• Вс. Ноя 24th, 2024
Популярные метки

Қайырымдылық – мейірімділік!

Автор:admin

Авг 6, 2022
Spread the love

– Әр адамның мейірімді әрі қайырымды болуы оның отбасындағы тәрбиесіне, өскен ортасына да тікелей байланысты. Қазақ халқы қашаннан балаларын ата-анаға, өзінен кішілерге қамқор болуға баулып отырды. «Атаңа не қылсаң, алдыңа сол келеді», «Үлкенге – құрмет, кішіге – ізет» деген нақыл сөздер арқылы айналасындағы адамдарды мейірімділікке тәрбиеледі. Аталмыш қасиет адамдарға ғана мейірімділік көрсетумен шектелмейді. Өзіңді қоршаған ортаға, жан-жануарларға, табиғатқа деген мейірімділіктің де болуы қажет. Шынайы мейірімді болу – өзіңнен гөрі басқаларға қамқор болу, өзгенің мүддесін өз мүддеңнен жоғары қою деген сөз. Мейірімді адам әрқашан басқаларға көмекке келіп, әркез жақсылық жасағысы келіп тұрады, – дейді осы жергілікті арнаулы оқу ордасының жастар ісі жөніндегі комитет төрағасы Ниязбек Оразов.

Халқымыз ықылым заманнан бері мейірімділігі мен жомарттығымен көпшілікке мәлім. Оның дәлелін бұрынғы кезде қиын жағдайға ұшыраған замандастарына көрсеткен қолдауынан көруге болады. Қазақ жетімін жылатпаған, жат елге қаңғыртпаған, ата-анасын қарттар үйіне тапсырмаған халық-тұғын. Тіпті жер бетінде жыбырлаған жәндік екеш, жәндікке де қиянат жасамаған. Барлығына Алланың жаратылысы деп қараған, оған қатігездік көрсетуге қорыққан. Осының бәрі келешек ұрпаққа көрсетілген үлгі-өнеге емес пе. Егер жер бетінде барлық адамдар бір-біріне мейірімді болып, ешкімнің ала жібін аттамаса, қорлық пен зорлық-зомбылық көрсетпесе жер бетін тек жақсылық жайламас па еді.

Ұрпақтың мейірімді болып өсуі ананың ақ сүтімен бала бойына дариды. Сондықтан қыз баланың адамгершілігі, тәрбиелілігі, сұлулығы сыртқы көрінісінен ғана емес, ішкі жан дүниесінің сұлулығымен үндес болуы тиіс. Қыздардың бойында мейірімділік, қамқорлық сезімі болуы үшін, олар сол сезімге бөленіп бой жетіп, ілтипаттылық, үлкенді сыйлау, кішіге қамқор болу қасиеттерін қалыптастырады. Қазіргі кезде жаһандану үрдісі жайлап жатқан уақытта балалар ақпарат құралдарынан неше түрлі жауыздықты, қаныпезерлікті көріп өсіп келеді.

Мемлекеттер арасындағы қырғын соғыс, балалардың ата-аналарына, аталардың балаларына көрсеткен қиянаттары бала санасын уламай қоймасы әбден шындық. Сондықтан мектеп қабырғасында да ұстаздар қауымы ауқымды істер атқарып, мейірімділік пен қайырымдылық аясында көптеген шаралар өткізіп тұрса, ұрпақ тәрбиесіне оң әсер етері сөзсіз. Мейірімділік, сүйіспеншілік ізгілік нұры бізге қонып, адамдар бір-біріне тек жақсылық, қуаныш, ізгілік сыйлап жатса, қандай жақсы болар еді.

Жомарттық – қайырымдылық тамшысы.

«Жомарттың аты талай жыл өтсе де ел аузында жүреді» деп Рашид-әд-дин айтып кеткендей, жомарттық немесе жауанмәрттілік, кеңпейілділік – адам бойындағы ізгі қасиеттердің бірі. Жмарттық дегеніміз – қолыңдағы бармен өзгемен бөлісу. «Кең болсаң, кем болмайсың» демекші, ол жақсылығың да саған міндетті түрде қайтып келеді.

Менің ойымша, жомарттық отбасынан, яғни отбасындағы тәрбиеден бастау алады. Мысалы, біздің анамыз үнемі бізге «бір тілім қара нан болса да, бөліп жеңдер», «өзгелермен бөлісіңдер» деп жадымызға құйып отырады, сондықтан біздің қолымызда бір қампит болса біз бөліп жеуге тырысамыз, ешкімнен қолымыздағы нәрсені аямай, кеңпейіл болуға тырысамыз.

Бүгінгі таңда елімізде қайырымдылық қорлар мен қайырымдылық науқандар жиі өткізіліп тұрады, біз де осындай қайырымдылық іс – шараларынан қалыс қалмай, мүмкіндігімізше аи салысуға тырысамыз. “Жомарт бергенін айтпас, ер айтқанынан қайтпас” деген қазақ мақалы өте орында айтылған секілді, себебі жомарт эандар мұқтаж адамдарға көмектесіп, демеушілік танытады.

Қазақ халқы жомарттық қасиетті ерекше ардақтап, балаларына «Жомарт» деген есім беріп жатады. Тіпті халық арасында дарқандылығымен танылған адамды «Атымтай Жомарт» бейнесімен ұштастырып жатады. Қайырымдылық — көмекті қажет етушілерге (адам және барлық жандыларға) білдірілетін сүйішпеншілік пен нақты көмек. Қайырымдылық ізгіліктің анық көрінісі болып табылады.
Қайырымдылық— адамның асыл қасиеттерінің бірі. Кісінің айналасындағы адамдарға деген ықыласы мен көмегін адамгершілік қарым-қатынастарын білдіреді. Қайырымдылық ұғымының екі қыры бар.
Бірі — рухани-экономикалық жағы (басқаның басына түскен ауыртпалықты қабылдау),
Екіншісі — іс-тәжірибелік жағы (іс жүзінде нақгы көмек беруге үмтылу).
Сондай-ақ, қайырымдылық этикалық және интеллектуалдық болып та бөлінеді. Этикалық қайырымдылыққа ұстамдылық, батылдық, жомарттық, әділдік жатады. Ал интеллектуалдық Қайырымдылыққа даналық, парасат, ақыл-ой тапқырлығы мен өткірлігі сезімталдық жатады. Адам өз ұрпағына қайырымдылықты жастайынан үйретіп, адамгершілік қасиеттерге баулуға ұмтылады. Біреуге жақсылық, жан-жануарларға, табиғатқа камқорлық жасау — қайырымдылықтың көрінісі. Рақымды, мейірімді, жан жылуы мол адамды қайырымды адам дейді. Ал ешкімге жаны ашымайтын, жүрегінің жылуы жоқ, қатыгез адамды қайырымсыз деп атайды. Қайырымдылықты — мүсіркеушілік және жарылқаушылық деп те түсінуге болады. Ол кейде кедейкепшік, жарлы-жақыбай жандарға көмектесумен, қайырсадақа берумен де корініс табады. Қазір біздің елімізде түрлі қайырымдылық қорлары ұйымдастырылған, қайырымдылық іс-шаралары өткізіліп тұрады. Ұлттың ұлт болып, мемлекеттің мемлекет болып қалыптасуына жекелеген адамдар тарапынан жасалатын игі істердің де шешуші маңызы бар екенін көп жағдайда ескеруге тура келеді. Олай дейтініміз, тәуелсіздік алған жылдары елімізде тұралап қалған экономикалық жүйені қалыпқа келтіру бағытында Елбасының салиқалы саясатымен көптеген істер жүзеге асырылды. Ең алдымен, халықтың әлеуметтік жағдайын, тұрмыс-тіршілігінің оңалып кетуіне жіті мән берген саяси жүйе бүгінде өзінің дұрыстығын дәлелдеді. Сол себепті де бұл мәселеде қолға алынып жатқан істердің мән-маңызын талдап-талқылауға, тереңіне ой жіберуге, жаңа уақыт тұрғысынан өткенге зер салуға парасат-пайым қажет.

Қоғам болсын, адамдық ізгі ниеттен туындайтын амал әрекеттер болсын, барлығының өзара байланысқан жүйесі болатыны рас. Мәселен, бір адамға екінші адамның әсері болатыны тәрізді, қоғамдық, саяси мәдени жүйеге де өз ықпалы арқылы жаңа серпін, жаңа леп алып келетін адамдар болады. Ондайларды біз әдетте, бірнеше категорияларға бөліп, мемлекет үшін жасаған істеріне қарай топ-топқа бөліп қарастырып жатамыз. Нақтырақ айтсақ, қазақ халқының әдебиеті мен мәдениетіне, білімі мен ғылымына, өнеріне өлшеусіз үлесін қосып келе жатқан тұлғаларға демеу болып, шығармашылықтарына қаржылай, материалдық қолдау көрсетіп келе жатқан еліміздің Атымтай жомарттары аз емес. Оларды қазіргі заманның тілімен айтқанда «меценаттар» деп атаймыз. Сол меценат мырзалардың арқасында көптеген игі іс-шаралар тәуелсіздік алған жылдардан бері қарай жалғасын тауып келеді. Олардың өнер мен мәдениетке қосқан үлестері ел есінде. Жалпы алғанда, белгілі бір салаға меценаттық көмек көрсетіп, сол бір саланың жанданып кетуіне мүмкіндік тудыратын адамдардың табиғатын бір сәт зерттеп, ішкі болмыстарына үңіліп көрдік пе өзі? Олар жалпы қандай адамдар? Білетініміз, олар – кәсіпкер, өмірде керемет жетістіктерге жеткен қалталы азаматтар. Алайда қалталы азаматтардың барлығы дерлік шығын шығарып, тәуекелге бел буа бермейтіні тағы бар емес пе? Бұл жерде басы анық бір мәселе, кез келген меценат «еліне, халқына жаны ашып, сол елдің өнері мен мәдениетінің гүлденіп, көркеюіне үлес қоссам» дей­тін ниеттен туындайтын ойлардың жетегінде болуы тиіс шығар. Солайы солай ғой, бірақ оның астарында белгілі бір мақсатты көздейтін, бір жағынан, өзінің де атын шығарып, қоғамға белгілі болуды армандайтындар да жоқ емес. Сол себепті меценаттық көзқарастың байыбына барып, оның мәнін тереңінен білу қай-қайсымыз үшін маңызды. Меценат болу – әр адамның қолынан келе бермейтін іс. Ол үшін дәулетті, тапқан табысыңның көлемі біреуге қолдау жасайтындай дәрежеде болуы керек. Тарихтан көптеген Атымтай жо­март­тардың есімін білеміз. Шежі­релік деректерге зер салсақ, олар өздерінің көмегін көбінісе білімге жұмсаған. Оқу орындарын ашып, мектеп-медреселер тұрғы­зып, халықтың оқу-ағарту ісіне үлкен еңбек сіңірген, яғни олар білімге қолдау көрсету арқылы ұлт болшағының негізін салды деген сөз. «Бүгінгі меценаттар қайдан шықты» деп ойға берілудің қажеті жоқ. Ол – біздің тегімізде бар дүние. Атам қазақтың қолы ашық адамды «Атымтай жомарт» деуі де тегін емес. Ел басына күн туған шақтарда, халық аш-жалаңаш күйге түскен кездерде біздің елдегі ауқатты, дәулетті адамдар да аянып қалмаған. Мүмкін болғанынша бір елді, бір рулы аймақты қарамағына алып, малмен, отын-сумен қам­тамасыз еткендері де аз болмаған. Қазақ халқына қосарлана айтылатын қасиеттердің бірі, осы – жомарттық. Неге? Себебі қазақтың жомарттығы байы тұрмақ, кедейінде де бар. «Үйдегі жалғыз атын сойып беріп, жүген ұстап қалады ертеңінде» деген сияқты өлең жолдары осы жайды аңғартса керек. Әрине, елдің, ұлттың болашағы дегенде ішкен асын жерге қоятын азаматтарымыз жетерлік. Бар болғанына шүкір дейсің. Асылында, «байлық – мұрат емес, жоқтық ұят емес» дейтін қазақ мақалының астарына үңілсең, байлықты мұрат санамаған, оны тек басқаға көмек қолын созатын мүмкіндік есебінде көретіндер де бар. Олардың «байлықтың жөні осы екен» деп, өз қаражаттарын орынсыз шашып, ысырап қылып жат­қанын байқамайсың. Ұлтына пайдасы бар-ау дейтін жерде аянып қалмайды. Міне осындай абзал қасиеттерді көре отырып, қазақ меценаттарының ең бірінші халықтың игілігіне, өнері мен әдебиетіне, мәдениетіне бөліп отырған қаржылары үлкен демеу болары анық. Меценаттардың елімізде көптеп көрінуі – мемлекеттік экономиканың дамып отырғанының бір белгісі. Елдің, халықтың жағдайы жақсара түскен сайын, оның арасынан бақуатты азаматтар да шыға бастады. «Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі» деген шаралар да кеңінен дамытылып отыр. Сондықтан да Елбасымыз айтқан «алдымен – экономика, содан кейін – саясат» тұжырымы да осы жағынан келгенде оң өзгерістердің пайда болуына ықпал етіп отыр. Жекелеген меценаттардың жасаған игі шараларынан бөлек, бұл саладағы мемлекеттің жасап отырған жұмыстарын да атап өткеніміз ләзім. Шығармашылық адамдарына тағайындалатын арнаулы стипендиялар да – осы игілікті істің дәлелі. Мемлекетіміз қашанда өнер мен мәдениет өкілдеріне қолдау көрсетіп келеді. Әрине, өнер өнер үшін емес, өнер халық үшін болғандықтан, кез келген шығармашылық сала, ол, ең алдымен, жас ұрпақтың дүниетанымын қалып­тастыруға, мәдениет пен руханият­тың дамуына қызмет етеді. Қазақ өнері мен мәдениеті меценаттардың қолдауына қашанда зәру. Мәселен, халықтың мүддесін қорғап, солардың үні мен мұң-мұқтажын тиісті органдарға жеткізіп жүрген кейбір қалам иелері, журналис­тер қауымы үйсіз-күйсіз жалдамалы пәтерлерде күн кешіп жүр. Біздің елдің меценаттары осындай мәселелерге де назар аударса деген де тілек бар. Ең бастысы, меценаттық жанашыр­лық, шын мәнінде, жүректен, таза көңіл­ден шықса игі. Сонымен қатар бір күндік көмек көрсетіп, артынан үнсіз кететіндері де табылады. Қалай дегенмен де, меценаттық атақ пен даңққұмарлықтың емес, шынайы жүректен туындаған ықылас болуға тиіс. Қазақтың бағына біткен және де сол шыққан биігінде ел есінде сақталып қалған меценаттар, шын мәнінде, ұлттық өнердің дамуына өлшеусіз үлес қосты. Бүгінде жыл сайын өткізілетін «Дарабоз» сынды балалар әдебиетіне арналған сайысқа демеушілік жасап келе жатқан Бауыржан Оспанов деген қазақтың патриот азаматын ерекше атап өтуге болады. Қойып отырған ақшалай жүлделері де қомақты. Ел меценаттары осындай көңіл бөлінбей, қараусыз қалып жатқан өнер мен әдебиет салаларына дер шағында үн қатып, қолдау көрсетіп отырса дейсің. Соңғы кездері балалар әдебиетіне жазылатын туындылардың саны күрт төмендеп, балаларымыз не оқитынын таппай қалған болатын. Сол олқылықтың орны толып, бүгінде балалар шығармаларының саны артып, талай кітаптар басылып шықты. Міне, азаматтық биіктіктің шыңы деп осындай жайларды айтуға болады. Меценаттық пен қайырымдылықтың дәстүрлері қазақ жерінде ежелден бері тараған. Біреулер үшін ол сәнге айналса, енді біреулер үшін өмірдің қалыпты жағдайы ретінде көрінді. Есенқұл Маманов сонау 1914 жылы «Айқап» журналында «Романға бәйге тігемін» деп ашық хат жариялауынан қазақтың әдебиет өне­ріне деген қамқорлығын аңғаруға болады. Жәңгір ханның халықты ағарту ісіне қосқан үлесі, Құнанбай қажының 1824 жылы салдырған мешіті, хазірет Нұрфайыз Байғарин, Тәбей Барлыбаев, Нұрмұхамет Зәбіров және тағы басқалары мешіт-медреселер салдырып, жас қауымның білім алуына зор ықпал жасаған. Қазіргі заман меценаттарының ішінде де мақтанышпен айта алатын есімдер баршылық. Кешегі уақыттары «Атамұра» корпорациясын басқарған, бүгінде Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммедтің қазақ өнері мен мәдениетіне көрсеткен қамқорлығы, айтыс өнерін дамытуға қосқан өлшеусіз үлесі ерекше. Амангелді Ермегияев, Өмірзақ Сәрсенов, Нұртай Сабильянов сынды азаматтарды қазақ меценаттығының жарқын үлгісі деп айтуымызға болады. Әсіресе өнер мен мәдениетке аса қолдау қажет болған өтпелі кезеңдерде жасаған жомарттықтары халық есінде сақталғаны сөзсіз. Әрине, меценаттар бүгінде де бар. Олардың қатары жыл сайын көбейіп жаңа есімдермен толыға түсуде. Ең бастысы, меценаттық шаралар дәулетті адамның өзін-өзі танытуы үшін емес, шын көңіл­ден болып жатса, нұр үстіне нұр. Ал олар­дың есімдерін атап, құрмет-қошемет көрсету, алғысқа бөлеу еткен еңбектеріне қарай жасала берері белгілі. Біздің елде жеке адамдардың қайырымдылық ісімен айналысатындары да көп. Бір қызығы, олар өз аттарын атамай, жасырын қалуды жөн санайды екен. Қандай жолмен болса да, мұқтаж жандарға көмек беріп, қиындықтан құтылуға жәрдемдесіп жатса, бұл да болса сауапты істердің бірі емес пе? Дәуіржан Төлебаев

Қандай заман болмасын маңайына шуақ сыйлайтын жандардың қатары сиремеген. Қайырымдылықты ғылыми тұрғыда зерттеушілер интеллектуалдық һәм этикалық деп екіге бөледі. Этикалық түрі – ұстамдылық, батылдық, жомарттық, әділдікпен сипатталса, интеллектуалдық қайырымдылыққа даналық, парасат, ақыл-ой тапқырлығы мен өткірлігі, сезімталдық жатады. Ислам ғұламалары болса оны зекетпен тығыз байланыстырады.

Батыс зерттеушілері «қайырымдылық жарысы» әлеуметтік жобасын ұйымдастырып, онда Қазақстан 96-орынға орналасқан. Әлеуметтанушы мамандар жүргізген зерттеу нысаны ретінде 146 ел таңдап алынған.  Нақты деректерге сүйенсек, жалпы 150 мыңнан астам адам әлеуметтанушылар ұсынған сауалнамаға жауап берген. Зерттеу қорытындысы бойынша, әрбір бесінші адам өмірінде бір рет болса да қайырымдылық жасап, еріктілер қатарында болған. Сауалнамаға қатысқандардың жартысынан көбі өздері танымайтын жандарға қол ұшын беруді әдетке айналдырған. Сондай-ақ олардың 30 пайызы қайырымдылық ретінде коммерциялық емес ұйымдарға ақша аударған. Негізінен әлемде жақсылық жасаушылардың көбі ер адамдар екен. Соңғы жылдары еріктілердің қатарында әйелдердің де саны артқан. Оған себеп мамандар қайырымдылықтың пайдасын жиі зерттеп, ел арасында насихатын күшейткені болса керек. Солардың бірі белгілі әлеуметтанушы Дейв Адамс. Ол қайырымдылыққа ерікті болуға итермелейтін себептердің тізімін жасаған. «Игі істер денсаулыққа оң әсер етіп, адам өмірін ұзартады. Сондай-ақ жеке тұлға ретінде дамуға көмектеседі» дейді зерттеуші.

Қайырымдылық жасаудан көш басында Индонезия, Австралия, Жаңа Зеландия, АҚШ және Ирландия тұр. Ауғанстан, Морокко және Йемен елдерінде керісінше. Ал Қазақстан халқының 28 пайызы қайырымдылық жасауды дағдыға айналдырған.

МЕЦЕНАТ – «КІМ» ЖӘНЕ «НЕ»?

Қайырымдылық ұғымының аясында «меценат» атауы пайда болды. Ғылым тілінде меценат білім мен өнердің дамуына материалдық көмек көрсеткен тұлға делінсе, тарихы сонау Рим империясындағы мемлекеттік қызметкер Гай Цильный Меценаттан бастау алады. Меценат Рим империясының негізін салушы Актавиан Август заманында өмір сүріп қана қоймай, онымен жақын дос болды. Сенімді адамы ретінде араласты. Осы қарым-қатынас түрткі болса керек, алғашында заңды түрде мемлекеттік қызметкер болмаса да, Рим империясының сәулет құрылысына, мәдениетіне, әдебиетіне өлшеусіз еңбек сіңірді. Оның есімі ең үлкен мемлекеттік саясатты орнатқан тұлға ретінде қалыптасты. Императордың қолдауымен Римнің дамуына жұмсалатын қаражаттың басым бөлігін мәдениетті қолдауға жұмсады. Мәдениет министрі болып тұрған шақта инвестиция тарту арқылы мәдениеттегі саяси тапсырманың шешімін тапты, осылайша Рим империясы мен билігінің бағытын бекітті, әлеуетін нығайтты. Осыдан кейін меценат ұғымы – қоғамның рухани кемелдігі мен тереңдігін қалыптастыруда мәдениет дамуына үлес қосқан тұлғаларға телініп келеді.

Тарихта меценаттар көп болған. Солардың көшін бастап тұрған Медичи жанұясы. XIII-XVIII ғасыр аралығында Флоренцияны басқарған Медичилер әлемде теңдессіз деп бағаланған сәулет туындыларының құрылысына демеушілік жасап отырған. Әлемге әйгілі болған меценаттар қатарында Ротшильдтер есімі де алғашқылардың бірі болып аталады. Еуропалық банкирлер әулеті XIX ғасырдың екінші жартысынан бастап мәдениетті дамытуға қаржы құя бастады.

ҚАЗАҚҚА КІМ ҮЛГІ?

Қазақ даласындағы меценаттық үлгіні Маманқұттың ұрпақтары көрсетті. Жетісу өңіріндегі Маманұлы Тұрысбек қажы жиған-тергенін білім жолында жұмсап, Құдайберген, Тәңірберген деген балалары мен інісі Есенқұлды Семей, Омбы, Уфа қалаларында оқытады. Тұрысбектің өзі 18 жыл болыс болған, 2 рет қажылық сапарымен Меккеге барған. Әке өнегесін жалғаған Құдайберген, Тәңірберген, аға жолын ұстанған Сейітбаттал, Есенқұл қажылар Қарағашта жаңа заманға сай «Мамания» мектебін салдырады. Мектеп Уфадағы «Ғалия» медресесінің үлгісінде салынып, Маман атына «ия» жалғанған. Есенқұл бастаған кісілер Уфаға арнайы барып, медресенің құрылу үлгісін, оқытылатын пәндер мен ұстаздар біліктілігінен хабар алып келген деген деректер бар.  Архивте сақталған Мамания мектебі туралы құжаттарда «Мектеп 1909 жылы ризашылықпен ашылып, жұмыс істеп, төрт кластық болды. 1912 жылы арнайы ашылуға рұқсат берілді. Мектеп тоғыз кластық болып ашылды. 1911 жылдың күзінен бастап мектепті Ғабдолғазиз Мұсағалиев басқарды. Жылына төрт мың ақшаны Құдайберген Тұрысбеков бөліп беріп отырды», – деп жазылған. Тұрысбек қажының балалары мен інілері оқытушылар мен оқушыларды жатын орынмен қамтамасыз етіп, 60 баланы толықтай ас-сумен азықтандырып отырған. Онан бөлек кітап, жазу дәптерлері, қарындаш секілді оқу құралдарының бәрі тегін үлестірілген. Кейіннен «Мамания» мектебінің жанынан қыз балаларға арналған оқу орны ашылып, 30 қызға білім берген. Маман ұрпақтарының ішінде Есенқұл аты ерекше аталады. «Қазақ» газетінің 1914 жылы 28 ақпанында қазақ романына 2 мың сом бәйге жариялайды. 1914 жылы «Айқап» журналында Маманұлы Есенқұлдың «Романға бәйге тігемін» деген ашық хаты беріледі. Роман бәйгесіне Спандияр Көбеев, Мұхаметжан Сералин, Сұлтанмахмұт Торайғыровтан басқа тағы алты елге танымал атақтылардың жазған романдары сараптап алынады. 1914 жылы Семей облысына қарасты Қоянды жәрмеңкесінде «Кім жазықты?» өлеңмен жазылған романмен Сұлтанмахмұт Торайғыров жеңімпаз атанған. 1915 жылы «Айқап» журналының алқасы: «Есенқұл Мамановтың романға бәйгесі Альфред Нобель жұмысымен қатар дәрежеде болмай, піл қасында бүргедей болғанымен, құдығына қарай қауғасы деп, жаңа ғана әдебиет жолында аяғын апыл-тапыл басып келе жатқан жұрт үшін бұл ерлік, тіпті Нобель жұмысынан да артық деп айтқымыз келеді», – деп жазады. Маман ұрпақтарынан кейін де қазақ үшін айтулы істер атқарған кәсіпкерлер аз емес. Ауыл халқының әлеуметтік жағдайын жақсартуға қаржыларын сарп етіп жүрген Жақсылық Үшкемпіров, Бауыржан Оспановтар осы күнгі меценаттар көшін бастайды. Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров спорттық ғимараттар салдырып, халықты салауатты өмір салтын сақтауға шақырса, меценат Бауыржан Оспанов жыл сайын балалар әдебиетінің дамуына үлес қосып «Дарабоз» жүлдесін тағайындап келеді.

