Қала әкімі Ғ.Сыздықбековтің тапсырмасымен Республикалық маңызға ие тарихи-мәдени және сакралды 2 нысанның «Ибрагим ата» мен «Қарашаш ана» кесенелерінде абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, ретке келітірілуде.
«Ибрагим ата» кесенесінің аумағында санитариялық-гигиеналық торап салынып, ескі орындықтар жаңартылды және жаңа навигациялық туристік тақтайша орнатылды.
Кесене Ұлы Жібек жолы мен түркі елдерінің тарихын танып, мәдениетіне бойламақ саяхатшылар мен зиярат етушілер ұмтылған киелі орын болып есептеледі.
Көне Испиджап, қазіргі Сайрам – сопылық ілімнің көрнекті өкілі Қожа Ахмет Ясауидің туып-өскен жері, ғұламаның ата-анасы өмір сүріп, дүниеден өткен мекені.
Болжам бойынша кесене XVI-ХVII ғасырда жергілікті шейх, Қожа Ахмет Ясауидің әкесінің жерленген орнында бой көтерген.
Бұл ескерткіш ортағасырлық сәулет өнеріне тән күмбезді кесенелердің алғашқы үлгілерінің бірі. Бүгінгі таңда зияратшылар мен туристер кесененің XIX ғасырда салынған нұсқасын көре алады. Құрылыстың ішкі-сыртқы көрінісінен ортағасырлық элементтердің де сақталғандығын анық байқауға болады.
Кесене биіктігі 8 метрден асатын, бір бөлмелі, шаршы пішіндес құрылыс болып табылады. Кесене салынған кезінен бастап сан рет қайта жөндеуден өтсе де, өзінің бастапқы сән-салтанатын жоғалтпай, рухани- тарихи құндылығы еселей түскен. Қазірде аталмыш кесене Қазақстанның республикалық маңызы бар сәулет ескерткіштері қатарынан лайықты орнын алған.
Шынтуайында, ХІ ғасырда Сайрам ислам дінінің өркендеу өзегі болды. Мұнда талай діни тәлімгерлер мен ұстаздар, ислам ғалымдары өмір сүрген. Соның ішінде дәулетті де зиялы әулеттен шыққан Ибраһим ата да болды. Жастайынан халықтың құрмет-ықыласына бөленген Ибраһим егіншілікті кәсіп қылғанымен, ел арасында рухани ұстаз, діни уағыздаушы ретінде аты шыққан. Ибраһим ата қашанда көмекке зәру жандарға жәрдемдесіп, талай шәкірт тәрбиелеп, салиқалы ғұмыр кешкен.
«Қарашаш ана» кесенесі аумағында санитариялық-гигиеналық тораптың құрылысы басталып, ағымдағы жылдың қыркүйек айының соңына дейін аяқталады. Қосымша жаңа навигациялық туристік тақтайша, жаңа орындықтар және жарық шамдары орнатылды.
Қарашаш ана кесенесі Сайрамның орталығында орын тепкен.Яссауидің анасы Қарашаш ананың шын есімі – Айша бибі. Ол Сайрамдағы текті адам, танымал Мұса шейхтың қызы болған. ХI ғасырда бұл өңірде ғылым, мәдениет және өнер қарқынды дамыды. Қарашаш өз уақытының ең білімді, сауатты әйелдерінің бірі болды.
Жаңадан орнатылған ақпараттық тақтайшалар халықаралық туристік навигациялар үлгісінде әзірленген, яғни, 3 тілде нысан жайлы аудиогид орналастырылған және мүгедек жандарға арналған тактильді алфавитті нысан анықтамасы бар.
Аталған жұмыстар демеушілер есебінен мемлекет қаражатына салмақ салмай жүргізілді.