«AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалында кезекті рет «Құқықтық көмек» жобасы аясында қоғамдық қабылдау өтті. Бұл жолы партияға келген тұрғындардың заң аясында туындаған мәселерінің шешу жолдарын қалалық Әділет басқармасының қызметкерлері, Zangerler Palatasi заң консультанты Ақылбекова Ақниет Абдразаққызы және адвокат Тлеуов Ерлан Алибекұлы қарастырды.
Олар халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру және азаматтарға құқықтық мәселелер бойынша консультациялық көмек көрсету бойынша кеңес берді. Мәселен, Тассай елдімекенінің тұрғыны Тұрлыбеков Жонибек алаяқтарға алданып қалған. Ал Еңбекші ауданының тұрғыны Улмира Мирзалиева соттың шешіміне наразы. Адвокаттан көмек сұрап келіп отыр.
Сәуле шағынауданының тұрғыны Нұрлыбек Нағашыбекұлы жер дауын көтеріп келген. Құқықтанушы мамандар қабылдауға келген жиырмаға жуық азаматқа тегін кеес беріп, мәселелерінің оң шешімін табуына жөн сілтеді.
«Құқықтық көмек» партиялық жобасы шеңберінде заңгерлер жергілікті жерде азаматтарға заңгерлік көмек көрсету үшін облыстағы аудан орталықтарына барады. Яғни сотта, қылмысты қудалау органдарында және тағы басқа жағдайда азаматтарға өкілеттік етуге, арыз-талап толтыруға, өзін қорғауға көмек көрсетіледі. Тұрғындарға қаржы және құқықтық мәселелер бойынша түрлі кеңес беріледі.
Жобаның негізгі мақсаты — ашықтықты қамтамасыз ету, тұрғындарды алаңдатқан мәселелердің шешу жолдарын тікелей әлеуметтік объектілерде қарастыру және заң аясында құқықтық көмек көрсету.
Айта кетейік, аптаның әр бейсенбі күндері халыққа заңгер мамандар тегін құқықтық көмек көрсетеді. Партия есігі халыққа әрдайым ашық. Күнделікті партияның қалалық филиалында депутаттар, түрлі саланың мамандары қоғамдық қабылдаулар жүргізсе, ай сайын ашық есік күндері өтеді. Партия мүшелері шалғай елді мекендерге де көшпелі отырыстар өткізіп, тұрғындар мәселесін тыңдауға мобильді қабылдаулар жиі барып тұрады.