• Вс. Ноя 24th, 2024
Популярные метки

ҚАЛА ӘКІМІ ҚАЗАҚСТАН КОРЕЙЛЕР ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ ӨКІЛДЕРІН ҚАБЫЛДАДЫ

Автор:admin

Мар 24, 2023
Spread the love

Бүгін Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов Қазақстан Корейлер Қауымдастығының өкілдерін қабылдады. Кездесу барысында Корея Республикасы мен Шымкент қаласы арасындағы өзара ынтымақтастық, мәдени және этносаралық байланыстарды нығайту мәселелері талқыланды.
Бүгінгі таңда үшінші мегаполисте 6618 корей тұрады. Екі елдің дипломатиялық қатынастары нәтижесінде Шымкент пен Корея арасындағы тауар айналымы жылдан жылға артып келеді. Былтыр тауар айналым көрсеткіші 45466,18 мың АҚШ долларын құрады. Бұл 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 188% — ға жоғары.
Қазір елімізде Samsung, Hyundai, Lotte, Posco, KNOC және басқа да жетекші корпорацияларды қоса алғанда, корей капиталы бар 550-ден астам кәсіпорын жұмыс істеуде.
Алдағы уақытта қос тарап сауда-экономикалық және мәдени байланыстарды күшейтуге уағдаласты.
1989 жылы Алматыда және басқа да облыс орталықтарында корей қоғамының бастамашыл топтары корей мәдени орталықтарын құруға кірісті.
1990 жылы 17 наурызда Алматыда Қазақстан корейлерінің құрылтай съезі болып, онда «Қазақстан кәрістерінің қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігі құрылды. 27 жыл ішінде оның Қазақстанның 17 қаласында филиалдары ашылды.
2017 жылғы 22 қыркүйекте Алматы қаласында «Қазақстан кәрістерінің қауымдастығы» РПА ХІІІ съезінде республикалық қоғамдық бірлестікті «Қазақстан кәрістерінің қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігіне қайта құру туралы шешім қабылданды және «Қазақстан корейлері қауымдастығы» ЗТБ құрылтай съезі өтті.
Қазақстан Президенті 2021 жылы Кореяның ұлттық батыры Хон Бом Доның құрметіне орай өткен рәсімде: «Жер аударылған корейлерді халқымыз бауырына басып, паналатты. Олар қазақ елінде өсіп-өніп, нағыз отандастарымызға айналды. Біздің елде әр этностың өз тамырынан ажырамай, тілі мен ділін сақтауына барлық жағдай жасалған. Корей диаспорасы да осы игілікті көріп отыр. Елімізде Қазақстан корейлерінің қауымдастығы бар. Корей мәдени орталықтары мен Корей театры жұмыс істейді. Сондай-ақ, корей тілінде газет шығады. Корей бауырларымыз көптеген салада табысты еңбек етуде. Олардың ел экономикасын өркендетуге қосып жатқан үлесі зор. Қазақстанда тұратын корейлер екі елдің қарым-қатынасын дамытуға да белсенді атсалысып жүр. Біздің ынтымақтастығымыз болашақта осындай достық рухта нығая береді деп сенемін», – деген болатын.

Автор: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика