«AMANAT»-тың Шымкент қалалық филиалында «Құқықтық көмек» партиялық жобасы аясында азаматтарды қабылдау өтті. Кездесуге келген тұрғындар түрлі мәселе бойынша партиялықтардан көмек сұрады.
Олардың арасында алаяққа алданған, қарызға белшеден батқан, алимент ала алмаған, баспанасынан айрылып, жер дауын көтерген азаматтар да болды. Өз кезегінде, заң сарапшылары, кәсіби заңгерлер мен адвокаттар, жеке сот орындаушылары мен медиаторлар тұрғындарды толғандырған сұрақтарға жауап беріп, заңгерлік көмек көрсетті.
Айта кетейік, биыл Шымкент қаласы бойынша 261 жасқа микрокредит беру жоспарланып, бұл бағытқа 1,3 млрд теңге қаржы қаралып отыр. Жеңілдетілген несиені жаңадан кәсіп ашқысы келетін немесе кәсіпкерлікпен айналысатын 21 жастан 35 жасқа дейінгі азаматтар ала алады. Микрокредит «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы беріледі.
Несие алудың шарттары мынадай:
— микрокредит мерзімі – 5 жылға дейін, мал шаруашылығы саласындағы жобалар үшін – 7 жылға дейін;
— микрокредиттің ең жоғары сомасы – 5 миллион теңгеге дейін;
— номиналды сыйақы мөлшерлемесі – жылдық 2,5 пайыздан аспайды;
— Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес сенім білдірілген өкілге микрокредит алу үшін жүгінген сәтте дара кәсіпкер ретінде мемлекеттік тіркелу мерзімі бес жылға дейінгі кәсіпкерлер.
— Кепілдік қою талап етіледі. Сондай-ақ несиені 1,5 жылдан соң төлеуге болады. Алайда осы уақыт аралығында олар өз кәсібін ашып, оны дамытуға тиіс. Кредит нақты бір салаға арналмаған. Кез-келген кәсіп ашқан жас кәсіпкер, оны жүргізуге көмек ретінде несиеге конкурсқа қатысса болады.
Мұның барлығы қалалық филиалда өткен бүгінгі ашық есік күнінде айтылды.
Қабылдауға келген тұрғындар азаматтық, отбасылық және еңбек мәселелері бойынша құқықтық кеңес алды. Мәселен, Серік Өтегенов есімді азамат алаяқтарға алданып, сан соғып қалып отыр. Осы күні ол қарызын қарыз алып жабуға мәжбүр. Қабылдауда заңгерлер оған сотқа жүгіну жолын көрсетіп, құқықтық қолдау көрсетті.
Ал Гүлмира Егембердиева есімді азаматша осыдан бірер жыл бұрын банктен несие алып, оны дер кезінде төлей алмағандықтан барлық есеп-шоты бұғатқа түсіпті. Берешегі берекесін алып, амалсыз аманаттықтарға жүгінген тұрғынға заңгерлік көмек көрсетілді.
Көпбалалы ана Бақыткүл Өмірбекқызы болса, бұрынғы күйеуінен жылдар бойы алимент өндіре алмай жүрген жеткізіп, мұңын шақты. Шешімін таппай келе жатқан мәселені заңгерлер өз бақылауына алып, тиісті нұсқаулық берілді.
Еске сала кетейік, партия қабырғасында аптасына екі рет тұрғындарға «Құқықтық көмек» жобасы аясында тегін заңгерлік кеңес беріледі. Сондай-ақ, айына бір мәрте заңгерлер шалғай аудандарға барып, халыққа құқықтық түсіндіру жұмысын жүргізеді.
Айта кетейік, былтыр партияның қалалық филиалына 10 мыңға жуық адам түрлі жағдаймен көмек сұрап, өтініштерін қалдырды.