Британдық PwC (PricewaterhouseCoopers) компаниясы әлемнің 88 еліндегі ерлер мен әйелдердің әлеуметтік жағдайын ескере отырып, зерттеу жүргізген екен. Зерттеу әлем елдерінің 34 пайызында гендерлік теңдікті қалыпқа түсіретін заңның мүлде жоқтығын көрсетті. Ал, әйелдер мен ерлердің тең құқықтылығын көздейтін заңы бар елдердің үлес салмағы 43 пайызды құраса, бұл көрсеткіштегі елдерде заңдылық сақталмаса да, ешқандай қарсы шара қолданылмайтын көрінеді. Қалған 23 пайыз елде арнайы заң да, заңды орындамағандар үшін қолданылатын санкциялар да бар. Қазақстан соңғы топқа енеді.
Еліміздегі нәзік жандылар 1917 жылдан бастап дауыс беру құқығына ие болды. Жұмыс уақыты мен демалыс алу құқығы да заңмен реттеліп отырады. Заң тұрғысынан қарағанда, Конституциямыз халықты ер-әйел деп бөле-жарып қарауға, кемсітуге тыйым салады. Сондай-ақ, соңғы жылдарда қоғамдағы әйелдердің рөлі мен теңсіздік мәселесін реттеу мақсатында бірқатар заң жобалары қабылданған. Атап айтар болсақ, Қазақстан Республикасының 2006-2016 жылдарға арналған гендерлік теңдік тұжырымдамасы мен 2009 жылы қабылданған «Тең құқықтардың мемлекеттік кепілдіктері және ерлер мен әйелдер үшін тең мүмкіндіктер» заңы бар. Және 2016 жылы қабылданып, қолданысқа енген Қазақстан Республикасындағы отбасы және гендерлік саясаттың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын да ерекше атауға болады. Аталған заңдар мен тұжырымдамалар әйел адамның қоғамдағы рөлін айқындауды мақсат етеді.
Қазақстанның 2015 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының Тұрақты даму мақсаттарына қосылуы елдегі гендерлік саясаттың күн тәртібіндегі мәселе екенінен хабар береді. Жобаның алға қойған 17 мақсаты нақтыланса, оның 12-сі гендерлік және мемлекеттің стратегиялық бағыттары мен міндеттерін негіздейді. Елде 2016 жылы қабылданған отбасы және гендерлік саясат тұжырымдамасының қолданысқа енуіне де осы қадам сеп болса керек.
ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер иституты әлеуметтік-экономикалық зерттеулер бөлімінің басшысы Жанна Кәрімова
«Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан гендерлік саясатты жүзеге асыруда біршама жетістіктерге қол жеткізді. Халықаралық деңгейдегі актілер қабылданды. Атап айтар болсақ, 1995 жылғы «Әйелдердің жағдайын жақсарту жөніндегі Бейжің іс-қимыл платформасы», 1998 жылғы БҰҰ-ның «Әйелдерге қатысты кемсітушілікті жою туралы» конвенциясы, 2000 жылғы «Әйелдердің саяси құқықтары туралы» заң жобасы мен «Тұрмысқа шыққан әйелдердің азаматтығы туралы» конвенция, «ХЕҰ-ның ерлер мен әйелдерге сыйақы көлемін теңестіру туралы» заңдары. Сондай-ақ, гендерлік саясатты жүзеге асыруда Қазақстан бірқатар халықаралық ұйымдармен тығыз байланыста екенін де атап өткен жөн», – дейді ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты әлеуметтік-экономикалық зерттеулер бөлімінің басшысы Жанна Кәрімова.
R-ақпарат