• Вс. Ноя 24th, 2024
Популярные метки

ШЫМКЕНТТІКТЕР БІРЛІК МЕРЕКЕСІН ТОЙЛАДЫ

Автор:admin

Май 1, 2023
Spread the love
Бүгін 1 мамыр — Қазақстан халқының бірлігі күні. Бұл күн қала тұрғындары Қиял әлемі саябағына жиналып, достық пен ынтымақты дәріптейтін мерекені думандатып тойлады.
Саябаққа келген қонақтар киіз үйлерде Қазақстан халқы Ассамблеясының этнос өкілдерінің салт-дәстүрінен сыр шертетін көрмесін, ART Sport үйірмесі шәкірттерінің қылқаламынан шыққан туындыларын тамашалады. «Бірлігіміз жарасқан» деп аталатын салтанатты іс-шараға қала әкімі Мұрат Әйтенов қатысып, тұрғындар мен қонақтарды бірлік күнімен құттықтады.
— Жуырда Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІ сессиясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың бірлігі бекем болса, экономикалық даму, бейбітшілік пен тұрақтылық бар екенін айтып өтті. Елімізде өмір сүріп жатқан барлық этнос өкілдері өз болашағын Қазақстанмен байланыстырады және оның өркендеуі үшін аянбай еңбек етіп келеді. Біздің жалғыз отанымыз бар. Ол — Қазақстан. Бейбіт күнде, шаттыққа толы Бірлік күні құтты болсын!, — деді Мұрат Дүйсенбекұлы.
Мереке концерттік бағдарламамен жалғасын тапты. Шымкент қаласының өнерпаздары хореграфиялық композициясы арқылы түрлі этностардың ұлттық ән мен биінен шашу шашты.
Концерттік бағдарламада көрермендер арасында сахнадағы орыс халқының әніне билеген Арина Ципихина елді ерекше тамсандырды. Алты жастағы шымкенттік балғын анасымен бірге бүгінгі мерекелік бағдарламаны тамашалауға келген екен.
— Бүгін саябақта керемет концерт өтіп жатыр. Әдемі ән қойылса билегім келіп тұрады. Орыс, қазақ және түрлі ұлттың әніне билегенді ұнатамын, – дейді Арина.
Мерекелік кеште Шымкент қалалық мәдениет үйі өнерпаздары және «Айгөлек», «Шамсинур»,«Еркетай», «Қаракөз», «Би таңы», «Қазына» би ансамблдері, «MEIR» балет мектебі және «Светоч» хоры өнер көрсетті.
Айта кетейік, Бүгін 1 мамыр — Қазақстан халқының бірлігі күніне орай, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелеріне куәліктерін тапсыруға арналған салтанатты рәсім өтті. Оған Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарма басшысы Мұратжан Шотанов қатысты. Басқарма басшысының қолынан куәлік алған азаматтардың қатарында қаладағы этномәдени бірлестіктердің жетекшілері, еңбек ардагерлері мен қалалық мәслихаттың депутаттары бар.

Автор: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика