Мегаполис полицейлері жасөспірімдер арасында нашақорлықтың алдын алуға бағытталған арнайы профилактикалық іс-шараларды ұдайы түрде өткізеді.
Осылайша, тәртіп сақшылары А.Бокейханов атындағы №2 жалпы орта білім беретін мектептің оқушыларына есірткінің зияндығы мен қауіп-қатерін, нашақорлыққа шалдығудың салдарын және есірткінің заңсыз айналымымен байланысты құқық бұзушылықтар үшін белгіленген жауапкершілікті түсіндіріп, салауатты өмір салтын ұстану қажеттілігі туралы еске салды.
– Қазіргі уақытта нашақорлық қоғамдық ауқымдағы маңызды мәселе болып тұр. Жастар арасындағы нашақорлықтың алдын-алудың бір жолы түсіндірме жұмыстарын жүргізу болып табылады,-дейді құқық қорғаушылар.
Өз кезегінде оқушылар зиянды әдеттерден аулақ болып, салауатты өмір салтын ұстанып, бос уақытында пайдалы істермен айналысуға, спортпен шұғылдануға шақырды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында есірткі қылмысын еліміздегі өзекті мәселелердің бірі ретінде атап өтіп, әсіресе оның жастар арасында белең алуына қарсы күрес жүргізуді күшейтуді тапсырды. Елімізде 2023-2025 жылдарға арналған есірткі бизнесіне қарсы күрестің ведомствоаралық ауқымды кешенді жоспары әзірленіп, бекітілді.
Ресми статистикаға сүйенсек, еліміз бойынша есірткі тұтынушылар саны азайғанымен, синтетикалық есірткіге тәуелділер қатары көбейген. Қазіргі таңда синтетикалық есірткі немесе психотропты заттар жастар арасында көп қолданылатындығы анықталып отыр. Мәселен, елімізде дәстүрлі есірткі заттарын тұтынушылардың орта жасы 40-45 жас аралығы болса, синтетикалық есірткі пайдаланушылар негізінен 30-35- тегі, ал ұшпа ерітінділерді 20-25-тегі жастар тұтынатын көрінеді.