• Вс. Ноя 24th, 2024
Популярные метки

Қайырымдылықты жарнамалау қажет пе?

Автор:admin

Июл 6, 2022
Spread the love

Мекемтас МЫРЗАХМЕТОВ, ғалым:

Суретке түскесін балалар намыстанады

–  Қайырымдылықты жарияламай-ақ беруге болады. Егер, елдің бәріне көрсетіп берсе, менің пікірімде ол мақтан үшін жасалған тірлік. Қазақ ешуақытта қайыршы болмаған, қолын жаймаған халық. Бір рудан тіленіп қайыр сұрап жүретін адам шықса, оны «орнына» қойып отырған. Қайырымдылық жасау қазақтың табиғатына біткен. Ағайын-туыстары жабылып, қиналған жақынына көмек беру – қайырымдылықтың нағыз әкесі. Қазірдің өзінде ауылдағы ағайындар жағдайы төмен жерлестеріне ортадан жинап, көмектесіп отырады. Қыздарының ақылы оқуын ағайындарының төлеп отырғанын білемін. Ежелгі Тұран даласында өмір-сүрген ауқатты бабаларымыз байлығынан үй ішіне қажетін алып қалып, қалғанын халыққа таратып берген екен. Қазір керісінше, бай-бағландар бәрін тығып қойып, тымпиып отырады. Кедей мен байды бір-біріне қарама-қарсы қоятын капитализм қоғамы адамзатты бұзбай қоймайды. Жағдайы төмен отбасы мүшелерін суретке түсіріп, оны көпке көрсету жақсы емес. Бергің келсе үндемей ұсын. Суретке түскесін балалар намыстанады ғой.

Еркебұлан ҚАРАҚҰЛОВ,

облыстық орталық мешітінің имамы:

Садақаны көрсетіп беру – көпшілікке үлгі

–  Садақа бергенін суретке түсіруді «мен бердім» деген мақтангершілік деп кесіп айту қиын. Адамның ішкі жан-дүниесіне үңіліп, не оймен бергенін білмегендіктен, біржақты айту дұрыс емес. Бұл жағдай әркімнің  ықыласына байланысты. Мен жақсы ойлауға тырысамын. Пайғамбарымыз (ғ.с.с.) Ислам дінінде кез-келген адамның қайырымды іс-әрекетін дұрыс бағалауға шақырады. Бәлкім дәулетті азаматтарға үлгі болсын деген мақсатпен жасаған шығар. Меценаттармен жиі жұмыс істейміз. «Садақаны жасырған дұрыс» деп насихатымызды айтамыз енді. Бірақ, көмек бергендердің әрекеті өзгелерге үлгі болу үшін «Алғыс хатпен» марапаттап, жұрттың алдында берген адамның аты-жөнін атаймын. Бұлай істемеуді сұраса да. Мешіт, медреселер қайырымдылыққа мұқтаж нысандар болған соң, елге көрсеткім келеді. Бір сабын апарса да шынайы ықыласпен беруі мүмкін.  Сондықтан, қайырымдылық ісін мақтангершілік емес, басқаларға үлгі болу үшін жариялайды деген ойдамын.

Рамазан СТАМҒАЗИЕВ, әнші:

Қайырымдылығын көрсету – «қара пиар»

– Атам қазақ істеген жақсылығын, берген дүниесін бұлдап айтуды ұнатпаған. Оны елге жария етудің керегі шамалы. Үлкендер бізді солай тәрбиелейтін. «Берген нәрсеңді, істеген жақсылығыңды бетіне басып айтпа. «Мен мынаны істедім» деп жағдайы жоқ адамның алдында қайқайып тұрғаның күнә болады» дейтін. Сондықтан, мені «Алтын жүрек» деген сынды қайырымдылық шарасына шақырып, қандай қайырымдылық концерттерде өнер көрсеткенімді сұрағанда бас тартқанмын. Алла-Тағаланың алдында адамдық парызым ретінде кемтар, жағдайы жоқ адамға көмектескенімді жұртқа көрсетуім керек пе? Қайырымдылық жасағанын суретке түсіріп жариялағанға қарсымын. Ел алдында «мен осындай істеп жатырмын» дегенін «қара пиар»деп атауға болады. Мұсылманда «жасаған жақсылығыңды адам білмесін. Ол Алла-Тағаланың өзіне ғана аян, оны ешкімге айтпа» дейді. Егер менің біреуге жақсылық жасағанымды ол кісі басқаларға айтып жүрсе, ол өзінің шаруасы. Қайырымдылық жасаған адамның өзі айтпағаны абзал. Кейінгі ұрпағың есіне салып отырса, бұл да өздерінің шаруасы.

