ЕСІМОВ БІРЖАН БЕРЖАНҰЛЫ, Шымкент университетінің әлеуметтік істер және тәрбие ісі жөніндегі проректоры, жас ғалым:
ҰТЫМДЫ ЖАСАЛҒАН ДЕМОГРАФИЯЛЫҚ САЯСАТ – МЕМЛЕКЕТ ӨРКЕНДЕУІНІҢ КЕПІЛІ.
Кез келген елдің демографиясы оның ішкі және саясатына, экономикалық өсіп өркендеуіне тікелей әсер етеді. Тәуелсіздік жылдары еліміздің алдында өзінің территориялық тұтастығын сақтап, қауіпсіздігін арттыру үшін демографиялық ахуалды жақсарту міндеті тұрды. Осы мақсатта елімізде туу көрсеткішін арттыру, өлім деңгейін төмендету, этникалық қазақтарды атамекеніне көшіп келуге ынталандыру және ана мен баланы мемлекеттің қамқорлығына алу, көпбалалы аналарға қолдау көрсету бойынша елеулі жұмыстар атқарылды.
Қазақстанда жүргізілген соңғы санақтың қорытындысына сәйкес, Қазақстандағы халық саны 18 миллионнан асса, 2023 жыл 1 қыркүйектегі мәлімет бойынша елімізде халық саны 19,9 миллион адамды құрады. Ал, таяу күндері Қазақстан халқы 20 миллион адамға жетті деген хабарды естіп төбеміз көкке жетті.
Ендігі кезекте демографиялық саясатты сапалы мақсаттарға – адами әлеуетті әлеуметтік капиталға айналдыру үдерістеріне қайта бағдарлаудың уақыты келді. Осы кезде, яғни қазір халық санының қарқынды өсуінің «демографиялық дивидендтерін» ұтымды пайдалану қажет. Ұлттық және өңірлік даму бағдарламаларын іске асыру «халықтан – экономикаға» қағидатының негізінде алынған жағдайда ғана тиімді болады. Бүгінгі және ертеңгі күннің демографиялық шынайылығына берік сүйене отырып еліміздің экономикалық даму мақсаттарын құра аламыз деп сенемін.