Шымкент қаласының әкімі Ғабит сыздықбеков «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Бағдат Мүсинмен кездесті. Кездесу барысында Шымкент қаласында цифрлық жобаларды жүзеге асыру, тұрғындарды жоғары жылдамдықтағы интернетпен қамту және «ақылды қала» тұжырымдамасы аясында Smart City жобасын дамыту мәселелері талқыланды.
Цифрлық шешімдердің қатарында «AI-Mektep» білім беру платформасы, телемедицина қызметі және медицина мамандарына арналған жасанды интеллект негізіндегі құралдар ұсынылды. Сондай-ақ дрондарды басқаруға арналған бірегей платформа таныстырылды. Бұл шешім ұшуды автоматтандыру, бұлтты бағдарламалық қамтамасыз ету және «қызмет көрсету түріндегі дрон» моделін қамтиды.
Кездесуде Орталық Азияда алғаш рет Шымкентте іске қосылатын коммерциялық GPU-деректер өңдеу орталығына ерекше назар аударылды. Жаңа орталық жасанды интеллектке негізделген есептеу қуатын жалға беру қызметіне бағытталған.
Ұсынылған жобаларды егжей-тегжейлі талқылау және оларды іске асырудың нақты қадамдарын айқындау үшін екі жақ қосымша кездесу өткізуге уағдаласты. Бірқатар бастама пилоттық режимде жүзеге асырылады – бұл мегаполис жағдайында озық технологияларды сынақтан өткізуге және бейімдеуге мүмкіндік береді.
Шаhар басшысы «Қазақтелеком» АҚ басшылығына Шымкенттің цифрлық трансформациясына қосқан үлесі мен нәтижелі серіктестігі үшін алғыс білдірді. Ортақ бастамалар заманауи, технологиялық қаланың берік іргетасына айналарына сенім мол.