Кентау қаласына облыс әкімінің штаттан тыс кеңесшісі, елімізге танымал продюсер, тележүргізуші, актер Нұрлан Қоянбаев және бірқатар өнер жұлдыздары жұмыс сапарымен келд, деп хабарлайды Кентау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған R-FACTOR.KZ.
Қала әкімі Жандос Тасовпен кездесіп, Түркістан өңірінде киноиндустрия саласы бойынша, облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес үлкен жобаның бастағалы жатқаны жайында сөз болды.
Сол бағытта аудан-қалаларды аралап, кино түсіруге мүмкіндіктер бары қаралып жатқаны айтылды.
Қала басшысы облыстың мәдениетін дамыту бағытындағы Кентауға да оң ықпал беретін жаңа жобаларды қолдауға дайын екенін жеткізді.
Кездесуге Нұрлан Қоянбаевпен бірге еліміздің жарық жұлдыздары әнші Нұржан Керменбаев, «Ринго» тобының мүшесі Аян Бірбаев, актер Даулет Бижановтар бар.
Айта кетейік,Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды өнер жұлдыздарымен кездесуінде — «қай салада болмасын Түркістанда бірлескен жобаларды жүзеге асыруға үлкен мүмкіндік бар. Өздеріңізге белгілі, ұрпақ тәрбиесінде кино индустрияның алар орны айрықша. Еліміздің тарихын танытып, көрнекті жерлерін насихаттап, тұлғаларын дәріптеудің бірден бір жолы – кино және анимациялық туындыларды шығару. Оның үстіне, Түркістан облысында киелі мекендер, аты ел аузында қалған тұлғалар мен тамыры терең аңыздар көптеп кездеседі. Түркістанды халықаралық жастар орталығына айналдыруды көздейміз. Біз бұл бағыттағы креативті ұсыныстарға ашықпыз. Отандық өнімдерді қолдаймыз. Локация белгілеу, қажетті техникамен жабдықтауға мүмкіндігінше көмек көрсетуге дайынбыз», деген болатын.
Қоса кететін, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Қазіргі заманда азаматтардың шығармашылық әлеуетіне және зияткерлік капиталына арқа сүйейтін «креативті өндіріс» салалары шынайы инклюзивті экономиканы дамытудың қайнар көзі саналады. Бұл аз десеңіз, креативті экономика дарынды әрі шығармашыл адамдарды өзіне тартатын ірі қалалардың дамуына ықпал етуші күшке айналуда. Қазақстанда бұл сала әлі дамымаған. Креативті индустрияның ішкі жалпы өнімдегі үлесі бір пайызға да жетпейді, жұмыспен қамту саласындағы үлесі өте төмен. Дегенмен дарынымен бүкіл әлемді мойындатып жүрген отандастарымыз аз емес. Біз елімізде креативті экономиканың жан-жақты дамуына барлық жағдайды жасауымыз керек. Соның ішінде зияткерлік меншікті қорғайтын құқықтық тәсілдер қажет. Бұл – өте маңызды мәселе» деген еді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев экономика үшін аса қажетті креативті индустрияны қолға алуды осыдан бірнеше жыл бұрын айтқан. Қазір сол бастама ел игілігі үшін маңыздылығын көрсетіп отыр. Мәселен, Үкімет 2021-2025 жылдарға арналған Шығармашылық индустрияны дамыту тұжырымдамасын бекітіп, жүзеге асыруды бастап, оған қатысты қызметтің 43 түрін белгіледі.