2025 жылғы 8-16 шілде аралығында Беларусь Республикасының Минск облысында орналасқан «Зубренок» ұлттық балалар білім беру-сауықтыру орталығының базасында Жас өрт сөндіруші-құтқарушылардың XVIII халықаралық слеті табысты өтті. Ауқымды әрі беделді бұл шараға Әзербайжан, Беларусь, Қазақстан, Ресей және Өзбекстан елдерінен келген үздік жас құтқарушылар командалары қатысты.
Қазақстан Республикасының намысын аталған халықаралық алаңда Шымкент қаласынан келген «Жас құтқарушылар» командасы қорғады. Команданың құрамында жоғары сынып оқушылары, жас өрт сөндіруші-құтқарушылар үйірмесінің белсенді мүшелері, төтенше жағдайлар саласына қызығушылық танытып жүрген білімді әрі жігерлі жастар болды.
Слет аясында ұйымдастырушылар қатысушылардың дене даярлығын, логикалық ойлау қабілетін, шешім қабылдау шеберлігін және құтқару ісіндегі практикалық машықтарын бағалауға арналған түрлі кезеңдерден тұратын байқау бағдарламасын ұсынды. Қатысушылар:
— «Арқан қалашығы» (тактикалық дайындық элементтері);
— «Өрт эстафетасы»;
— «Спортландия»;
— «International Talents 4 Safety» (шығармашылық таныстыру);
— «Судағы эстафета»;
— «Алғашқы көмек көрсету»;
— «Визит карточкасы» және тағы басқа байқауларда бақ сынасты.
8 күн бойы жалғасқан күрделі де қызықты бағдарламалар барысында Шымкенттің жас құтқарушылары өздерінің физикалық шыныққанын, теориялық білімдерін, тапқырлығы мен ұжымдық жұмыс істеу қабілетін дәлелдеді. Олар әрбір кезеңде белсенділік танытып, жоғары нәтиже көрсетуге ұмтылды.
Жарыс қорытындысы бойынша жүлделі орындар төмендегідей бөлінді:
— 1-орын – Беларусь Республикасы;
— 2-орын – Ресей Федерациясы;
— 3-орын – Қазақстан Республикасы.
Шымкенттік команда халықаралық деңгейдегі байқауда құрметті үшінші орынды иеленіп, еліміздің абыройын биік деңгейде қорғады. Бұл — балалар мен жасөспірімдерге арналған тәрбие және дайындық жұмыстарының жүйелі түрде жүзеге асып жатқанын айғақтайтын нақты нәтиже.
Слет аясындағы байқаулар қатысушылар үшін тек спорттық және зияткерлік қабілеттерін көрсету алаңы ғана емес, төтенше жағдайлар кезіндегі әрекеттерді тәжірибе жүзінде меңгеру, құтқару ісінің негіздерін игеру және халықаралық достықты нығайтуға бағытталған үлкен мектепке айналды. Сондай-ақ жас құтқарушылар басқа елдердің мәдениетімен танысып, өзара тәжірибе алмасты, жаңа достар тапты.
Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаменті мен жас құтқарушылар үйірмесінің үйлестірушілері атынан жарысқа қатысқан балаларға алғыс білдіреміз. Олар өздерінің білімін, күш-жігерін, отаншылдығын көрсетіп, ел намысын қорғауда лайықты үлгі бола білді.
Қазақстан командасын жүлделі үшінші орынмен шын жүректен құттықтаймыз! Болашақта да олардан биік белестер мен жаңа жетістіктер күтеміз. Жас құтқарушыларымыздың жеңістері еселене берсін!
