Еңбекші ауданы полиция басқармасының қызметкерлерінің қатысуымен Жастар ресурстық орталығында жастарды саналы отбасылық некелі өмірге дайындау, ойланбай қарым-қатынасқа түсудің алдын алу мақсатында Авимед көпсалалы колледжінің студенттерімен кездесу өтті, деп хабарлайды r-factor.kz ақпарат агенттігі.
Іс-шараның мақсаты жастарды саналы отбасылық некелі өмірге дайындау, саналы көзқарас қалыптастырып, дұрыс бағыт-бағдар беру, ойланбай қарым-қатынасқа түсудің алдын алу, жақсы әке мен ана болуға дайындау. Сонымен қатар, бүгінгі жастардың саналарында қалыптасқан жақсылық пен жамандықты ажырата алуға, өмірдегі шындыққа саналы жауапкершілікпен қарауды үйренуге бағыттайды.
Кездесуді Еңбекші ауданы полиция басқармасының инспекторы полиция аға лейтенанты Төребай Әсела және Шымкент қаласы бойынша тәжірбиелі психолог Алдиев Ахатбай өткізді.
«Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көрсетілгендей, тұрмыстық зорлық-зомбылық — отбасы-тұрмыстық қатынастар аясында бір адамның басқаға (басқаларға) қатысты дене зардабын және (немесе) психикалық зардап келтіретін немесе келтіру қаупі бар құқыққа қарсы қасақана әрекеті (іс-әрекеті немесе әрекетсіздігі). Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға әлеуметтік, психологиялық, құқықтық және өзге де көмек көрсету, отбасы мүшелерін әлеуметтік оңалту, отбасындағы жанжалды жағдайларды шешуге жәрдемдесу, тұрмыстық зорлық-зомбылық жасаған отбасы мүшелерінің мінез-құлқына әлеуметтік бақылауды жүзеге асыру жөніндегі шаралар жүйесі арқылы қол жеткізіледі, зорлық-зомбылық құрбандарының отбасы мүшелерін баспанамен қамтамасыз ету. Кез келген адам зорлық-зомбылыққа ұшырауы мүмкін, бірақ зорлық-зомбылыққа отбасында әйелдер мен балалар жиі ұшырайды. Тұрмыстық зорлық-зомбылық физикалық, психологиялық, жыныстық және экономикалық зорлық-зомбылық түрінде болуы мүмкін. Күш көрсету зорлық-зомбылығы — дене күшін қолданып, денені ауыртып денсаулыққа қасақана зиян келтіру. Психологиялық зорлық-зомбылық — адамның психикасына қасақана әсер ету, оны қорқыту, қорлау, бопсалау немесе құқық бұзушылықтарды немесе өмірге немесе денсаулыққа қауіп төндіретін, сондай-ақ психикалық, дене және жеке басы дамуының бұзылуына әкелетін әрекеттерді жасауға мәжбүрлеу (еріксіз көндіру) арқылы ар-намысы мен абыройын кемсіту. Сексуалдық зорлық-зомбылық — адамның жыныстың тиіспеушілігіне немесе жыныстық еркіндігіне қауіп төндіретін құқыққа қарсы қасақана іс-әрекет, сондай-ақ кәмелетке толмағандарға қатысты сексуалдық сипаттағы іс-әрекеттер.