң осы уақыт ішінде өзін толығымен дәлелдеді, қоғамға қажеттілігін сезінтті дей аламыз. Әкімшілік әділет ісінің қағидаларын, қолданылу ережелерін, құқықтық тетіктерін айқындайтын жаңа заң күнделікті сот процестерінде өзінің тиімділігін көрсетуде. Осы уақытқа дейін қарапайым азаматтар әкімшілік органдармен сотта бетпе бет келуге қаймығатын болса, жаңа заңның іске қосылуы бұл қорқынышты жойды. Өйткені дауды барынша әділ шешіп, қарапайым азаматтардың мәселесіне тереңірек қарайтын әкімшілік әділет – халық пен әкімшілік органдар арасындағы дауды оңтайлы шешудің бірден бір жолы деуге болады.
Таратып айтар болсақ әкімшілік органдардың ар жағында заңгерлердің, әкімшілік қызметкерлерінің, өз жағының сойылын соғатын бірнеше басқа да мамандар тұрса, олармен қарсылас болатын қарапайым азаматтардың қорғаушы тұрмақ, құқықтық сауатының төмен болуы жиі кездесіп жататын жағдай. Ондай кезде әрине қай жақтың басым түсері белгілі. Сондықтан кез келген азамат әкімшілік органдармен қарсыласуға бара бермейтін. Жаңа заң іске қосылғалы осы бір әділетіздікке ара түсті деуге болады. Жаңадан іске кіріскен әкімшілік соттардың да басты мақсаты – қарапайым азаматтарға, қоғамдық бірлестіктер мен ұйымдарға және кәсіпкерлерге ара түсіп, құқығын қорғау болатын.
Жаңа заңның тағы бір ерекшелігіне тоқтала кетсек, бұрын сотта қарапайым азамат әкімдіктің шешіміне, жалпы, сот жүйесіне жиі шағым келтіретін, ал сот Азаматтық процестік кодекс талабына сай екі тарапқа тең құқық беретін еді. Яғни сот жүйесі заң аясынан шыға алмайтын. Мұндайда өз заңгері, кеңесшісі бар әкімшілік орган дау мен бұзылған құқықты қалпына келтіру жолында қиындық көрмейді. Сондықтан сотта қандай дәлел келтіруді, қандай басымдыққа ие болуды біледі. Сөйтіп қарапайым азаматпен дауласуда басым түсіп, көбіне жеңіске жетеді. Ал жеңіліс тапқан азаматтар соңғы нүктені қойған сотты сынға алатын. Өзінің дәрменсіздігін, соттан көретін. Енді осы жағдай мүлде өзгеріп отыр. Жекелеген азаматтардың құқығын қорғауға басымдық беріп отырған жаңа заңның артықшылығы да осында болса керек.
Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстегі дауды қарау принципі басқа кодекстерге қарағанда мүлде өзгеше. Мұнда сот азаматтардың сөзін сөйлейді, арыз берушіге көмектесу үшін барын салады. Қазіргі таңда бұл бағытты, қарапайым азаматтардың разылығына бөленген көптеген істер шешімін де тауып жатыр. Жаңа жүйе елдегі көптеген маңызды мәселелерді тиімді шешіп, әлеуметтік-экономикалық дамуымызда үлкен жетістіктерге қол жеткізуге мүмкіндік бермек. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында «Әкімшілік әділет институты мемлекеттік аппарат пен азаматтардың өзара қарым-қатынасын жаңадан қалыптастырады. Сот қызметінің заманауи үлгісі енгізіліп, артық сот үдерістері қысқартылуда. Заңнамадағы барлық қайшылықтар мен көмескіліктер азаматтар мен бизнестің мүддесіне орай түсіндірілетіні заң жүзінде қамтамасыз етілді» деп атап өтті.
Осы орайда әкімшілік әділет жүйесіне кешірек көңіл бөлгеніміз жиі айтылып жатады. Кеңес елдері ішінде әкімшілік әділет құрылымын ең соңғы болып енгізген ел болсақ та, екшеліп, сұрыпталған тиімділігі ел игілігіне жарағалы отырған заңнаманың қоғамымыз үшін берері көп болып отыр. Енді Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекске келер болсақ, ол жалпы, әкімшілік рәсімдер, әкімшілік сот ісін жүргізу секілді үш бөлімнен тұрады. Азаматтар әкімшілік соттар арқылы тек мемлекеттік органдарға емес, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасына, адвокаттар алқасына, нотариустар мен жеке сот орындаушылар ұйымына қатысты арыз-шағымымен жүгіне алады. Себебі, бұлардың шығаратын шешімдері әкімшілік акт болып табылады. Екі айдың ішінде соттарға жеке сот орындаушылар іс әрекетіне қатысты, салық даулары мен ҚР «Мемлекеттік сатып алу» туралы заңына сәйкес қаралатын даулар бойынша азаматтар жиі жүгінуде. Әкімшілік іс бойынша сот сенім құқығын қорғау қағидатына сәйкес дауларды жедел, тиімді шешуге және көп жағдайда дауды сотқа жеткізбеуге мүмкіндік береді.
Әкімшілік органға қойылатын талаптардың бірі – әкімшілік орган шешім қабылдағанға дейін міндетті түрде арыз иесін шақырып, соны тыңдап алу керек. Алдағы уақытта кодекс мемлекеттік органдарды тәртіпке келтіріп, дау кезінде тараптардың татуласуын арттыруы мүмкін. Әкімшілік әділет жүйесін енгізу – ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы тұсындағы елеулі реформа болды. Мұны бүгінгі күні сот салысының маңайындағы барлық мамандар мойындауда. Құжат халық үніне құлақ асатын мемлекет құрудың тиімді құралы ретінде көпшілік игілігіне қызмет ете беретін болады. Халық пен билік арасын жақындататын мұндай өзгерістердің өміршең екені анық!

 

Автор: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика