Құтыру – жануардан адамға жұғатын және орталық нерв жүйесін зақымдайтын аса қауіпті жұқпалы ауру. Құтыруға шалдыққан жағдайда аурудың соңы өлімге әкеледі. Аурудың қоздырғышы ит, қасқыр, түлкі, қарсақ сияқты аңдар арқылы таралады.
2025 жылы Шымкентте жануарлардан жарақат алған 1294 адам медициналық көмекке жүгінген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 31 жағдайға көп. Қалада иесіз ит-мысықтарды аулау жұмыстары жалғасуда — биыл 20127 ит пен 64 мысық залалсыздандырылған.
Құтырудан сақтанудың ең тиімді жолы — антирабикалық вакцина. Қала тұрғындарына құтыруға қарсы екпе тегін жүргізіледі. Әл-Фараби ауданына қарасты №2 қалалық аурухана (Жандосова көшесі №92 үй) жануар тістеген немесе жарақаттаған жағдайда алғашқы медициналық және вакцина көмегін көрсетеді.
Мамандар күдікті жануарлардан балаларды аулақ ұстауға, ит-мысықты мал дәрігеріне тексертіп, дер кезінде вакцинациялауға шақырады. Жарақат алған жағдайда жараны сабынды сумен жуып, антисептикпен өңдеп, дереу дәрігерге қаралу керек.
