Жаңа форматтағы көшпелі кездесулер Абай ауданындағы Самал-2, Шұғыла, Ынтымақ-2, Қызылжар, Жайлау және Алтынтөбе шағын аудандары мен тұрғын алаптарында ұйымдастырылды. Қала тұрғындары толғандырған сұрақтарын жолдап, қаланы дамытуда ұсыныстарымен бөлісті.
Сонымен қатар елдімекендерде мектеп, шағын футбол алаңын, мешіт, балабақша және мәдениет үйін салу мүмкіндіктері талқыланды. Азаматтар тарапынан көтерілген кей мәселелер кездесу барысында шешімін тапты. Аудан әкімдігіне және тиісті басқармалардың басшыларына туындаған мәселелерді келесі жылдың жұмыс жоспарына енгізу тапсырылды.
Шығыс, 16, Ескі қалашық, Химфарм шағын аудандарының, Жандосов, Жібек Жолы және Иляев көшелерінің тұрғындарымен кездесу барысында көшелерді, аула аумақтарын абаттандыру мен көгалдандырудың, жасыл желектерді суарудың, балалар және спорт алаңдарын салудың өзекті мәселелері талқыланды.
Өз кезегінде, Ғабит Сыздықбеков көшелерді, аулаларды жарықтандыру және абаттандыру — қала тұрғындарының өмірі үшін қауіпсіздік пен қолайлы жағдайларды қамтамасыз ету жөніндегі басым міндет екенін атап өтті. Бұл бағыттағы жұмыстар тұрғындардың талап- тілектері бойынша жалғасатын болады.
Шымкенттіктер тұрақтарды кеңейту, тұрғын үй қорын жаңғырту бағдарламасы шеңберінде үйлерді жөндеу, жер учаскелерін заңдастыру, тұрғын үйге кезекке қою, жылу желілерін жөндеу және ирригациялық жүйелерге қатысты мәселелерді көтерді.
Онымен қоса үйлерді күтіп ұстап, жөндеуді, жалпы үй мүлкінің сақталуын қамтамасыз ету мақсатында мегаполис басшысы басқару органын — мүлік иелерінің бірлестігін (МИБ) немесе жай серіктестікті (ЖК) міндетті түрде құру қажеттігін еске салды.
Қала әкімі сындарлы диалогқа уақыт бөлген тұрғындарға алғысын білдірді. Азаматтар өтініштерінің назардан тыс қалмайтынын жеткізді, деп хабарлайды Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған R-FACTOR.KZ.