Шәрбану БЕЙСЕНОВА, жазушы:

Алланың разылығы үшін жаса

– Қайырымдылықтың қандайы болса да жақсы. Қайырымдылық жасағанда «оң қолыңмен бергенді сол қолың білмеу керек, сол қолыңмен берсең оң қолың білмеу керек» деп айтады. Ал егер сенің бергеніңді жұртқа жариялап теледидардан көрсетсе, ол қайырымдылық емес, жарнама. Көпке үлгі болсын деген мақсатта көрсеткенін дұрыс дейтіндер бар шығар. Менің пікірім көпшілікке ұнамас, дегенмен көмек жасадың ба, Алланың ризалығы үшін жаса. Олай болмаса ол бақай есеп сияқты көрінеді.

Мұқасан ШАХЗАДАЕВ, әнші:

Жариялауды ұната бермеймін

– Әркім әрқалай ұғады. Біреулер ондай суреттерді елдер осыны көрсе, жақсылық жасасын деген оймен салады. Мақтаныш үшін көрсететіндер де бар. Қайсысы қандай мақсатпен көрсететін түсіну қиын. Өзім де жетімдер үйіне жәрдем беріп тұрамын. Асыраушысы жоқ, жалғыз басты аналар қыстық отыннан қиналғанда хабарласқан. Отыны мен азық-түлігін апарып бердім. Бірақ, оны жариялауды ұната бермеймін.

Ерлан МАЛАЕВ, әнші:

Әр жақсылықты айтқан дұрыс

– Алла-Тағалла жақсылықты көрсетпей істегенді құп көретіні рас. Дегенмен, әр жақсылықты жариялаған дұрыс. Бірақ, жағдайы төмен кісіні суретке түсіріп, оны салу үшін рұқсат сұрау керек шығар. Ал енді апарған затын көрсетіп, болмаса қайырымдылық жасағанын айтқанын құптаймын.

Саят МЕДЕУОВ, әнші:

Үлгі ететіндей ерлік емес

– Бізде қазір өзін-өзі жарнамалау тым шектен шығып кетті. Меніңше, жариялаған кісілер мүмкін өз атына мақтау естігісі келетін шығар. Оны әр-түрлі мағынада түсінуге болады. Қайырымдылығың біреуге сабақ болатындай ерлік емес. Садақа басқа, ерлік басқа. Жасаған көмекті айту керек пе, керек емес пе, шынымды айтсам, анық білмеймін. Былай айтсаң біреуге, олай айтсаң басқаға тиеді. Қайырымдылық жасасам жариялағым келмейді. Ол алдымен Алланың разылығы үшін. Сосын өзім үшін. Әркімнің түсінігі әртүрлі. Анық сабақ болсын десе, қанша бергенін, қалай көмектескенін көрсетудің керегі жоқ. Тек қана «Шамам келгенше жақсылық жасадым» десін. Өйткені біреу үй әперсе оны көрген жағдайы төмен адам «мен мынаның қасында не алып беремін?» деуі мүмкін. Жақсылығыңды өзің емес, өзгенің айтқаны дұрыс. Анық қайырымдылықты жарнамалағысы келген адам біреудің жақсылығын жарияласа деймін.

Сауалға жауап берген кісілердің ой-пікірлерін саралау оқырманның өз билігінде. Жақсылығын көрсету кімге қалай ұнайды, соны іске асырады. Алайда, «қайырымдылық жарнамасы» жаппай белең алып кетпесе дейміз. Өткен жылы Қызылордада аяғы жоқ ерлі-зайыпты мүгедек кісілердің аянышты халі теледидардан, әлеуметтік желілерден көрсетілді. Осыдан кейін бір қайырымды жан аты-жөнін атамауды сұрап, қаладан 7 бөлмелі үй сыйлады. Жомарт жанның ізгілікті амалына танымаса да қаншама адам алғыстарын жаудырды. Анық сауап үшін жасалған іс осындай болуы керек. Мүгедекті суретке түсіріп, «хәлі осындай болғасын мен әпердім» деген мағынада жариялау мүсіркеуге көбірек ұқсап кетуі мүмкін.

R-ақпарат

Автор: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика