Түркістан – ежелгі тарихы мен рухани мұрасы тереңде жатқан, Қазақстанның мәдени әрі тарихи орталығы. Қазіргі таңда бұл қала жаңа даму кезеңіне аяқ басты. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Түркістанның әлеуметтік-экономикалық, сәулеттік және инфрақұрылымдық дамуы қарқынды жүріп жатыр. Осы орайда бүгін Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы бірқатар маңызды құрылыс нысандарын аралап, атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты.
Қала басшысы ең алдымен Әкімшілік-іскерлік орталығында орналасқан «Жібек жолы» тұрғын үй кешенінің құрылыс алаңында болды. Аталған кешен – заманауи талаптарға сай, сәулеттік келбеті жаңашыл, тұрғындарға жайлы өмір сүру ортасын ұсынатын ірі жобалардың бірі. Құрылыс сапасына, инженерлік шешімдердің дұрыстығына және мерзімінде аяқталуына ерекше назар аударған әкім мердігер ұйым өкілдеріне нақты тапсырмалар берді. Жоспар бойынша бұл тұрғын үйлер 2025 жылдың қыркүйек айында пайдалануға берілмек. Бұл өз кезегінде қаладағы тұрғын үй тапшылығын азайтуға елеулі үлес қосады.
Сапар барысында әкім қаладағы тағы бір ауқымды жоба – көпфункционалды ипподром кешенінің құрылыс алаңында болды. Түркі өркениетінің ажырамас бөлігі – атбегілік өнерін жаңғырту мақсатында салынатын бұл нысан заманауи үлгідегі бірегей спорттық-мәдени кешен болмақ. Жоба аясында 1500 орындық ашық трибуна, 120 орындық жабық манеж, жаттығу алаңдары, 100 жылқыға арналған атқоралар, ветеринарлық блок, жазғы денниктер, левадалар, сондай-ақ суару жүйелерімен жабдықталған ұңғымалар қарастырылған. Бұл кешеннің іске қосылуы Түркістанның спорттық инфрақұрылымын жаңа деңгейге көтеріп қана қоймай, қала сәулетіне өзіндік реңк бермек.
Сондай-ақ, әкім Отырар шағын ауданындағы құрылыс жұмыстарымен де танысты. Мұнда бой көтеріп жатқан 5 қабатты 20 тұрғын үйден тұратын кешен – қала халқының әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған маңызды жоба. Жалпы аумағы 11,4 гектарды құрайтын тұрғын үй кешенінде 800 пәтер көзделген. Құрылыс жұмыстарын «Project Building» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүзеге асыруда. Бүгінгі күні құрылыс көлемінің 85 пайызы аяқталып, нысандарды пайдалануға беру үшін соңғы жұмыстар жүргізілуде. Бұл үйлер сәулеттік стиль жағынан Түркістанның дәстүрлі және заманауи келбетін үйлестіретіндей жобаланған.
Қала әкімінің жұмыс сапары аясында назар аударған тағы бір маңызды нысан – Әкімшілік-іскерлік орталықта бой көтеріп жатқан жаңа мешіт ғимараты. Жалпы аумағы 4,2 гектарды алып жатқан мешіт – рухани орталық ретінде қала тұрғындарының сұранысына толық жауап береді. Қазіргі таңда мұнда ішкі әрлеу, бояу, инженерлік жүйелерді орнату және абаттандыру жұмыстары белсенді түрде жүргізілуде. Мешіт сәулеті исламдық архитектура мен ұлттық нақыш элементтерін үйлестіре отырып жобаланған, бұл Түркістанның рухани келбетін айшықтай түседі.
Бұдан бөлек, қала басшысы Мәдениет үйінің құрылысымен де танысты. Бұл нысан – тұрғындардың рухани-мәдени қажеттіліктерін өтеуге бағытталған маңызды әлеуметтік жоба. Мәдениет үйінде 500 орындық көрермен залы, көрме және хореография залдары, түрлі үйірмелерге арналған бөлмелер қарастырылған. Ғимараттың сыртқы құрылысы толық аяқталып, қазіргі уақытта ішкі әрлеу және инженерлік желілерді орнату жұмыстары жүргізілуде. Бұл жоба аяқталған соң, қаладағы мәдени өмірдің жаңа белеске көтерілетіні сөзсіз.
ТҮРКІСТАННЫҢ СӘУЛЕТТІК ДАМУЫ – ҰЛТТЫҚ МҰРАНЫ САҚТАУ МЕН ЖАҢАШЫЛДЫҚТЫ ҮЙЛЕСТІРУ:
Қазіргі Түркістан – тек тарихи қала емес, сонымен бірге инновациялық шешімдер мен заманауи сәулет үлгілерін ұштастыра отырып дамып келе жатқан аймақтық орталық. Қала құрылысы мен сәулетін дамытуда басты қағидалардың бірі – тарихи мұраны сақтау мен заманауи инфрақұрылымды біртұтас үйлестіру.
Жаңа тұрғын үйлер, мәдени және спорттық кешендер, әкімшілік ғимараттар мен қоғамдық кеңістіктер – барлығы да бірегей сәулеттік стильмен салынуда. Бұл үрдіс Түркістан қаласының Дизайн кодымен тығыз байланысты. Құрылыс нысандарын жобалау мен салу барысында осы құжаттағы талаптар басшылыққа алынып, қаланың көркемдік және тарихи болмысына сай келетін шешімдер қабылдануда.
Қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы атап өткендей, Түркістан тек бүгінгі күннің ғана емес, болашақ ұрпақтың да қаласы болуы тиіс. Сондықтан кез келген нысан салу барысында ұзақмерзімді дамуды, сәулеттік үйлесімділікті, экологиялық қауіпсіздікті және тұрғындардың жайлылығын қамтамасыз ету негізгі талап ретінде қарастырылады.
Қазіргі таңда Түркістан қаласы – құрылыс қарқыны жоғары, сәулеті көркейген, мәдениеті мен тарихын сақтай отырып дамып жатқан ерекше шаһар. Қала әкімінің бүгінгі жұмыс сапары барысында танысқан нысандар – осы дамудың нақты дәлелі. Әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобалардың сапалы әрі уақытылы жүзеге асуы – қала халқының өмір сүру сапасын арттыруға және Түркістанның өңірлік ғана емес, халықаралық деңгейдегі беделін нығайтуға бағытталған маңызды қадам болып отыр.
