Көне заманнан-ақ қазақ халқында жазбаша педагогикалық еңбек жазып қалдырмаса да білгір педагогтар, тәрбиешілер, ұстаздар болған. Олар өз көзқарастары мен әрекеттерінде белгілі бір дәстүрлі дүниетанымды ұстанып, халықтың мұраттары мен арман тілектеріне сүйеніп отырған.
Қазақ отбасында дене, еңбек, ақыл-ой, адамгершілік, экономикалық, экологиялық, құқықтық, сұлулық тәрбиелері жүргізілген. Қазақ отбасында аталған тәрбие түрлерін жүзеге асырудың мақсаты жан-жақты жетілген азамат тәрбиелеу болды.
Қазақ отбасы баланы қоғамның моральдық нормасын орындауға қатыстыру, олардың тәртіп және мінез-құлық тәжірибесін қалыптастыру, Отанға, халқына, еңбек және қоғамдық іс-әрекетке жауапкершілік сезімін тәрбиелеу арқылы адамгершілікке тәрбиелей білді. Сондай-ақ, қазақ отбасында адам зиялылығының негізі – ақыл-ой тәрбиесі деп есептелінді. Ақыл-ой тәрбиесі арқылы баланы ойлау іс-әрекетінің шарты болатын білім қорымен қаруландыру, негізі ойлау операцияларын меңгерту, зиялылық біліктері мен дүниетанымын қалыптастыру міндеттері шешілді.
Қазақ халқы ежелден ұл бала мен қыз баланың тәрбиесін бөліп қараған. Ұлды мал бағуға, отын шабуға, қолөнер шеберлігіне, мал табуға, отбасын асырауға, ал қыз баланы ас пісіруге, кесте тігуге, өрмек тоқу сияқты үй ішінің ішкі жұмыстарына үйрету арқылы экономикалық тәрбиенің көзі болып табылатын үнемшілдікке, тәуекелшілдікке үндеп, сараңдыққа салынып кетуден жирендіріп отырған.
Қазақ отбасы тәрбиесінің құралдары дегенде халық ауыз әдебиетін, ұлттық ойындар, айтыс және шешендік сөздерді, ойын-сауықтарды т.б. айтамыз. Қазақ отбасында жоғарыда аталған тәрбие түрлерін жүзеге асырудағы ежелден қолданып келе жатқан өзіндік әдіс-тәсілдері бар. Олар: балаларға қайырымды, ізгі қатынас жасау, сыйлау адамгершілік сезімдеріне әсер ету, өзіне деген сенімін нығайту, сенім арту, реніш, наразылық білдіру, тыю, айыптау, бұйыру, еркелікте кінәсін мойындату, түсіндіру, мысал келтіру, үлгі-өнеге, ғибрат айтуды есептейміз.
Қазақ отбасында ғасырлар бойы қалыптасқан, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан отбасы мүшелерінің қатынасының маңызы зор. Қазақ халқының отбасына тән жарасымдылық олардың жасы кішісінің үлкеніне «сен» деп сөйлемеуі, алдын кесіп өтпеуі, үлкен тұрып кішінің, әке тұрып ұлдың, шеше тұрып қыздың орынсыз сөйлемеуінде деп есептейміз.
Үлкенді құрметтеу отбасы мүшелерінің бір-бірінің тәрбиесіне жауапкершілік, борыштылық, адамгершілік сезімдерін туғызған.
Қазақ отбасында балаға тілі шығып, анық сөйлей бастаған кезден-ақ, ағайын туысты, нағашы жұртын, ата тегін, руын, ел жұртын білдіруге ерекше көңіл бөлген. «Жеті атасын білу» заң болған. Ата-бабаларымыз өз тегінің шығу тарихын білуді әр азаматқа парыз деп ұққан. «Жеті атасын білген ұл, жеті жұрттың қамын жер» деген аталы сөз содан қалса керек. Баланың өзі шыққан тегін білуі оның азаматтық, елжандылық, отансүйгіштік қасиеттерін қалыптастырады деп есептеген. Отбасы мүшелері балаға тек жеті атасына дейінгі бабаларының атын жаттатып қана қоймаған. Олардың қандай адам болғанын, өнегелерін үлгі етіп отырған. Әрі сол арқылы отбасы шежіресін жалғастыруға баулуды мақсат еткен.
R-ақпарат