«Полиция күні» мерекесі қарсаңында, Түркістан облысы тұрғындарының қауіпсіздігі мен тыныштығын қамтамасыз етуде сүбелі үлесін қосып, үлгілі тәртібі мен кәсіби шеберлігін көрсете білген үздік полиция қызметкерлері туралы ақпараттар әзірленуде. Ал бұл мақаламыз сырлы өңір Созақ ауданының тумасы, тәртіп сақшысы Нұрәділ Нұрланұлы Ерман жайлы болмақ.
Полиция майоры өмірлік тәжірибесінде бірталай жетістіктерге жетіп үлгерген. Жұмысына деген адалдығы, халыққа қалтқысыз қызметі еленіп, бірнеше мәрте марапат төрінен де көрініп жүр. Отбасында төрт ұл, 1 қыз өсіріп отырған отағасы.
Кейіпкеріміз «Заң» мамандығы бойынша білім ала жүріп, студенттік жылдары «Локоматив» бокс залындағы үйірмеге қатысып, кейіннен Б.Саттарханов атындағы спорт мектебіне ауысады. Осында жүріп түрлі жарыстарға қатысып, спорт шеберіне үміткер болған.
Бүгінде Полиция департаменті тарапынан ұйымдастырылатын спорттық іс-шаралардың белсенді қатысушысы. Онымен қоса, өзінің ұлдарын да спортқа баулып, салауатты өмір салтын ұстануға тәрбиелеп отырған асыл әке. Мәселен үлкен ұлы шайбалы хоккейден спорт шеберлігіне үміткер, жасөспірімдер арасында 4 дүркін ҚР-ның чемпионы. Ал екінші ұлы бокспен шұғылданады.
Жартытөбе ауылында туған полицей, қызмет жолын өзі туып-өскен Созақ ауданынан бастап, бүгінде аймақтың құқықтық тәртібін нығайтуға септігін тигізіп келеді. Ішкі істер органдарындағы қызметін 2005 жылы учаскелік полиция инспекторының көмекшісі лауазымынан бастаған. 2022 жылдан бері бүгінгі күнге дейін учаскелік полицей лауазымында қызметте.
«Учаскелік полиция инспекторы болу өте жауапты жұмыс. Күніміз тұрғындармен бірге, қарбалас та өтіп жатады. Профилактикалық іс-шаралар, шақыртуларға бару, есепте тұрғандармен түсіндірме жұмыстарын жүргізу, өзімізге белгіленген аумақта қылмыс пен құқық бұзушылыққа жол бермеу бағытында қызметте жүреміз. Ең бастысы еңбегіміз еленіп, жұртшылықтан алғыс алу, біз үшін ең биік марапат осы!» -деп атап өтті Н.Ерман.
▫️Айта кетсек, кейіпкеріміз «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін», «Қазақстан полициясына 30 жыл», «Мінсіз қызметі үшін 10 жыл», «Мінсіз қызметі үшін 15 жыл» төсбелгілерін иемденген.