2007 жылдан бері үздіксіз өткізілетін «Алтын жүрек» жыл сайынғы қоғамдық сыйлығы да талай меценатты қазаққа танытты. Сол жылы «жыл меценаты» атанған Ұзақбай Айтжанов еліміздің бірқатар өңірінде медициналық құрал-жабдықтар мен дәрі-дәрмектерді тегін үлестірген. Балалар үйі мен соғыс және еңбек ардагерлеріне, Сырдария су тасқынынан зардап шеккен отбасыларға қаржылай көмек көрсеткен. Өнер саласына да жанашырлық танытып талантты суретші Алпысбай Қазығұловқа шеберхана ретінде пәтер сыйлады. Халық әртісі Роза Рымбаева, Төлеген Мұхамеджанов сынды өнер тарландарының кештеріне демеушілік көрсетті. Арал вагон жөндеу зауытының іске қосылуына мүмкіндік берді. «Еуразия» кинофестивалінің бас демеушісі болды. Сол кезеңде осы қайырымдылықты естіген ел қандай керемет деп таңданған-ды. Әр жылдары Ізтұрған Ұзақбайұлы, Қайрат Шерәліұлы, Әбдуқаһар Хашимұлы, Борис Нұрдәулетұлы, Есімхан Жаңабаев сынды біршама меценаттар жұмысы көпшілікке таныстырылып, ел арасында еленді, ықыласқа бөленді, «жыл меценаты» деген атаққа кенелді. Жыл сайынғы «Алтын жүрек» байқауында 10-нан астам номинация бар. Оның әрқайсысы қайырымдылық танытқан түрлі саладағы «алтын жүректі»  азаматтарды анықтайды. Сол арқылы біршама азаматты жақсылыққа баулыды. Баулыды дейтініміз ұлы ойшыл әл-Фараби өз еңбектерінде: «Адамның әуелден тоқымашы немесе хатшы болып тумайтыны сияқты, қайырылымдылық пен жаман қылықтылық та адамға әуел бастан жаратылысынан дарымайды», – деп жазған. Демек көзбен көріп, құлақпен есту арқылы қайырымды жандардың қатары көбейеді. Сондықтан болар қоғамда қайырымдылықтың жиі насихатталғанын, көрініс бергенін құптайтындар көп. Күн сайын әлеуметтік желілерде қайырымдылық челендждері ұйымдастырылып, желі қолданушыларының разылығына бөленіп жатады. Жуырда мейірім шапағатын шашып, мұқтаж жандарға көмек көрсеткен азаматтар бақ сынаған «Қайырымдылық керуені» республикалық байқауының жеңімпаздары анықталды. «Асар» аталымында қарағандылық Сымбат Елікбаева жеңімпаз деп танылды. Ол балаларға ұлттық бұйымдар жасаудан шеберлік сағаттарын өткізіп жүр. «Туған жер» номинациясын Атырау облысының тумасы Арман Хайруллин иеленді. Бұл жігіт туған қаласында 10 мың көшет отырғызған. Байқаудан кейін БАҚ өкілдеріне сұхбат берген ол: «Еңбегімнің осылай еленіп отырғаны алғаш рет. Бұл менің істеріме әрі қарай жігер береді. Туған жердің тазалығы, өмірдің сапасы, қазақ тілінің шарықтауы – мен үшін үлкен мәселе және өмірлік ұстанымым» деген-ді. Әлеуметтік тұрмыс жағдайы төмен, 400 адамға күн сайын түскі ас таратып жүрген алматылық Расима Темербаева «Мейірім жолында» номинациясын иеленсе, солтүстікқазақстандық журналист Александра Кондратова тағдырдың тәлкегіне ұшыраған азаматтар үшін көмек сұрап, мақалалар жазған. Әріптесіміз «Қайырымдылық тарихы» аталымы бойынша марапатталды. Ақмолалық 10 жастағы Ұлдана Совет жалын жалмаған үйден інісі мен қос сіңлісін аман алып шыққаны үшін «Батыл жүрек» атанды. ЖАҚСЫЛЫҚҚА – ЖАҚСЫЛЫҚ Асыл дініміз Исламда да қайырымдылық жайлы аз айтылмаған. Сәбә сүресінің 39-аятында: «Алланың жолында не жұмсасаңдар да, Алла тағала міндетті түрде оның орнын толтырады» делінген. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с): «жақсылық жасаңдар, қайырымды болыңдар» десе, Әли (р.а): «Аз қайырымдылық жасаудан ұялма, өйткені, құр алақан қайтару одан да аз» деп риуаят етті. Мұсылмандарға 40 іс парыз етілсе, соның исламдағы бесеуінің орны ерекше. Исламтанушылардың айтуынша осы күнгі меценаттық, кедей кепшік пен міскінге көмек етудің түп төркіні зекет амалдарында жатыр. Зекет сөзі араб тілінде тазалық, өсіп-өну деген мағынаны білдіреді. Ал шариғатта зекет шығаратын мөлшердегі мал-мүлік иесінің өзінің дүниесінен Алла тағала белгілеген зекетін иелігінен шығарып, кедейге тапсыруы деп түсіндіріледі. Қазақ арасында да бұл қасиет жиі насихатталған. Жақсылыққа баулитын түрлі мақал-мәтел мен қанатты сөздер соның айғағы. «Қайырымдылық – ісіңнен көрінеді» деген тәмсіл бар. Астарына бойласақ қайырымды болып көрініп қоймай, шын мәнісінде, іс жүзінде жақсылық жасауға итермелейді. Осыдан бірнеше жыл бұрын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қайырымдылық акциялары жүзеге асуы тиіс деген-тін. Сол кезеңнен бері «25 ізгі іс», «Үлкен ел – үлкен отбасы», «Қоржын», «Жүректен жүрекке», «Анаң – сенің жұмағың» сынды түрлі үлкенді-кішілі жобалар қолға алынды. Солардың жалғасы іспетті «Харекет», «Ихляс» сындық қайырымдылық қорлары жұмыс істеп жатыр. 2016 жылы құрылған «Харекет» қайырымдылық қоры «1000 теңгеге баспана» акциясы арқылы 80-нен астам отбасыға қуаныш сыйлап, баспаналы болуға себеп болды. «Ихляс» қоры да өткен жылы әлеуметтік жағдайы аз қамтылған 1500 балаға «Мектепке жол» акциясының аясында көмек көрсеткен еді. Ел арасында «қайырымды адам» атанып кеткен меценат Қайрат Құдайберген жуырда «Бақытты отбасы» челенджін бастады. Тұрмыс-жағдайы төмен отбасыларға 7 млн теңге көлемінде материалдық көмек көрсеткен кәсіпкер игі іс жалғасын табатынын жеткізді. «Мен бұл челленджді әрмен қарай өзімнің кәсіпкер әріптестерім Арманжан Байтасовқа, Серік Түлкібасовқа, Гүлмира Толғанбаеваға, Дулат Тастекеевке және Алмас Әбдіғаппаровқа жолдаймын. Сіздерді де көпбалалы және көмекке мұқтаж отбасыларға жәрдем беруге шақырамын», – деді Алматы қаласы мәслихатының депутаты, кәсіпкер Қайрат Құдайберген.

PS: Қайырымдылық ұғымын терең зерттеген ғұлама әл-Фараби: «адамдары бақытқа жету мақсатымен бір-біріне көмектесіп отыратын қоғам – қайырымды қоғам. Барлық қалалары бақытқа жету мақсатымен бір-біріне көмектесіп отыратын халық – қайырымды халық. Егер халықтар бақытқа жету мақсатымен бір-біріне көмектесіп отырса, бүкіл ғалам қайырымды болмақ» деген. Осы ретте қайырымдылықты сырттан іздемей өзімізден бастаған жөн іспетті…Қазіргі заманның жастары, «мейірімділік» деген сөзді сирек естиді және мағынасын толық түсінбейді. Менің ойымша, мейірімділік дегеніміз – қиын жағдайға тап болған адамға шын жүректен қолдау көрсетіп, басқа адамның бақыты үшін өз уақытыңды, ақшанды немесе денсаулығыңды құрбан ету. Жасөспірімдердің арасында  қатыгез, өзімшіл және мақтаншақ балалар көбейіп келеді. Біреу құлап қалса, оны көтерудің орнына, ұялы телефонның камерасына түсіре бастайды. Сондықтан, ата-аналары балалардың тәрбиесіне ерекше көңіл бөлуі керек.

R-ақпарат

Автор: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика