Отбасы әрқашан өз құндылығын сақтап ғана қоймай, оның дамуына, тәриесіне ерекше көңіл бөлінуі тиіс. Себебі мемлекеттің басты күші адамзат. Ал адамзаттың отбасымен тығыз қарым-қатынаста болуы заңдылық. Соңғы кездері қазақ мәдениеті мен болмысын анықтайтын құндылықтар туралы көп толғанатын болдық. Ұлттық, діни құндылықтар негізгі мәдениет деген болмыстық қабаттардың негізгі желісі, асыл арнасы. Жалпы бүгін, аксиологиялық таным теорияларына қарап салыстырып қарасаңыз, мәдениет қабаттары қайта түсіндіріліп жатыр. Құндылық егер өзінің тұтынушысы тарапынан керексіз болса, оның құны да мәні де жоқ. Енді осы қабаттарды керегіне жарататын қоғам, отбасы, мемлекет, адам. Бұлардың барлығы саяси институттар. Саяси институт дегеніміз белгілі құқықтық нормалар арқылы басқарылатын құбылыс деген сөз. Осы саяси институт нормаларының тегін құндылықтарсыз елестету мүмкін емес. Саяси институт пен құндылықтар арасын жалғайтын көпір ол әрқашанда адам. Сондықтан да бүгінгі ең басты мәселе адам мәселесі. Ол адам санасының өзінің танымдық қуаттарымен үндестік пен үйлесімділік проблемасы. Яғни бүгінгі адамды адам еткен, ұлттық болмыс берген қабаттар мен қуаттар қатынасы арасында сабақтастыққа қарағанда, жаттану бар, дилемма бар. Бұл дилемманың бүгінгі жахандық жағдайда сыртқы және ішкі себептері көп. Ішкі себептері де қоғам және мемлекеттік институттарға барып тіреледі. Бірақ бұл жерде айтпағым, қоғамды да мемлекетті де құрап отырған мәдениет өкілі қазақтардың құндылықтары туралы, оның ішінде отбасылық қабаттарынан сөз етпекшімін.
Жоғарыда да айтқанымдай, құндылық өз алдына алғанда ол қазына, қор, тәжірибе, таным. Енді оны қажет ететін адамда сол қабаттарды игеруге итермелейтін оған деген байланыс санасы мен жауапкершілік сезімі шарт. Демек басты проблема орталығы ол қашанда адам болып қала береді деген сөз. Қысқасы қазаққа «қазақы болмысын сақтауға» деген ниет, байланыс қуаты және жауапкершілік керек.
Қазақта «Ата көрген, оқ жонар, Шеше көрген тон пішер», «Ұяда не көрсең ұшқанда соны ілерсің», «Кішіге ізет, үлкенге құрмет», «Атаға не қылсаң, алдыңнан сол келеді», «Туғанында көрмеген, өлгеніңде жыламайды», «Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер», «Қызым үйде, қылығы түзде» деген сияқты көптеген өлшемдер бар. Осы өлшемдерге қарап отырсаңыз бар мәселе отбасынан басталады екен. Ұлт тіршілігінде, болашағында отбасы ең басты тұғыр.
R-ақпарат