2025 жылғы 4 маусым күні «М. Өтемісұлы атындағы жалпы білім беретін мектеп» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің жанындағы жазғы демалыс лагерінде оқушылардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, ұлттық құндылықтарды насихаттау және көркем эстетикалық тәрбие беру мақсатында «Экран алдында» атты танымдық сабақ ұйымдастырылды. Бұл іс-шараның шеңберінде оқушыларға отандық анимациялық туынды – «Ертөстік пен Айдаһар» атты толықметражды мультфильм көрсетілді.
Аталған мультфильм қазақ халқының көне де құнды ауыз әдебиеті үлгілерінің бірі – «Ертөстік» ертегісінің желісі бойынша түсірілген. Бұл туынды – Қазақстан анимациялық өнерінің дамуындағы елеулі белес болып табылады. Себебі ол еліміздің анимациялық кино тарихында алғашқы толықметражды фильм ретінде ресми түрде танылып, отандық мультфильм өндірісінің жаңа бағытын бастап берді. «Ертөстік пен Айдаһар» – 2D және 3D технологияларын қатар пайдалана отырып жасалған, заманауи талаптарға сай әрі ұлттық болмысты терең бейнелейтін ерекше мәдени өнім. Оның көркемдік сапасы мен мазмұны әлемдік анимациямен бәсекелесе алатындай деңгейде жасалған.
Фильмнің негізгі мақсаты – өскелең жас ұрпаққа қазақ халқының бай мұрасын, оның ішінде халық ертегілеріндегі кейіпкерлер арқылы ұлттық дүниетаным мен адамгершілік қағидаттарын насихаттау. Балалар Ертөстік, Көлжан, Айдаһар сынды бейнелер арқылы ертегілер әлеміне еніп, батырлық, достық, адалдық, табандылық сынды қасиеттерді бойына сіңіреді. Мұндай көркем туындылар арқылы жас көрермен өз халқының ертегі әлемімен, кейіпкерлерімен, ұлттық болмысымен танысып, рухани тұрғыда баи түседі.
Сабақ барысында мультфильм көрсетіліп қана қоймай, балалармен еркін форматта сұхбат ұйымдастырылып, көргендері бойынша ой бөлісуге мүмкіндік берілді. Оқушылар фильмнен алған әсерлерімен бөлісіп, өздеріне ұнаған кейіпкерлер жайлы айтып, олардың мінез-құлқына сипаттама беріп, ертегі мен қазіргі өмір арасындағы байланысты түсінуге тырысты. Осындай талқылаулар баланың ойлау қабілетін дамытып қана қоймай, ұлттық мәдениетке деген қызығушылығын арттыра түсетіні сөзсіз.
Соңында балаларға мультфильмдегі көтерілген тақырыптар негізінде түрлі сұрақтар қойылып, шағын викторина ұйымдастырылды. Жауап берген балаларға мадақтамалар мен тәтті сыйлықтар таратылып, олар көтеріңкі көңіл-күймен лагерь күнін жалғастырды. Бұл танымдық шара балалар үшін қызықты да, мазмұнды болып, олардың ұлттық сана-сезімін оятуға ықпал етті.
Осындай шаралар арқылы балалар тек экран алдында уақыт өткізіп қоймай, ұлттық рух пен мәдениеттің қадірін түсініп, өз болмысын танып, қазақ ертегілеріндегі тәрбиелік мәнді тереңінен ұғына бастайды. Сондықтан да, отандық мультфильмдердің саны мен сапасын арттыру – бүгінгі күннің маңызды міндеттерінің бірі болып қала береді.
