Бүгін Достық үйінде Қызылорда облыстық және Шымкент қаласының Қазақстан халқы ассамблеясы жанындағы Ғылыми-сарапшылық топтарының тәжірибе алмасу отырысы өтті. Шараға Шымкент қаласы ҚХА жанындағы Ғылыми-сарапшылық тобының жетекшісі, Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің «Саясаттану» кафедрасының доценті, философия ғылымдарының кандидаты Саипжамал Қорғанова, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің «Тәрбие жұмысы және жастар саясаты департаментінің» директоры, тарих ғылымдарының кандидаты Қайрат Анарбаев, Қызылорда облыстық ҚХА хатшылығының меңгерушісі, облыстық қоғамдық даму басқармасының этносаралық қатынастар мәселелері жөніндегі бөлімінің басшысы Айгерім Алиева, өңірлік ғст жетекшісі мен мүшелері қатысты.
Отырыстың алғы сөзін алған Шымкент қаласы ҚХА жанындағы Ғылыми-сарапшылық тобының жетекшісі, өзбек этносының өкілі, философия ғылымдарының кандидаты, 38 жыл ғылым мен педагогика саласында қызмет еткен Саипжамал Қорғанова ғылыми-сарапшылық топтың атқарып жатқан жұмыстарына тоқталып өтті. Толыққан тәжірибесімен бөлісті.
— Біздің өңірдегі топ мүшелігінде 12 адам бар. Бекітілген жоспар бойынша жұмысымызды жүргізіп келеміз. Өңірімізде 108 этнос өкілі бар болса, 16 этномәдени бірлестіктер белсенді жұмыс істейді. Әр жыл сайын топ мүшелерінің монографиялық еңбектері жарық көруде. Сан ғасырлар өтсе де мұқалмаған тіліміз туралы және шекарамыз жайлы атадан жеткен асылды бүгінгі ұрпаққа жеткізу баршамыз үшін парыз. Қазақ жеріндегі қай ұлт пен ұлыс болмасын, олар өмір сүретін елдің ұлттық тарихы мен мәдениетін, жалпы ділін білуі керек. Туған өлкесінің салт-санасын бойына толыққанды сіңірген тұлға ғана кез келген жерде «Мен қазақ елінің азаматымын!!!» дей алады. Мемлекет басшысы ҚХА 32 сессиясында елдің бірегейлігі мен бірлігін нығайту мәселесін алға тартты. Біз ұлттық құндылықтарды насихаттау арқылы бірегейлікке қол жеткізе аламыз. Осы бағытта жұмыстарды одан әрі жандандыра түспекпіз, — деді…