Қала әкімінің орынбасары Мекенхан Қозыханұлының төрағалығымен қала әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның он бірінші отырысы өтті. Жиналыста күн тәртібінде өзекті деген бірнеше мәселе қаралды.
Мәжілісте қала аумағындағы кәмелетке толмағандардың арасында жазғы шомылу маусымында оқыс оқиғалардың алдын алу бойынша атқарылған жұмыстар бойынша және кәмелет жасына толмаған жасөспірімдердің үстінен жинақталған іс құжаттар жөнінде баяндалды.
Одан бөлек, балаларлың бос уақытын тиімді пайдалану, жазғы лагерлерді ұйымдастыру бойынша қалалық Білім бөлімінің басшысы Оразкүл Қолдасова баяндаса, жастардың бос уақытын тиімді пайдалану бойынша қалалық Жастар ресурстық орталығының директоры Әлия Пиржанова жеткізді.
Сондай-ақ, мәжілісте күн тәртібіндегі мәселелер бойынша комиссия мүшелері ұсыныс-пікірлерін талқылады.
Қай кезеңде болмасын жас ұрпаққа білім мен тәрбие беру қоғам алдындағы ең жауапты, маңызды іс. Мемлекетімізде жас ұрпақтың жан-жақты дамуымен бірге тәрбиесіне де ерекше назар аударылуда. Ұрпақ тәрбиесі – баршаның ісі. «Егер сен алдыңа бір жылдық мақсат қойсаң егін ек, бірнеше жылға мақсат қойсаң – ағаш отырғыз, ғасырларға мақсат қойсаң – ұрпақ тәрбиесімен айналыс», – дейді халық даналығы.
Елдің елдігін сақтап, көркейтетін, басқа елдермен терезесін тең етіп өркендетіп сондай-ақ болашағын айқындап беретін жастайынан алынған тәрбие. Тәрбие тек сабақ берумен ғана шектелмейді, ол сабақтан тыс уақытта да жалғаса береді және тереңдетіле жүргізіледі. Дұрыс тәрбие – балаға өмір бойы азық. «Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық аздырар адам баласын», – дейді қазақтың біртуар ақыны Абай. Бұл – өмір шындығынан алынған данышпандық сөз. Баланы тәрбиелеу үздіксіз процесс, ол оның бос уақытында да жүзеге асырылады. Адам өмірінде бос уақыттың ролі ерекше. Ол демалу, тынығу үшін емес, рухани қажетін өтеуге, ойлау қабілетінің жетілуіне, жалпы жан-жақты болуына арналады. Балалар ұйымы, ата-аналар, бүкіл жұртшылық балалардың бос уақытын өміріне пайдалы тәрбиелік мәні болатындай етіп өткізулеріне көмектесулері керек, ол оңай мәселе емес екендігі анық, себебі оқушының бос уақытын ұйымдастыру тәсілдері сан қилы. Балалардың жеке басының қасиетін дамытуда отбасы, мектеп, қосымша білім беру мекемелері мектептен тыс уақытта жүргізілетін іс-шараларды кіріктіре ұйымдастыру арқылы дамыған жеке тұлғаны қалыптастыра алады. Балаларға қосымша білім берудің құндылығы сол, жасөспірімдерге өз-өздерін кәсіби бағдарлауда көмектеседі, қоғамға бейімделу дағдыларын дамыта алады, және бос уақытты толыққанды ұйымдастыру мүмкіндігін алады. Қосымша білім – тәрбие үрдісін ізгілендірудің негізгі мақсаттарын оқушыларға даралап ықпал ету арқылы іске асыра алады. Қосымша білімнің бір саласы – ол музыкалық мектеп. Музыкалық мектепте білім беру жүйесі кәсіби музыкалық білім беруге, рухани адамгершілік мәдениетін жетілдіруге, эстетикалық тәрбие беруге және оқушының бос уақытын тиімді пайдалануға бағытталған. Ол үшін мектепте мынадай мақсаттарды алдыға қоямыз:
— Жеке тұлғаның жоғары адамгершілік қасиеттерін дамыта тәрбиелеу;
— Музыкалық кәсіби білім беру;
— Шығармашылыққа жағдай жасау;
— Дарынды балалардың мүмкіндігін ашу;
— Азаматтық пен патриотизмге, өз Отаны – Қазақстан Республикасына деген сүйіспеншілікке, мемлекеттік рәміздер мен мемлекеттік тілді құрметтеуге, халық дәстүрлерін қастерлеуге тәрбиелеу;
— Оқушының бос уақытын мазмұнды ұйымдастыру.
Олардың мұндай қабілеттерді өз бойына жинақтауына мамандық аспабы, хор, вокал, сольфеджио, ұлт-аспаптар оркестрі, қазақ музыкалық әдебиет, орыс-шет ел музыкалық әдебиеті, т.б. пәндер арқылы жүзеге асырамыз. Белгілі ақын, зерттеуші Мағжан Жұмабаев: «Тәрбие – кең мағынасымен алғанда, балаға тиісті азық беріп, сол баланың дұрыс өсуіне көмек көрсету деген сөз» – деген. Тәрбиедегі ең басты ережелер – балаға керекті кезде назар аудара білу, оған деген махаббатты қай жаста да көрсете білу, оның көзқарастарын ерекшеліктерін түсіне білу және уақытты тиімді пайдаланудың маңыздылығын түсіну. Ал уақытты тиімді пайдалану дегеніміз – жақсылыққа ұмтылу. Адам өміріндегі ең қымбаты – ол «уақыт». Бос уақытты тиімді өткізу бала тұлғасының қалыптасуына үлкен ықпалын тигізеді.
Жастар өзінің қажеттіліктері мен құндылық бағдарына қарай бос уақытты өткізудің алуан түрін таңдайды. Жастардың бос уақыты құрылымындағы ең танымал іс-әрекет – айналасымен байланыс. Респонденттер аптасына 10 сағаттан астам уақытты отбасы (37,7 %) және достарымен (8,9 %) өткізеді. Уақыт мөлшері бір сағаттан 10 сағатқа дейін өзгерсе де, бұл екі санат тең дәрежеде өзгеріссіз қалып отыр.
Жастар аптасына 1-3 сағат өз бетімен білім алып (25,9 %), спортпен (24 %) айналысады. Жастардың төмен белсенділігі волонтерлік және шығармашылық қызметте байқалады.
«Жастар» ҒЗО жүргізген сараптамалық фокус-топтық зерттеудің сарапшылары жастардың спорт секцияларына, сауықтыру үйірмелеріне шектеулі қол жеткізу (оның ішінде қаржылық тұрғыдан) проблемасына, көшедегі спорт алаңдары аздығына назар аударды. Бұл жастардың жалпы денсаулық жағдайына теріс әсер етеді. Спорт ғимараттарының коммерциялануы жағдайды күрделендіре түскен. Спорт ғимараттарына қол жеткізу проблемасы өңірлерде, ауылдық жерлерде өте өзекті.Жастар бос уақытының маңызды бөлігі – интернет. Бұл қолданушыларға ақпарат іздеу және алу, білім, кәсіби қызмет, қарым-қатынас және т.б. көптеген қажетін өтеуге мүмкіндік беретін дүние. Сондықтан интернет – уақыт өткізудің бір түрі, жастардың едәуір бөлігі күн сайын дерлік қолданатын қажеттілік.
Сауалнама нәтижелері көрсеткендей, жастардың көпшілігі (42,7 %-ы) күн сайын 2-5 сағаттан астам уақытын интернетте өткізеді. Респонденттердің 27 %-ы интернетке күніне 1-2 сағат, 24,9 %-ы алты сағаттан артық уақыт бөледі. Респонденттердің 1,4 %-ы ғана интернет қолданбайтынын айтқан.Сондай-ақ, сауалнама жастардың интернетті әртүрлі мақсаттарда қолданатынын көрсетті. Респонденттердің жартысынан көбі оны достарымен араласу үшін (59,3 %-ы), 45,5 %-ы көңіл көтеруге, 44 %-ы әлеуметтік желілерде уақыт өткізуге, ал 42,5 %-ы жаңалық көру, оқу үшін қолданатынын айтты. Респонденттер атап өткендей, интернет оларға оқу (31 %-ына) және жұмыс істеуге (25,8 %-ына) қажет.
Бұл мәселені жас топтары тұрғысынан қарастыру орташа тенденцияларға қатысты кейбір айырмашылықтарды анықтауға мүмкіндік береді. Сонымен, барлық жастағы топтар үшін интернеттегі достармен байланыс бірінші орында тұр. Қазір заманауи жастардың бос уақытын зерттеу жастардың денсаулығын немесе құндылық бағдарларын зерттеу аясында шағын бөлімдермен шектелген. Дегенмен, бос уақытты өткізу ерекшеліктері жастарға үлкен әсер етеді.
Өз кезегінде комиссия төрағасы Мекенхан Қозыханұлы кәмелетке толмаған жасөспірімдердің қауіпсіздігі, құқықтарының қорғалуы жауапты мекемелердің ұдайы назарында болуы қажеттігін айтып, нақты тапсырмалар жүктеді.