Бүгін Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов қала халқын жеке мәселелері бойынша кезекті бірыңғай қабылдауын өткізді.
Жалпы 250 — ден астам азаматты қала әкімі және салаға жауапты әкім орынбасарлары, басқарма басшылары, Шымкент қаласының прокуратура және қалалық полиция департаменті қызметкерлері, мемлекеттік орган өкілдері қабылдап, арыз-шағымдарын тыңдады.
Әртүрлі себептермен қиын жағдайларға тап болып, жәрдем сұрап келгендердің тізімі алынып, шешім жолдары қаралды.
Тұрғындар тарапынан жер телімдерін заңдастыру, жер телімдерінің нысаналы мақсатын ауыстыру, тұрғын үйге кезекке тұру, баспананы жалға алу, бизнес бастауға грант алу мүмкіндігі, арнайы әлеуметтік көмек түрлеріне жазылу, жылыту маусымындағы жылу жүйелерінің сапасы секілді басқа да өзекті мәселелері көтерілді. Денсаулық саласы мен білім беру мекемелеріне жұмысқа тұру жөнінде де сұрақтар аз болған жоқ.
Барлығының шешілу жолы заң шеңберінде қаралып, мәселелер тиісті сала мамандарының талқылауымен жан-жақты саралана отырып хаттамаға енгізілді.
Өзектілігін жоймаған тұрғын үй кезегі мен жер телімін заңдастыру мәселесін қозғап келген тұрғындарға шешім реті мен заңдылығы түсіндірілді.
Естеріңізге салайық, қала әкімінің азаматтарды бірыңғай қабылдауы жүйелі түрде, әр айдың алғашқы сәрсенбісінде өтуде.
Дәл осы сәтте Шымкент қалалық прокуратурасының прокурорлары да арнайы ашық есік күнін ұйымдастырып, “Заңдылық керуені” акциясы аясында жеке қабылдауға келген тұрғындар сұрағына тұщымды жауаптар беріп, құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Еске салар болсақ, қала әкімінің ай сайынғы азаматтарды бірыңғай қабылдауы жүйелі түрде, әр айдың алғашқы сәрсенбісінде өтуде.
Алдыңғы кездесулерінде бірінде, Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов 2022 жылдың I жарты жылдығында тұрғын алаптар мен шағын аудандарды аралап, 84 кездесу өткізді. Тұрғындардан 874 ұсыныс-пікір түсіп, оның 374-і орындалды, 316-ы жыл соңына дейін орындалуы жоспарда. Ал, 184 мәселе ұзақ-мерзімді қажет ететіндіктен 2023-2025 жылдардың жоспарына енгізілген. Сонымен қатар, әрбір ауданнан қоғамдық бақылау кеңестері құрылып, әр сенбі сайын тапсырмалардың орындалуы талқыланып келді. Олар бекітілген аумақта қандай жұмыстардың, қашан атқарылатыны туралы тұрғындарды ақпараттандыруда. Жақында ғана Шымкент қаласының әкімі Әл-Фараби ауданы тұрғындарымен есепті кездесу өткізген болатын. Есепті кездесуге 350-ге жақын тұрғындармен қатар қалалық мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері, азаматтық қоғам өкілдері, құқық қорғау органдары мен басқармалардың басшылары және БАҚ өкілдері қатысты. Шаһар басшысы жиын соңында тұрғындарды толғандырған өзекті сауалдарға жауап берді. Ал, Абай ауданының тұрғындарымен 18 елдімекенде 63 кездесу өткізген. 216 мәселе көтеріліп, бүгінде 86-сы шешілді, 97-сі орындалуда. 36 мәселе екі жылдық жоспарға енген.