Еліміз – көп этносты, көп тілді мемлекет. Талайдың тағдырын бір арнаға тоғыстырған осынау қасиетті жерде жүзден астам ұлт пен ұлыстың өкілдері бір мақсат-мүдде аясында тірлік етіп келеді. Қазақтың кең пейілі, тарихи төзімі мен қалыптастырылған ұлтаралық татулықтың негізінде Тәуелсіз Қазақстанда саяси тұрақтылық берік орнықты. Қоғамдағы тұрақтылық пен татулықты сақтау — қиынның қиыны. Еліміздің геосаяси орналасу ерекшелігі, жүзден астам этнос өкілдерінің Қазақстан атты алып шаңырақтың астында тоқайласуы, түрлі діндер мен өркениеттердің арақатынасы мәселелері көптеген міндеттерді жүктеді. Осы кезеңдерге Қазақстан халқы Ассамблеясы ұйымы құрылды.
Қазіргі таңда Қазақстан халқы Ассамблеясы этносаралық және конфессияаралық қатынастардың басты тетігі ретінде күллі әлемге үлгі болып отыр. Алайда, қоғамда жиі, әсіресе соңғы уақытта: «Ассамблея не үшін қажет?» деген сұрақтар туындап жатыр. Бұл тақырып төңірегіндегі пікірлер де әртүрлі. Шын мәнінде, Ассамблея біле білгенге ең алдымен қазаққа қажет ұйым деп білемін. «Бірлік бар жерде тірлік бар» деп келген қазақ атамыз. Ал ассамблеяның ұраны – «Бірлік», «Ынтымақ». Елдің тыныштығы ең алдымен өзімізге қажет. Кезінде тағдыр талайымен көптеген этностар елімізге қоныс аударды. Олар да еліміздің азаматы, барлығы тең правалы. Сондықтан бір-бірімізді қолдап жүруіміз керек. Ел бірлігі – ең асыл қасиет. Қазіргі кезде бұл бағыттарда Ассамблеяның жұмы органы ретінде «Қоғамдық келісім» КММ жұмыс жасайды, сонымен қатар, ҚХА жанынан аналар кеңесі мен ақсақалдар кеңестері құрылған. Ғылыми-сараптамалық топ, журналистер мен блогерлер клубы, «Жастар ассамблеясы» қоғамдық бірлестігі, медиация кабинеті, т.б. еңбек етеді. Медиаторлар әртүрлі тараптар арасында туындаған дауларды ортақ келісімге әкелу арқылы шешу бойынша жүйелі жұмыстар жүргізеді. Өзім Шымкент қалалық ҚХА жанындағы Әл-Фараби ауданыдық Аналар кеңесінің төрайымы ретінде осы жұмыстар жүргізіліп жатқанына куәгермін.
Ендеше, қасиетті қазақ жерін мекен еткен барша этнос өкілдері бір атаның балаларындай, «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара» бірігіп, көрнекті істің көмілмейтінін, біріге істегеннің берік болатынын көкейге түйе отырып, ырыстың бұлағы, бақыттың шырағы – еңбекке жұмылуға тиіс. Сонда ғана біз қоғамдағы тұрақтылық пен татулықты сақтай аламыз. Тату елге тыныштық нәсіп деген де осы.
Барлыбаева Тұрсынай,
Әл-Фараби аудандық
Аналар кеңесінің төрайымы